Артқа
Сұрақтар мен жауаптар

Сұрақ

Өтініш хат. Мен, Кажмагамбетов Амитай 1923 жылы туған, Ақмола облысы, Степногорск қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері және II топтағы соғыс мүгедегімін. Осы қалаға келгенге дейін, Бестөбе кентінде «Казах Алтын» өндірісінде 44 жыл еңбек еттім. 29.03.2000 жылы 9 мамырда Степногорск қаласының әкімдігі 4 шағын аудан, №15 үй, № 39 пәтерді келісім - шарт бойынша берді. Осы берген пәтердің бұрынғы иесінің 20.03.2000 жылғы «пәтерден бас тарту хаты» бар болғандықтан, 2004 жылы жергілікті әкімдік осы пәтерді сот шешімі арқылы «Мемлекеттік тұрғын үй қорына» ауыстырды. 09.12.2004 жылғы Степногорск қаласының әкімдігінің қаулысымен «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан» осы пәтер қайтадан берілді. қала әкіміне осы пәтерді «жекешелендіру» туралы 2 рет өтініш білдіріп, қажетті құжаттарды 30.10.2006 жылы әкімдікке тапсырдым. Бірақ әкімнің орынбасарынан бұл мекен – жайдағы пәтерді тек сатып алу құқығы бар деген жауап келді. Сонда соғыс ардагері және мүгедегі пәтер сатып алуға қаржыны қайдан алмақ! «Бізге» деген Үкіметтің қамқоры осындай болған ба?! Қазіргі, Егеменді ел болып, тұрғын үй мәселесі жан-жақты шешіліп жатқанда, бір баспанаға ие бола алмаған жағдайға жетіп отырмын. Сіздерден осы жоғарыда аталған мәселені тексеріп, пәтерімді өз атыма жекешелендіріп беруге көмектесулеріңізді сұраймын. Хат жолдаушы А. Кажмагамбетов Степногорск қаласы 8-716-45-6-40-95 8-702-3155668


Жауап

Құрметті Амитай Кажмагамбетов ақсақал! Сіздің тұрғын үй мәселесі төңірегінде туындаған сұрақтарыңызды шешіп беру жөніндегі өтініш хатыңызды жан-жақты қарап шығып ол бойынша заңнама тұрғысынан мынаны атап өтеміз. «Жекешелендiру туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 1-бабына сәйкес жекешелендiру дегенiмiз - меншiк иесi ретiнде мемлекеттiң еркiмен осы Заңда белгiленген арнайы рәсiмдер шеңберiнде немесе ол анықтайтын тәртiппен жүргiзiлетiн, мемлекеттiк мүлiктi жеке тұлғалардың, мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың және шетелдiк заңды тұлғалардың меншiгiне сату. Осы заңның 12-бабының 1-тармағына сәйкес жекешелендіру мынадай түрлерде жүзеге асырылады: 1) аукцион, тендер, қор биржасындағы сауда-саттық, екі кезеңді рәсімдер жолымен өтетін конкурс, туынды бағалы қағаздарды сату нысанындағы сауда-саттықта сату; 2) тікелей бәсірелі сату. Осылайша, жекешелендiру дегенiмiз мемлекеттiк мүлiктi жеке тұлғалардың, мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың және шетелдiк заңды тұлғалардың меншiгiне сату деп түсіндіріледі. Алайда, жекешелендiру туралы заңның 3-бабының 3-тармағына сәйкес, мемлекеттiк ауыл шаруашылық кәсiпорындарын, сондай-ақ мемлекеттiк тұрғын үй қорының объектiлерiн жекешелендiрудiң ерекшелiктерi арнайы заңдармен реттеледi. Сондықтан, мемлекеттік түрғын үй қорын жекешелендіру процесінде туындайтын құқықтық қатынастар «Жекешелендіру туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан бөлек, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңымен, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шарттармен реттерінде қарастырылған, атап айтқанда: Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң және Қазақ кәсiподақтар кеңесiнiң 1989 жылғы 10 шiлдедегi № 211 қаулысы бекiткен азаматтарға пәтерлердi (үйлердi) жеке меншiкке сату және оларды күтiп ұстау және жөндеуге арналған шығындарды төлеу жөнiндегi типтiк Ережесiмен, Қазақ КСР Президентiнiң 1991 жылғы 13 қыркүйектегi қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасында мемлекет