Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
2021 жылғы 17 маусымдағы №ДС-219 депутаттық сауалға ҚР ІІМ жауабы

№ исх: 1-30-10-2-271/2651-Д   от: 16.07.2021

№ вх: 3342-1/ДС-219   от: 19.07.2021

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan»  партиясы фракциясының мүшелері

Б.С. Смағұлға, Ә.М. Әбсеметоваға

2021 жылғы 17 маусымдағы №ДС-219 хатқа

Құрметті Бақытбек Смағұлұлы, Әлия Маратқызы!

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар үшін сотталғандармен жүргізіліп жатқан жұмысқа қатысты Сіздің сұрауыңызды қарап, мынадай ақпарат жолдайды.

Қосымша: 12 парақта.

Құрметпен,

Министрдің міндетін атқарушы                                                                М. Қожаев

Орын.:Б.Ахмеджанов

Тел.:72-30-74


Қосымша

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің және «Пробация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес пробация қызметінің (бұдан әрі – ПҚ) міндеттері бас бостандығынан айырумен байланысты емес заңмен айқындалған жаза түрлерін орындау, оларға бақылауды жүзеге асыру, құқыққа бағынушылық мінез-құлқын түзету және қалыптастыру, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ жазасын өтеп жатқан адамдарды босатуға дайындауға қатысу болып табылады

Қолданыстағы заңнамада сотпен жүктелген міндеттерді сотталғандардың орындауын бақылау, олардың тұрғылықты жерін, жұмыс және оқу орнын тексеру, профилактикалық әңгімелер жүргізу үшін пробация қызметіне шақыру арқылы  жүзеге асырылатыны қарастырылған.

Жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауға бейім сотталғандарды анықтау мақсатында ПҚ оларды жасау тәуекелін бағалайды, тексерулер санын ұлғайтады.

Сот жүктеген міндеттерді сақтағысы келмейтін сотталғандарға қатысты жазбаша ескерту түріндегі жаза қолданылады, ал қайта бұзушылық жасаған жағдайда, бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселелерді шешу үшін материалдар сотқа жолданады.

Сонымен, ағымдағы жылғы 6 ай ішінде жазаны ауыстыру және күшін жою бойынша сотқа 3267 материал жолданды, оның ішінде 1541-і қанағаттандырылды.

Бұл сотталғандар тарапынан жаңа қылмыс жасауының алдын алу үшін әсер ету әдісі болып табылады.

Пенитенциарлықтан кейінгі пробация шеңберінде ПҚ қызметкерлері сотталғандардың жеке басын, денсаулық жағдайын, білім деңгейін, тұрғын үйінің бар-жоғын зерделейді, сондай-ақ жеке бағдарлама жасау үшін қажетті өзге де мәліметтерді жинайды.

Бүгінгі таңда ПҚ штат саны 1430 бірлікті құрайды, оның ішінде 56-сы психологтар.

Ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ПҚ есебінде бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталған 32025 адам тұрды, оның ішінде 311-і кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс (бұдан әрі – КТЖТҚҚ) үшін сотталғандар, олардың 49-ы жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырылып (16.07.1997 жылғы Қылмыстық кодекске сәйкес), бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар.

Осы қылмыс бойынша жазасын өтеушілермен оңалту жұмыстарын жүргізу жөніндегі арнайы бағдарламаларға және тиісті мамандардың бар-жоғына қатысты.

Аталған санаттағы адамдармен жұмыс жасау бойынша арнайы бағдарламалар көзделмеген. Әлеуметтік бейімдеу, қайта әлеуметтендіру және реинтеграциялау жөніндегі іс-шаралар кешені, жасалған қылмыстың санаттары мен түрлеріне бөлмей, барлық сотталғандарға бірдей жүргізіледі.

Сонымен бірге, бұл санаттағы адамдармен жүргізілетін жұмыстар диагностикалық және түзету жұмыстарын жүргізу тәртібі айқындалған «Күдіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды мекеменің профилактикалық есебіне қою және олармен жұмыс жүргізу алгоритміне» сәйкес жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда, Орталық Азиядағы PRI Халықаралық түрме реформасы өкілдігімен «Педофилдермен» жұмыс істеу жөніндегі әдістемелер әзірлеу жөніндегі жобаны іске асыру, сонымен қатар, қылмыстық-атқару жүйесінің (бұдан әрі – ҚАЖ) психологтарымен нақты бағыттар бойынша тәжірибелік сабақтар өткізу туралы мәселе пысықталуда.

Бірқатар еуропалық елдерден шетелдік сарапшы-психологтарды шақыра отырып, әзірленген құралдарды пайдалану бойынша тиісті тренингтер, семинарлар өткізу жоспарлануда.

Сондай-ақ, «Пробация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатқан, жаза мерзімін өтегенге дейін бір жыл қалған сотталған адамға қатысты қайта әлеуметтендіру ҚАЖ мекемесінің әкімшілігімен бірлесе отырып                әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету нысанында, пенитенциарлық пробация шеңберінде жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта ҚАЖ мекемелерінде 2 336 сотталған адамға, оның ішінде КТЖТҚҚ үшін сотталғандарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын іске асыру жүзеге асырылуда («Бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу қағидалары» ҚР ІІМ 13.08.2014 жылғы №508 бұйрығы).

