Әшімжанов
Жанарбек
Садықанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
08.07.2021 - Алматы облысының Көксу ауданы

    Көксу ауданы өзіне шақ тіршілігі бар аудан ғой. Біраз мекеме, орындарды араладық. Кәсіп жасап жатқан адамдармен кездестік. "Өйттік, бүйттік, сирақты үйттік" деп әлеуметтік желіні ақжем қыла бермейік.

    Рахым Кәрімов дейтін азамат бар екен. Сүт фермасының қожайыны. Өмірдің соқпағы жетелеп отырып осы салаға әкеліпті.
    Жап-жас жігіт. IT саласының маманы екен негізі. Ғылым кандидаты. Заманында Мәскеуге жұмысқа шақырған екен. "Туған елге қызмет етпесек несіне ұл болып тудық" дейді. Бұған дейін қант зауытының дирекоры болыпты. Сосын ойлана келе жеке кәсіпке көшкен. “Каримов” дейтін компания құрған. Германиядан 400 бас сиыр сатып әкелген. Сүтті сиырлар. Үкіметке иек артқан. Субсидияға! Белгілі деңгейде үміті ақталған, пайызға шаққанда 30-35 пайызға. Әр сиырдың құны 1,5 миллион теңгеге түскен. Арнайы аппараттар сатып алған, 4 бірдей робот арқылы қысы-жазы орнынан қозғалмайтын, жайылымға шықпайтын, күніне 30-35 литр сүт беретін жануардың бабын тауып, өзі басшы, өзі ветеринар,өзі робот маманы, өзі ауыл шаруашылық маманы... қысқасы қызыл аяқ қыр, жалаң аяқ жар кешіп еңбек етіп жүрген азамат. Елімізді Президенті де, премьері де шарушылығында болған екен. Тіршілігін көзімен көрген екен. "Ауыл шаруашылығын басқарған Асқар Мырзазметов деген кісіге мың да бір рахмет, біздің жанымызды сол кісі түсініп, көп қолдау жасаған еді, біздің саланы жандүниесімен түсініп, үлкен қолдау жасаған. Біздің фермаға келген еді. Бір жолы қатты қиналып тұрған сәтте сол кісіге звондадым. Дереу қолдау жасады,көгердік те, көктедік. Сондай басшылар мол болса екен. Сол ағамыз соңғы кездері көрінбей кетті ғой…" деді Рахым бауырымыз қазан бас сиырларын бауырынан сипап қойып.

    Үкімет кәсіп иелеріне беретін субсидияға бұрынғыдай қолдау жасау керек. Алғашқы үш жыл тәуір болған екен, сосын Германиядан әкелген сиырдың қүймышағындай болған да кеткен, бұл туралы алдағы уақытта кеңірек қозғаймыз. Және сүтті сиырларды сақтандыру бағытында мәселе көп… Құдайға шүкір, еңбегі адал Рахымның сиырларына Құдайдың рахымы түсіп тұр екен. Алда-жалда кесел келсе… Алла сақтасын, сақтандырылмаған түліктеріне үкімет тарапынан ешқандай қолдау көрмейді. Германиядан әкелген 400 басы бұл күнде 900 бас болыпты. Ұрықтандыруда үкіметтің көмегі жоқ. Қолдан ұрықтандыруға әр сиырға 15-20 мың теңге кетеді екен. "Бұқа шапты, оған сенің нең кетті" дейтін емес. Орнынан қозғалмайтын зеңгі баба тұқымарының азығын әзірлеу де сұрапыл тірлік. Қып-қызыл бейнет. Өңірлерде мал қырылып жатыр ғой… Ауылшарушылық министрлігі ойланатын тірлік көп-ақ.

    Қысы-жазы орнында күйсейтін түліктің азығын дайындау да бір жыр…

#deputatnurotan