Әшімжанов
Жанарбек
Садықанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
16.07.2021 - Алматы облысының Іле ауданы

    Іле ауданы - облыс қана емес, республика аумағындағы ең ірі өнеркәсіпті аудан. Қазіргі таңда ресми халық саны - 301 мың, ал бейресми дерек аудан аумағындағы халық саны 340-50 мыңға таяу екенін айтады. Қалай десек те, алдағы халық санағы сапалы жүргізілетін болса, нақты мәліметті білетін боламыз.

    Іле - облыстық бюджеттің 59 пайызын беріп отырған аудан.

    Алматы облысы бойынша "Жұмыспен қамту" жол картасына 105 млрд. теңге бөлінсе, соның 20 пайызы осы Іле ауданына қарасты.

    Аудан биылдың өзінде 41 млрд. теңге инвестиция тартқан.

    Қазіргі күні Іле ауданында - 1 365 үлкенді-кішілі кәсіпорын бар. Халықаралық деңгейдегі аты мәлім ірі өндіріс орындары да осы аумақта.

    Ауданда жер телімдеріне байланысты мәселе де аз емес. Және ол дәл бүгін ғана пайда болған жоқ, жылдар бойғы жинақталған түйткілдер. Бұрынғы басшылардың тұсында заңсыз оңды-солды үлестірілген жер телімдерінің мәселесі араға жылдар салып "соқыр ішек”секілді түйнек болып тұр. Іле ауданының жер мәселесіне байланысты бір кезеңдерде арнайы журналистік зерттеу де жасағанмын, әсіресе Николай Логутов деген азамат аудан басқарған кезеңде Іленің жері жоғары-төмен қайшыға түсіп, түрлі қайшылықтар сол кезде туындаған…

    Жалпы өңірлердегі проблемалар бір-біріне ұқсас. Негізінен әлеуметтік саладағы түйткілдер. Іледе де басты мәселе - баспана, аз қамтылған жанұялар жағдайы, тұрғын үй шаруашылығына қатысты түйіндер, үш ауысымды мектептер, бұқаралық спортты дамытуға қатысты инфрақұрылымдар, жол, су, кәріз жүйесі, саяжалардың жағдайы, өткелдер мен жолайырық салу, жұмыспен қамту, мектеп құрылысы.

    Іледе осы күндері халыққа басқалқа болып тұрған 164 саяжай бар, оның 157-де халық тұрады. Жалпы, аудан тұрғындарының 60 мыңы осы саяжайларды паналауда. Демек, сол аумақтарда тұратын ел мектеп, балабақша, емхана секілді әлеуметтік нысандар салу мәселесін талап ететіні даусыз. Бұған инфрақұрылым, көлік қозғалысын реттеу, жол салу сынды мәселені қосыңыз. Қазір халықтың талап-тілегі де жоғары. Және бұл өте нәзік нәрсе.

    Сондықтан жергілікті атқарушы билік мәселелерді заң шеңберінде оң шешуі үшін заңға өзгерістер керек. Демек, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" және "Қазақстан Республикасының жер қоры", “Елдi мекендердi инфрақұрылым объектілерiмен қамтамасыз ету және оларға қол жеткiзуге жағдай жасау” туралы заңнамаларға жаңа нормалар енгізу керек. Бұл - мемлекеттік орган мен заң шығарушы құрылымның жүйелі жұмыс істеуін қажет етеді. Сол үшін нақты ұсыныстар қажет.

    Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев мырза «Nur Otan» партиясы аудандық филиалындағы мәжілісмендермен кездесуде жауырды жаба тоқымай, барлық жағдайды тап-тұйнақтай баяндады. Әрине, үлкен аудан, жемісті әлеуметтік жобалар да жетерлік. Жеделдетіп шешілуі тиіс жайттар да аз емес.

    Қала мен ауданның шекарасында орналасқан үлкен округтер бар, халық саны кейбір шалғайдағы аудандармен бірдей. Мәселен, бір ғана Боралдайдың ресми емес халық саны - 50 мың.

    Боралдай, Байсерке секілді ірі округтерден қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдадық. Елене Ткаченко Боралдай кентіндегі 30 шақырымдық кәріз жүйесінің 80-90 пайызы тозғанын, кезек күттірмей жасау керектігін айтты. Аудан әкімі Бағдат Әбілмәжінұлы Боралдай кентіндегі кәріз жүйесін жобалауға 25 млн. теңге бөлінгенін, жоба әзірленіп мемлекеттік сараптамадан өткенін, құрылыс-монтаждау жұмысына 663 млн. керектігін, осы маусым айында облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім берілгенін мәлімдеді.

    Байсерке ауылынан келген Бақыт Сүлейменова апамыз ел қауіпсіздігіне қатысты мәселемен келіпті. Алматы-Жетіген-Қапшағай су қоймасы арқылы Байсеркедегі "Даму" логистикалық орталығының іргесіндегі теміржолдың үстімен өтетін жол айырығын, өткелдер салу қажеттігін айтты.

    Нақты деректерге сүйенсек, бір тәулікте Алматы-Жетіген-Қапшағай жолымен 20 мың автокөлік, Іле және Талғарға қарасты елдімекендердің 46 мың тұрғыны, оның ішінде 12 мың студент Алматыға қатынап оқиды.

    Өздеріңізге мәлім, бұрнағы жылғы Шамалған ауылындағы пойыз апатының зардабы жадымыздан өше қойған жоқ. 30-40 мың халқы бар Байсеркеде де сол жағдай қайталанбасына кім кепіл? Апат айтып келмейді. Айтып келмейтін сол апатты күтіп отырумыз керек пе? Жалпы, неге біз белгілі бір төтенше жағдайлардан кейін ғана қимылдаймыз? Неге мәселенің алдын алмаймыз? Теміржол өткелін, жолайырық салу - аса ірі жоба, мол қаржыны қажет етеді. Бірақ сол қаржы еліміздің азаматтарының алтын басынан артық емес. Бұл үлкен жоба аудан, облыс құзіретіндегі шаруа емес, бұған тікелей "Қазақстан Темір Жолы" Ұлттық компаниясы қайрат көрсету керек.
    Біз өз тарапымыздан бұл бағытта жүйелі жұмыс істейтін боламыз. Солай сендірдік те…

    Әріптестермен өңірдегі жұмыс сапарымызды Алматы облысы Іле ауданынан тұйықтадық. Облыстық Мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев бастан аяқ Мәжіліс депутаттарымен бірге жүріп, барлық жағдайды жемісті де, кем істі де көзімен көрді. Біз де өз тарапымыздан үкіметтің алдына қойылуы тиіс ірі мәселелерді қаттап, шоттап алдық.

    P.S. Мәжіліс депутаттары елге сапарын ресми түрде аяқтағанмен, жұмыс тоқтамайды. Алда әр депутатты жеке жоспарлары күтіп тұр. Өзімнің жоспарымда қоғам өкілдерімен, түрлі әлеуметтік топтармен, зиялы аға-апаларыммен кездесіп, пікірлеспек ниеттемін.


#deputatnurotan