меншiгiн жекешелендiрудiң купонды механизмi туралы Ережемен, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 24 қаңтардағы № 66 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тұрғын үйдi жекешелендiру туралы Ережесiмен, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 3 ақпандағы "Мемлекеттiк тұрғын үй қорын алатын азаматтардың меншiкке құқығын рәсiмдеу тәртiбi туралы" және 1994 жылғы 3 қаңтардағы "1992 жылдың 1 қаңтарынан кейiн пайдалануға берiлген мемлекеттiк тұрғын үй қорын жекешелендiру тәртiбi туралы Ереженi бекiту туралы" қаулыларымен, 1995 жылғы 1 наурызынан жүзеге асырыла бастаған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiмен (Жалпы бөлiм) және басқалармен қарастырылған. Жалға алушылардың мемлекеттiк тұрғын үй қорынан үйлердi жекешелендiруге арналған заңдарымен белгiленген құқықтары мемлекеттiк басқару органдары мен жергiлiктi өкiлеттi және атқарушы органдардың құжаттарымен шектелмейдi. Мұндай құжаттар олар қабылданған күннен бастап заңсыз болып табылады және қолданылуы тиiс емес (АК-тiң 3 бабы 5 тармағы, Жалпы бөлiм). Азаматтарға Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" заң жүзеге асырыла бастағаннан кейiн мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берiлген үй-жайлар осы заңда көрсетiлген ретке және шарттарға байланысты жекешелендiруге жатады. "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Заңының (бұдан әрі - Заң) 3-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының тұрғын үй қоры мыналарды қамтиды: 1) жеке тұрғын үй қоры - азаматтар мен заңды тұлғаларға меншiк құқығымен тиесiлi, мемлекеттiк емес меншiк нысанына негiзделген тұрғын үйлер; 2) мемлекеттiк тұрғын үй қоры - меншiк құқығымен мемлекетке қарасты және жергiлiктi атқарушы органдардың қарамағындағы (мемлекеттiк коммуналдық тұрғын үй қоры) не мемлекеттiк кәсiпорын қарамағындағы (мемлекеттiк кәсiпорынның тұрғын үй қоры) тұрғын үйлер. Осы заңның 6-бабына сәйкес тұрғын үй қорын басқаруды меншiк иесi тiкелей, не өзi құратын (тағайындайтын, сайлайтын) органдар арқылы, сондай-ақ сенiм бiлдiрiлген адамдар арқылы жүзеге асырады. Сонымен қатар, осы заңның 12-бабының 4),8),10)-тармақшаларына сәйкес тұрғын үйге немесе оның бiр бөлiгiне меншiк құқығы мынадай негiздер бойынша: 4) жалға алушының мемлекеттiк тұрғын үй қорының үйiнде өзi тұратын тұрғын үйдi немесе тұрғын үй-жайды жекешелендiру (сатып алу немесе тегiн алу) жолымен меншiгiне алуы; 8) мемлекеттiң немесе заңды тұлғаның мемлекеттiк меншiк нысанына негiзделген тұрғын үйдi заңдарда белгiленген шарттармен өзқызметкерiнiң не өзге адамның меншiгiне беруi; 10) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынбаған басқа да негiздер бойынша пайда болады. Ал, 13-бапқа сәйкес, осы Заңда көзделген реттерде мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалға алушы, кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен, тұрғын үйдi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген шарттармен және тәртiппен жекешелендiруге құқылы. Демек, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 12-бабының 4) тармақшасында көрсетілгендей, тұрғын үйге немесе оның бiр бөлiгiне меншiк құқығы «Жекешелендiру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілгендей – сату арқылы ғана емес, сонымен қатар тегін беру арқылы да пайда болады. Оған дәлел ретінде, Қазақстан Республикасы министрлер кабинетінің 1992 жылғы 24 қаңтардағы «Қазақстан Республикасында Мемлекеттік тұрғын үй қорын жекешелендіру туралы ережені бекіту туралы» Қаулысындағы «Мемлекеттік