Әшімжанов
Жанарбек
Садықанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
09.07.2021 - Алматы облысының Кербұлақ ауданы

    Елі еңбекқор, табиғаты ғажайып керімсал Кербұлақ ауданының тарихы тым тереңде. Тезек төре билік құрған, ұлы Шоқан Уалихановқа жер бесік болған қасиетті өлкенің өзіне тән әлеуметтік тіршілігі бар. Әрине, Кербұлақ ауданының аршып жатқан кені, сапырып жатқан мұнайы, қазып жатқан мырышы, қаптап жатқан күріші жоқ. Аудан халқы жер еміп, тынбай тырбанып еңбек етіп жатқанының арқасында күн кешуде. Ақ-адал, момын жұрт. Бейсен Құранбектей сұрапылды туғызған мекен.


    Аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаев пен Мәслихат хатшысы Қайрат Бекиев мырзалар аудан аумағында атқарылып жатқан тірліктерді аяқтай жүріп көрсетті.

    Мәжіліс депутаты Жанна Телпекбаевамен бірге бірінші кезекте «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасын аудан көлемінде орындау жөніндегі "Жол картасы" аясында іске асырылып жатқан Сарыөзек ауылының газ тарату желілерінің құрылысы жұмыстармен және аудан орталығынан салынып жатқан Ш.Уәлиханов атындағы саябақтың құрылысымен таныстық. Сарыөзек кентінде газ тарату станциясының құрылысына байланысты елдімекендерді газдандыру жүзеге асырылуда. Магистральды газ құбырыына қосылудың бірінші кезеңі 2021 жоспарланған, ал 2025 жылға дейін 14 ауыл газбен қамтылмақ. Нақты айтар болсақ, 2021-22 жылдары- Сарыөзек кенті, 2023-24 жылдары - Қарағаш, Қазынсу, 2024-25 жылдары - Байғазы, Алтынемел, Қоянкөз, Көксай, Қаспан, Ақбастау, Жаңалық, Доланалы, Қызылжар, Майтөбе, Шанханай ауылдары көгілдір отынмен қамтылады.

    Сондай-ақ, халық қалаулыларымен «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген «Жол картасының» ауданда іске асырылу барысымен танысу үшін аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелерімен кездестік. Кездесу барысында Жол картада жоспарланған негізгі іс-шаралардың орындалу барысы талқыланып, қажетті ұсыныстары айтылды. Аудандық мәслихат депутаттары тарапынан әлеуметтік салаға қатысты нақты сауалдар қойылды. Аудандағы халықтың арқасын аяздай қарып жүрген негізгі проблема - су, жол,аурухана, жем-шөп қорын әзірлеу.

    Кеше кешқұрым аудан орталығы Сарыөзектен 90 шақырымда орналасқан Көксу ауылының іргесіндегі жаңа басталып жатқан ГЭС-тің жұмысымен де таныстық. 2021-2025 жылдарға жоспарланған "Жарық Энерго" су электр станциясы мерзімімен бітетін болса өңірдегі біраз елдімекендердің еңсесі тіктелмек. Станцияның жалпы сметалық құны 4.5 млрд. теңге.

    Мәжілісмендермен бірге Алматы облысы мәслихатының хатшысы Жанболат Жөргенбаев мырза да делегация құрамында ел-халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты белгіленген меженің жүзеге асырылуын қадағалап, алдағы сессияға дайындықты пысықтап жүр.

#deputatnurotan