Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Депутаттық сауал

2022 жылдың 13 сәуірінде жарияланды

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

Е.Л. Тоғжановқа

Депутаттық сауал

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Біздің депутаттық сауал жолдауымызға Семей ядролық сынақ полигонының салдарынан зардап шеккен ардагерлердің  көптеген өтініштері негіз болып отыр.

Қазіргі таңда осы ядролық сынақтан зардап шеккендердің ішінде ауруға шалдыққан азаматтардың саны артуда, олар әсіресе ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қатерлі онкологиялық, жүрек-қан тамырлары аурулары болып отыр.

Алайда, мемлекет тарапынан осы азаматтарға жеңілдіктер мен жәрдемақылар беру мәселесі бүгінгі күнге дейін оң шешімін таппай отыр.

Нақты айтқанда, мәселе әскери борышын өтеу кезінде Семей полигонындағы ядролық қару сынақтарының зардаптарына тікелей ұшыраған Қазақстан Республикасының азаматтарына, аса қауіпті бөлімше ардагерлеріне қатысты.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сәйкес Семей ядролық сынақ полигонында әскери қызмет (оның ішінде мерзімді) өткерген Қазақстан Республикасы азаматтарының саны 9646 адамды құрайды.

 «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабына сәйкес Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар жатады.

Бірақ, ядролық сынақтың зардаптарына тікелей ұшыраған адамдар болып табылатын сол кездегі әскери борышын өтеуші тұлғалар бұл тізімге жатпайды.

Оған қоса, осы Заңның 9-бабына сәйкес Ардагерлердің мәртебесi ядролық сынақтарға тiкелей қатысуды растайтын анықтамалардың, әскери билеттердiң және өзге де құжаттардың, жаралану, мүгедектiк туралы анықтамалардың, сот-медициналық қорытындылардың негiзiнде белгіленеді.

Алайда, ядролық жарылыс кезеңінде әскери борышын өтеушілер ұсынатын әскери билеттерде азаматтардың әскерде болған уақыты мен борышын өтеген әскери бөлімше атауы көрсетіледі, ал тікелей ядролық сынаққа қатысқандығы туралы ақпарат берілмейді.

Бұл мәселе бойынша Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сәйкес «Азаматтардың аса қауіпті бөлімшелерінің іс-қимылдарына тікелей қатысуы Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатының анықтамасымен расталады» деп ресми мәлімдейді.

Бұл талап орындалмайтындығы белгілі.

Өйткені, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауабында «31600 әскери бөліміне бағынатын және Семей ядролық сынақ полигонына жақын орналасқан әскери бөлімдерде қызмет өткерген азаматтардың ядролық сынаққа тікелей қатысқанын растайтын құжат Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің № 51105 әскери бөлімінде (141300, Мәскеу облысы, Сергиев қ., Посад-7) сақталған Семей ядролық сынақ полигоны радиациялық қауіпсіздік қызметінің журналдары болып табылады.

Көрсетілген журналдарда белгіленген тәртіппен Семей ядролық сынақ полигонының тәжірибелік өрістеріне жіберілген жеке құрамның сәулелену дозасы және есепке алу туралы ақпарат бар.

Демек, біздің еліміздегі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатында, сонымен қатар жергілікті әскери басқару органдарында азаматтардың ядролық қару сынақтарына тікелей қатысу фактілері туралы ақпарат жоқ» деп көрсетілген.

Осыған орай, ұзақ жылдар бойы толассыз өтініштер жолдап отырған ардагерлерден ядролық сынақтарға тікелей қатысуды растайтын анықтамасын алу мүмкіндігін қарастыру бойынша іс-шаралар тиісті органдар тарапынан атқарылмаған.

Нәтижесінде, ядролық сынақтарға тікелей қатысқан тұлғаларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны алу мәселесі бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгінген кезде өтініш берушілер, міне, ұзақ жылдар бойы, анықтама тапсыруды талап ететін (алдын ала ол анықтаманы ала алмайтынын біле тұра) жауаптар алып келеді.

Бұл ретте, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi мен Қорғаныс министрлiгiнiң бiрлескен iс-әрекетi арқылы қажеттi мәлiметтер алудың қолайлы механизмдерін әзiрлеуге болатын еді.

Алайда, уәкілетті органдар жылдар бойы ардагерлермен хат алысып, түрлі себептермен мәселені түбегейлі шешуден бас тартып, сол арқылы олардың депутаттарға келіп шағымдануын туғызуда.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Ералы Лұқпанұлы, Сізден аса қауіпті бөлімшелердің ардагерлеріне қатысты әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру бойынша жедел шаралар қабылдауыңызды сұраймыз.

Депутаттық сауалды қарау нәтижесі бойынша заңмен белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

Мәжіліс депутаты,

«AMANAT» партиясы

Фракциясының мүшелері                                                Б. Смағұл

             Б. Кесебаева

             Д. Колода

             А. Қожахметов

«Ақжол» партиясы

Фракциясының мүшесі                                                     Б. Дүйсенбинов