тұрғын үй қорын жекешелендіру» түсінігін көрсетуге болады. Осы Қаулының жалпы бөлімінің 1-тармағына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорын жекешелендіру - азаматтар тұратын тұрғын үй-жайды ерікті негізде олардың меншігіне тегін беру және сату. Ал, Қаулының 6-тармағына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұрып жатқан тұрғын үй-жайды өтеусіз негізде меншігіне алу құқығына Ұлы Отан соғысына қатысушылар, I және II топтағы мүгедектер және де бірнеше белгілі санаттағы тұлғалар ие бола алады. Алайда, Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 67-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй оған мұқтаж, осы елдi мекенде тұрақты тұратын (тұру мерзiмiне қарамастан) және халықтық әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз топтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына берiледi. Яғни, жергiлiктi атқарушы орган - жалға беруші ретінде, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан 68-бапта көрсетілген халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын топтарына және 69-бапта көрсетілгендей, белгілі жағдайда тұрғын үйге мұқтаж деп танылған азаматтарға - жалдаушы ретінде тұрғын үйді тек қана иеленуге және пайданалануға ғана береді. Ал, жалдаушының тұрғын үйге билік ету құқығы пайда болу үшін 98-бапта көрсетілгендей, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз азаматтарға берiлетiн тұрғын үйдi жалдаушының тұрғын үй иесiнiң келiсiмiмен Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген ретпен және шарттармен жекешелендiруiне болады. Қорыта келе, Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңы азаматтардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттiк органдардың қатысуымен азаматтардың тұрғын үй саласындағы құқықтарының сақталуын және тұрғын үй қорының пайдаланылуын мемлекеттiк органдардың бақылауына байланысты қатынастарды реттейтiнін, сонымен бірге тұрғын үйге құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды сот шешетінін ескере отырып, бұл дауда соңғы нүктені қою үшін сотқа шағымданған дұрыс болып табылады. «Азаматтардың тұрғын үй-жайларды жекешелендiру жөнiндегi заңдарды соттардың қолдану тәжiрибесi туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1997 жылғы 18 шiлдедегi N 9 нормативтік қаулысына сәйкес, тұрғын үй-жайды жалдаушы мен отбасы мүшелерiнiң жекешелендiруден бас тартуына байланысты жекешелендiрудi жүзеге асырған соңғылар мен атқарушы органдар арасында азаматтық құқық туралы дау туатынын ескере отырып, мұндай адамдардың өтiнiштерi талап арыз өндiрiсi тәртiбiмен қаралады. Мұндай кезде даудың мәнi азаматтардың үй-жайды жекешелендiруге құқығы болып табылады, сондықтан мұндай өтiнiштер беру кезiнде мемлекеттiк баж салығы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 496-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетiлген мөлшерде алынуы тиiс. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 21 желтоқсандағы «Прокуратура туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының прокуратурасы өзінің қызметiнiң негiзгi бағыттарының бірі ретінде Конституция мен заңдардың үстем тұруын қамтамасыз ететін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының және Президентiнiң Жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәл әрi бiрыңғай қолданылуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын орган болғандықтан, пәтерді жекешелендіру мәселесінде жергілікті атқарушы биліктің заңға қайшы негізсіз бас тартуын анықтау мақсатында прокуратура органдарына арызданған жөн.