Бағдарламаға барлық қызметтер: еңбек және тұрмыстық орналастыру инспекторлары, жасақ бастықтары, медицина қызметкерлері, психологтар,             ПҚ қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық бірлестіктер енгізілген.

Сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу оларды түзетуге, заң талаптарын сақтауға, еңбекке, білімін, мәдени деңгейін арттыруға, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету бағдарламаларына қатысуға ұмтылысын нығайтуға бағытталған, ол түзеу мекемесінің түрін, жаза мерзімін және ұстау жағдайларын ескере отырып, сараланған түрде жүргізіледі.

Анықтама: ҚАЖ мекемелерінде 29 061 сотталған жазасын өтеп жатыр, оның ішінде 1854-і КТЖТҚҚ үшін сотталғандар.

Сотталғандар арасындағы тәрбие және идеологиялық жұмыста қолданылатын тәсілдерге қатысты.

Сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу кезінде қосымша білім алуға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, интеллектісін арттыруға және ой-өрісін кеңейтуге ықпал ететін бос уақытты ұйымдастырудың әртүрлі нысандары мен әдістері (конкурстар, концерттер, турнирлер, викториналар) пайдаланылады.

Бұл жұмысқа жастар саясаты, мәдениет, діни бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың өкілдері тартылады.

2021 жылы 4 мыңнан астам жаппай мәдени және спорттық іс-шаралар өткізілді.

Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері белсенді түрде тартылады, олардың қатысуымен 7 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 18 мыңнан астам сотталғандар қамтылды.

Мекеме психологтары мынадай іс-шаралар кешенін: психодиагностикалық (жыныстық тәуелділікті анықтау), жеке психокоррекциялық жұмыстар (арт-терапия техникасын, релаксация жаттығуларын пайдалану); дәрістер және тренингтер түріндегі топтық психопрофилактикалық іс-шаралар (дағдыларды үйрету, агрессия мен мазасыздық деңгейін төмендету); жеке консультациялар мен әңгімелесулер (орын алған қиындықтар мен жағымсыз тәжірибелерді анықтау) жүргізеді.

Психопатологиялық белгілер анықталған кезде сотталғандар одан әрі жұмыс істеу үшін психиатрға жіберіледі.

ҚАЖ мекемелерінде психологиялық қызмет жүйесінің деңгейін арттыру бойынша қабылданған шараларға қатысты.

Психолог-мамандардарды даярлау Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының базасында жүзеге асырылады. 2006 жылдан бастап «Педагогика және психология» мамандығы бойынша 171 психолог-маман оқуларын аяқтады, жұмыс істеп тұрған 208 пенитенциарлық психолог біліктілігін арттыру курсынан өтті.

Сонымен бірге, мекеме психологтары М.Нәрікбаев атындағы «ҚазМЗУ университеті» АҚ базасында басқару, қауіпсіздік және арнайы бағдарламалар академиясында халықаралық деңгейдегі мамандардан білім алады.

2021 жылы психологтарды «Психологиялық кеңес берудегі Профайлинг» тақырыбы бойынша оқытуға республикалық бюджеттен 25 млн. 380 мың теңге бөлінді.

Аталған университетте 2012 жылдан бастап пенитенциарлық психологтар (штат бойынша барлығы – 208, оның ішінде аттестатталған – 100, ерікті               жалдамалы – 108) жыл сайын: «Постстресстік жағдайларда сотталғандарға психологиялық консультация беру», «Сотталғандар арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу», «Сотталғандардағы тәуелді мінез-құлықтың (маскүнемдік, нашақорлық, құмар ойындар, діни культтер) алдын алу және т.б. тақырыптар бойынша оқытудан өтеді.

Сотталғандарды жұмысқа орналастыру бойынша енгізілген жаңа тәсілдерге қатысты.

ҚАЖ мекемелерінде 11 мыңнан астам сотталған немесе олардың еңбекке жарамды санының 49% ақылы жұмысқа орналастырылды.

ҚАЖ саласындағы өндірістік қызметті құрамына 17 филиал кіретін «Еңбек» және «Еңбек-Өскемен» РМК жүзеге асырады, онда 3970 адам жұмысқа орналастырылған.

Бүгінгі күні 243 шағын және орта бизнес субъектісі тартылып                    (75874 шаршы метр жер көлемі берілді), кәсіпорындарда 3548 сотталған жұмысқа орналастырылды.

Жыл басынан бері 89 кәсіпкерлік субъектісі өз өндірісін ашып, онда 851 сотталған (темір-бетон бұйымдарын, құрылыс материалдарын, қоқыс бактарын, тігін бұйымдарын, асханаларға арналған жабдықтарды дайындау, ет өнімдерін ыстау, ауыл шаруашылығы өнімдерін консервілеу, ағаш және металл өңдеу және т.б.) жұмысқа орналастырылды.

