Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Тұрғын үй мәселесі бойынша

Абай облысында халықпен кездесулер өткізгенде кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі жиі көтерілді.

Бұл мәселе барлық өңірлерде өте өзекті болып тұр.

Уәкілетті органның ақпаратына сәйкес республика бойынша тұрғын үй кезегінде 647 мың адам тұр (28.01.2024ж.). Соның ішінде, Астана қаласында - 40 мың адам, Алматы қаласында – 43 мың адам, Түркістан облысында – 62 мың адам, Ақтөбе облысында – 36 мың адам кезекте тұр.

2024 жылға республикалық бюджеттен 5090 пәтерді салуға 69,3 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар, 7 522 пәтерден тұратын кредиттік тұрғын үйді салуға 87 млрд. теңге қарастырылған. Бұл кезекте тұрған адамдар санының 2% ғана тұрғын үймен қамтамасыз етеді.

Абай облысында 19 400 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Соның ішінде, Семей қаласында 14 000 адам. Семей қаласында және облыстың аудандарында азаматтарды қабылдағанда көптеген азаматтар тұрғын үй мәселесін шешуді сұрады. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың жағдайы қиын. Алған кредиттері бар, тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға мүмкіндігі жоқ, алғашқы жарнаны төлей алмайды. Сондықтан, тұрғын үй мәселесі жүйелі түрде шешілуі керек.

Жалпы, кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында Парламент Мәжілісі тиісті заңдарға өзгерістер енгізіп, жергілікті атқарушы органдарға салынған,дайын тұрғын үйлерді сатып алу құзыреті берілді. Енді осыған қаражат бөлінсе, кезекте тұрған адамдарға үй алу мүмкіндігі артады.

Сондай-ақ, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға сәйкес мемлекетке қайтарылған қаражаттың бір бөлігі кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге де жұмсалуы қажет.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында 730 мыңнан астам отбасы үшін қолжетімді бағадағы жаңа тұрғын үй салуды іске асыру қарастырылған.

Осыған байланысты, Сізден:

- республикалық бюджеттен тұрғын үй салуға,сатып алуға қосымша қаражат бөлу;

- заңсыз иемденілген активтердің мемлекетке қайтарылған қаражатының бір бөлігін тұрғын үй құрылысына және жаңа үйлерді сатып алуға жұмсау;

- тұрғын үй салуға бағалы қағаздар шығару арқылы қаражат тарту мәселелерін қарастыруыңызды сұраймыз.

Депутаттық сауалға заңнамада белгіленген тәртіпте жауап беруіңізді сұраймыз.