Әшімжанов
Жанарбек
Садықанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
07.07.2021 - Талдықорған қаласы

    Парламент Мәжілісіне Алматы облысынан сайланған әріптестерім 7-16 шілде аралығында бірнеше топқа бөлініп аймақтағы барлық аудандар мен қалаларда болып, ел-халықпен жүздеседі.

    Бүгін Талдықорған шаһарындағы сапарымыз Алматы облыстық партия филиалы төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталовпен кездесуден басталды. Кездесу барысында өңір басшысы аймақта атқарылып жатқан әлеуметтік жобалар туралы мұқият баяндап берді. Расында, “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасы мен "Жол картасында” көзделген негізгі басымдықтар белгіленген мерзімге сай жүзеге асырылуда.

    Түске дейін әріптестермен бірге Талдықорған қаласындағы №8 Н.Островский атындағы екі ауысымды орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, қала әкімінің орынбасары Сәуле Арзанбековаға құрылыс жұмыстарына қатысты сауалдарға жауап алды. Мәжіліс депутаттарын алаңдатқан мәселе – орта мектептің жаңа оқу жылына дейін әзір болуы, ұстаздардың біліктілігі және мектептің қауіпсіздігі мәселесі еді. Күрделі жөндеуге жауапты компания басшысы мектеп осы жылдың желтоқсан айында дейін әзір болатынына сендірді.

    Бұдан кейінгі барған нысанымыз – облыс орталығындағы №2 жылу қазандығы. Қалалық тұрғын-үй шаруашылық коммуналдық мекемесінің тапсырысы бойынша салынып жатқан жылу қазандықтары табиғи газбен қамтылмақ. Қала әкімдігінің ресми өкілі құрылыс-монтаждау жұмыстары 25 пайызға орындалғанын, жылыту маусымы, яғни 15-қазанға дейін толық бітетінін айтты. Жылу қазандығы экологиялық қауіпсіздік мәселесін толыққанды шешу үшін заманауи сұйық отынмен, газбен қамтылмақ. Мәжіліс депутаттары жылу қазандығының тұрғындар қажетін өтеуде маңызы аса жоғары екенін және жауапты мамандарға күрделі жөндеуге бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына партиялық бақылау жасалатынын ескертті.

    Түстен кейін депутат Жанна Телпекбаева екеуміз мемлекеттік органдардағы цифрландыру жүйесінің дамуы мен аймақтағы әділет департаментінің заңнама, құқықтық бағыттағы атқарып жатқан жұмыстарымен таныстық. Алматы облысы ІІБ-ның басшысы, генерал Серік Күдебаев осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндап берді. Сондай-ақ, ішкі істер саласындағы шешімін таппай жатқан мәселелер мен қылмыстың алдын алу бағытында тың жобалар төңірегінде де сөз болды. Халықтың арқасын аяздай қарып тұрған жайт - мал ұрлығы мен тал түсте тоналып жатқан баспаналар. Ашығын айту керек, қоғамда мұндай қылмыстардың ашылу коэффициенті де төмен. Қылмыстардың ізі суымай ашылмағанына ел де наразы. Сала басшысы осындай олқылықтардың алдын алу үшін бірнеше жобаның қолға алынғанын нақты мысалдармен келтірді.

    Талдықорған қаласының іргесіндегі биыл ғана пайдалануға берілген Еркін елдімекеніндегі аурухананың жағдайымен де таныстық. 18 мың тұрғынға қызмет көрсетіп жатқан аурухананың да түгенделмей жатқан ауы мен бауы бар екен. Сенімді басқаруға берілген емхананың басты мәселесі - кәсіби мамандардың тапшылығы. Мекеме меңгерушісі жасырып, жаппай, шешімін таппай жатқан түйткілдердің бар екенін айтты.

#deputatnurotan