Әшімжанов
Жанарбек
Садықанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
КАНВАССИНГ

    КАНВАССИНГ

    Елдің Ақсақалы, уақытында екі бірдей ауданда бірінші хатшы болған, Алматы облысында энернетика саласын басқарған Ызғарбек БЕКТҰРСЫНОВ ағамызға арнайы барып, амандасып, ой-пікірін тыңдадық. Бұл кісі Қарадала жұртына, Аспантау өңіріне ғана емес, есімі республикаға мәшһүр Тұлға! Аузының дуасы бар. Кесіп айтады, кесек турайды. Осындай Ақсақалдардың қатары сиремесін!

    – Ел-жұрт аман-есен. Ел қатарлы жүріп жатырмыз. Құрғақшылық келіп, ел-жұрт алаңдаулы. Бәрі шаруаның жайы. Бұл мәселені өткенде де айтқанмын. Жанар-жағар май жоқ. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дейтін еді. Құрғақшылықты тоқтату қолдан келмесе де, жанар-жағар май тапшылығын тоқтату қолдан келмей ме? Соның бәрі қиындық туғызып жатыр. Бір бау шөптің бағасының өзі шарықтады. Ертең малды қалай сақтаймыз, елді қалай сақтаймыз – мәселе осы болып тұр. Екі-үш күн болды, жайлауға барып келдім. Жайлаудың да жайы қиын екен. Сондай қиындық халықты қинап тұр. Ел болып бірге көрерміз. Бұл да пандемия секілді табиғаттың індетіне айналып тұр.

    Осы жағдайды келіп көргендерің, танысқандарың үшін рақметімізді айтамыз. Бұған шара жасамаса болмайды. Елді асырап отырған ауылшаруашылығы ғой. Астанада бес күн картоптың бағасы қымбаттағанда шу болып кетті. Ал шөп жоқ болса тіпті қиын. Мысалы Нарынқол мен Кегеннің жігіттері сабан болса да, ештеңеге қарамай сатып алып отыр. Әнеукүні Нарынқолға бардық. Нарынқолда шабатын шөп те, мал жайылатын жер де жоқ. Ауылдағы малды жайлауға көшіріп жатыр екен. Ойқарағайға. Жағдай ауырлап тұр.
Одан басқа не жаңалық бар: бүкіл ел болып жергілікті сайлауға дайындалып жатырмыз...

    Тағы бір мәселені айтайын. Орман шаруашылығы жөніндегі заңға өзгеріс енгізу туралы Сенаттың депутаттарына да айтқанбыз. Су кодексі мен Орман кодексіндегі кейбір нормаларға өзгеріс керек. "Малды жаю үшін судан бес жүз метр алыс отыру керек" деген Су шаруашылығының пункті бар. Тауда бес жүз метр қашық отыратын жер жоқ қой. Жайылымға малды қалай кіргізесің? Оған билет алу керек дейді. Мұндай жағдайлар көп. Оны айтып та жүрміз.

    Жекеменшік қазір ешкімді тыңдамайды. Аудан әкімін де, депутатты да, партияны да. Өйткені жекеменшіктің құқығына қол сұғылмайды. Ауылда жүргеннен кейін ақсақал ретінде айтуымыз керек қой, өңірлерде жергілікті биліктің әлсіз тұсы көп. Ең бастысы - халықтың билікке деген сенімін жоғалтпауымыз керек. Өздерің елге келіп, ақылдасып, елдің сөзін естігеннен кейін дұрыс шешім қабылдау керек деп ойлаймын. Ел әйтеуір өз күнін көріп жүр ғой.

    Қоғамда ақпарат құралдарының, әсіресе жетекші арналар мен дәстүрлі басылымдардың рөлін көтеруіміз керек. Халық шынайы ақпаратқа ғана сенеді...
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені күлбілтелемей, ашық айт деп жатыр. Сендер де ашық айтыңдар. «Ауруын жасырсаң, өлім әшкере қылады» дейді. Өзің де көріп жүрсің.
Өзің аралап көріп келе жатырсың,шалғай аудан-ауылдарда істеліп жатқан іс те бар. Жаңа ғана барған Кетпен ауылындағы Мәдениет үйі Сәдіқожа атамыздың мерейтойы арқасында жасалды. Жол салынды.

    Аудандағы ірі құс фабрикасының бой көтеру үшін аудан әкімі Шухрат Тұрдақынұлы үлкен күш-қайрат көрсетті, рахмет! Әйтпесе оның алдында жеті-сегіз жыл тұрып қалып еді. Инвистиция да келді. Ол – заманның талабы ғой. Біз, баяғы ақсақалдар, социализмнің заманын көріп, соның тәртібіне үйреніп қалғаннан кейін кейбір нәрселер бізге түсініксіз болуы мүмкін, көңілге сыймауы мүмкін. Сонан соң айтамыз.
Биліктің өзінде жақсы бедел болуы керек. Билік айтты ма, ел орындауы керек! Кезінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болдым. Бірінші хатшы айтқанда ауданда барлық дүние орындалатын. Ал қазір аудан әкімі айтса құлаққа іле бермейді. Аудандық, жергілікті билікті күшейтсе, тәртіпті күшейтсе, жағдай түзелер ме еді? Ол менің ойым ғана емес, жұмыс істеп жүрген жігіттердің де ойы. Біз айтпасақ, кім айтады?

    Ел-жұрт аман. Індеттің де жайын көріп отырсыңдар. Оған да тәртіп керек. Тойға, жиынға ұмтылған халықпыз ғой. Соны бір реттесек. Вакцина жетіңкіремей жатыр. Біреу салуға болады, біреуі салуға болмайды деп әрі-сәрі. Оның да жайын жақсылап айтсақ ақпарат бетінде насихаттау керек.

    … Қалған тіршілік халықтың өзіне байланысты ғой.

#deputatnurotan