Сонымен бірге, өндірістік және ақшалай салымдарды жүзеге асыру құқығымен «Еңбек» және «Еңбек-Өскемен» РМК мен жеке кәсіпкерлердің бірлескен өндірісін (консорциумын) ашу мәселесі пысықталуда.

РМК мен «Қазақстан құрылысшылар одағы» Республикалық заңды тұлғалар бірлестігі арасында құрылыс материалдары мен бұйымдарын (кірпіштер, көбік-газ блоктары, металл есіктер мен қоршаулар) өндіру жөнінде меморандум жасалды.

Қауіпсіздігі барынша төмен мекеменің сотталғандары, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және Нұр-Сұлтан қаласының пробациялық бақылауындағы адамдар үшін 120 жұмыс орнына есептелген жаңа эксперименттік тігін цехы құрылды.

Бұдан басқа, Үкіметтің қаулысымен бекітілген Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарында (11.06.2021 жылғы №405) сотталғандарды жұмыспен қамту және олардың әлеуметтік бейімделуі үшін жағдайларды кеңейтуді көздейтін заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі                    іс-шаралар көзделген.

КТЖТҚҚ үшін сотталып, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдардың қайта құқық бұзушылық жасауының алдын алу мақсатында, оларды тұрғылықты жері және жұмыс орны бойынша бақылау жүзеге асырылады.

Оларға соттылық мерзімі өтелгенге дейін әкімшілік қадағалау белгіленеді («Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы).

Әкімшілік қадағалау қайталап қылмыс жасаудың алдын алу нысаны болып табылады және оны сот қаулысы негізінде, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, белгілі бір шектеулер белгіленген адамдардың              мінез-құлқына бақылау орнату түріндегі мәжбүрлеу шарасы ретінде, олардың тарапынан құқық бұзушылықтар жасалуының алдын алу мақсатында ІІО жүзеге асырылады және әкімшілік қадағалау сотталғанның өмір салты мен                    мінез-құлқына байланысты жеке белгіленеді.

Анықтама: тыйым салудың мынадай түрлері белгіленеді: тұрғын үйден белгілі бір уақытта кетуге; ауданның (қаланың) ІІО-ның белгілі бір орындарында болуға; ІІО-ның рұқсатынсыз ауданнан (қаладан) тыс жерлерге шығуға; кәмелетке толмағандардың              ата-аналарының не заңды өкілдерінің келісімінсіз оларды іздестіруге, баруға, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілмен қарым-қатынас жасауға; алкоголь, есірткі және психотроптық заттарды тұтынуға тыйым салу.

Қадағаланушыға қойылатын шектеулер тізбесі ІІО-ның дәлелді ұсынысы бойынша сотпен қысқартылуы немесе толықтырылуы мүмкін.

Бұл ретте, сот шектеулерін орындамаған жағдайда қадағаланушы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің             480-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады (әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы бұзу).

Қазіргі таңда ішкі істер органдарының есебінде КТЖТҚҚ үшін сотталып, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 60 адам тұр (сотталғандарға жаза мерзімін өтегеннен кейін әкімшілік қадағалау белгіленді).

Бұл ретте, ІІО және ПҚ әкімшілік қадағалау ережелерін бұзатын есепке алынғандарға қатысты электрондық бақылау құралдарын (білезіктер) қолдануға құқылы (ІІМ-нің 2005 жылғы 11 ақпандағы № 97 бұйрығы).

Жазаны өтеу тәртібін бұзатын ПҚ есебінде тұрған сотталғандарға қатысты электрондық білезіктер (есептегі адамдардың жалпы санының шамамен 10%) және оң сипатталатын адамдарға смартфондар пайдалану көзделіп отыр.

2021 жылға 2 562 электронды білезік және 1 418 планшетті жалға алу бойынша ақша қаражаты (153 млн. теңге) қолдау тапты.

Қазірден бастап есепке алынған адамдар санатына қатысты бақылау құралдарын қолдану тәртібін регламенттейтін ведомстволық нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.

Өңірлердің полиция департаменттері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, ІІО-да әкімшілік қадағалауда тұрған адамдар үшін электрондық бақылау құралдарын сатып алу мәселесін пысықтауда.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2019 жылғы 5 маусымдағы тапсырмасын орындау үшін (БП, ІІМ, БҒМ, Еңбекмині, АҚДМ, Әділетмині, ДСМ) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне, тұрмыстық                  зорлық-зомбылыққа және балаларға қатыгездікпен қарауға қарсы қылмыстардың алдын алу және профилактикасы жөніндегі іс-қимылдардың 2019-2023 жылдарға арналған ведомствоаралық жоспары бекітілді.

Жоспарда аталған саладағы заңнамалық, ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралар көзделді.

Жалпы министрлік жаңа қылмыстардың алдын алуға және оған жол бермеуге, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстары үшін сотталғандар арасында оңалту, тәрбие және идеологиялық жұмыстар жүргізуге, оларды жұмысқа орналастыруға және                                   ҚАЖ мекемелерінде психологиялық қызмет жүйесінің деңгейін арттыруға бағытталған қажетті шараларды қабылдауда.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі