Әшімжанов
Жанарбек
Садықанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Facebook әлеуметтік желісіндегі жазба

        Қадірлі достар!
    Алла бұйыртса, Талдықорған өңірінде Ақсу, Көксу, Кербұлақ аудандарын аралап енді Жаркент ауданына бет алдық. Талдықорған шаһарында аяқтай жүріп, нысандарды аралап, әлеуметтік жайттарды көзбен көріп, көңілге түйіп, қойын кітапшаларымызға түртіп алдық.

    Ел-халықтың айтқан талап-тілектеріне құлақ қойсаң арқаңды аяздай қариды. Аудандағы жағармай станцияларында солярка жоқ. Дәл шаруалардың маусымдық науқаны қызып тұрған шақта елімізде неге жанар-жағармайдың мәселесі туындайды? Сауал көп.

    Жолдың ахуалы… Бір ғана мысал. Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек-Көктал арасындағы жолдың жағдайын ғана айтсақ жеткілікті. Жол азабын жүрген біледі. Өзіміз жүріп, көзіміз көрген соң айтып жатырмыз.
Жол сапасы - бірінші кезекте халықтың амандығы үшін керек. Инвест жобамен келіп цемент өндіріп жатқан "Алацем" компаниясының ауыр көліктерінің табанында қара жолдың ғана емес, сол өңірдегі өмір сүріп жатқан халықтың да тағдыры жаншылып жатқан жоқ па?

    Өңір басшысы Амандық Баталов мырза бұндай мәселелерді басты назарға алып, компания басшылары және "Қазавтожол" ұлттық мекемесімен ортақ келісімге келіп, үлкен жоба қолға алынғанын айтты.

    Қазір шаруалар үшін науқан. Табиғи қуаңшылық десек те, салалық мемлекеттік органдардың дұрыс болжам жасамауының кесірінен өңірлер үлкен сынақты бастан кешіруде. Жаздың жарымында Маңғыстаудағы қырылып жатқан, одан қалса ыңыршағына сүйенген жылқы жануарларының обал-сауабы кімге?

    Күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы үлкен жиын өткізіп, жедел шешімдер қабылдап, үкімет мүшелері мен өңір басшыларына жедел және қатаң тапсырма берді. Жаратқан Иеміз ел-халыққа сабыр берсін!

    Шаруалар үшін ең үлкен мәселе - субсидия. Қағаз жүзінде бәрі жақсы… Ал жер игеріп, кәсіп ашып, ел-жұртқа жұмыс беріп, жанкешті еңбек етіп жатқан шаруа-дихандармен сөлессең сөз бен істен алшақтық аңғарылады. Үкімет жеделдетіп субсидияның мәселесін шешпесе… түрлі салада жоспарланған "Жол картасындағы" сыздаған "соқыр ішек" бір-бірден жарылады. Ал ағзаға араласқан қан-жынның зардабын түсіне беріңіз.


#deputatnurotan