Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Қазалы ауданында Сырдария өзені арқылы өтетін көпір салу туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

Е.К. Жамаубаевқа

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

Б.Б. Атамқұловқа

Қызылорда облысының Қазалы ауданының халқымен кездесу барысында осы аудандағы жол қатынасы бойынша проблемалық мәселесімен таныстым.

Осы ауданның Бірлік, Өркендеу, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Ажар, Тасарық және Кәукей мекендерінде 15 мыңнан астам халық тұратын тұрғындары аудан орталығы Әйтеке би кентіне күнделікті қатынас жасайтын негізгі күре жолды Сырдария өзені бөліп тұр. Жол қатынасы арнайы қалқымалы қайық арқылы қамтамасыз етіліп келеді.

Алайда, көктем және қыс айларында Сырдария өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне және жауын-шашынның болуына байланысты қалқымалы көпір алынып, жол қатынасы бірнеше ай бойы тоқтайды. Бұл кезде көлік қатынасы ұзақтығы 100 шақырымнан астам айналма жол арқылы жүруге мәжбүр болады (Басықара плотинасы арқылы).

Осындай қиыншылықтар мен аудан халқының өтініштері ескеріле отырып, 2021 жылы Қазалы ауданының аудандық маңызы бар «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» автомомбиль жолының 16 км-де Қарлан учаскесінде Сырдария өзені арқылы өтетін көпір салуға жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытыныдысы алынды (25.06.2021  жылғы №01-0339/21). Жобаның сметалық құны – 4 484,7 млн. теңге.

Облыс бойынша халық саны жоғары және кәсіпкерлік қарқынды дамып келе жатқан Қазалы ауданының проблемалық мәселесін шешу мақсатында Сіздерден көпірдің құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін 2022 жылы республикалық бюджеттен 4 484,7 млн.теңге қаржы бөлу мәселесін қарауды сұраймын.

Қосымша: анықтама 1 бетте.

Құрметпен,

Мәжіліс депутаты                                                                   Б. Смағұл


ЖАУАП:

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаты

Б. Смағұлға

2021 жылғы 28 қазандағы  № 6-11-1012 депуттатық сауалға

Құрметті Бақытбек Смағұл!

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қызылорда облысы Қазалы ауданының «Қазалы-Қожабағы-Бозкөл-Кәукей» аудандық маңызы бар автомобиль жолының Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысына қатысты Сіздің депутаттық сауалыңызды қарап, келесіні хабарлайды.

Тұтастай алғанда, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Қызылорда облысының автомобиль жолдарының сапасын жақсарту үшін жалпы сомасы 6 875 201 мың теңге шығыстар жоспарланған, оның ішінде:

- 2022 жылға – 3 218 461 мың теңге, оның ішінде:

- Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды салуға және реконструкциялауға 966 148 мың теңге;

- Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 2 252 313 мың теңге.

- 2023 жылға – 328 370 мың теңге;

- 2024 жылға – 3 328 370 мың теңге.

2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде осы жобаны іске асыруға арналған шығыстарды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер түрінде мәлімдеген жоқ.

Осыған байланысты, жоғарыда аталған жобаны іске асыруды бастауды қаржыландыру мәселесін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті ықтимал нақтылау шеңберінде, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі растайтын құжаттаманы ұсынғаннан кейін заңнамада белгіленген тәртіппен 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде жобаны қаржыландыруды жалғастыру мүмкін деп есептейміз.

Құрметпен,

Министр м.а.                                                             М. Сұлтанғазиев