Әшімжанов
Жанарбек
Садықанұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Тарихи мұраларды сақтау туралы

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

Е. Л. Тоғжановқа

2021 жылғы 28 сәуірде

жарияланды

Депутаттық сауал

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Өркениетті мемлекет құру мәселесі тек экономиканы жаңғыртып, постиндустриалдық қоғам құрумен ғана шектелмесе керек. Өндірісті дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту қаншалықты өзекті болса – тарихи мұраларды көздің қарашығындай сақтау да аса маңызды.

Қазақстан аумағындағы мәдени, тарихи орындарды көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа кеңінен насихаттау керектігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та дүркін-дүркін айтып келеді.

Осы орайда қоғам назарын Алматы-Талдықорған бағытындағы мемлекеттік маңызы бар жолдың бойындағы Арқарлы асуының қос қапталын алып жатқан жақпар тастардағы петроглифтерге аударғым келеді. Малайсары қыраттарына ұласатын сол сілемдер тұнған тарих. Тастағы суреттерге тіл бітсе ең кемі 3000 жыл бұрынғы дәуірді көз алдыңызға әкеледі. Ең алғаш Арқарлы асуындағы тарихи тастарға назар аударған археолог, профессор Алексей Марьяшев болатын. 2017 жылы археолог сол өңірге арнайы барып, петроглифтердің қола немесе темір дәуіріне тән екенін, бұл тауларды б.д.д. 2000 жыл бұрын адамдар мекен еткенін, жалпы ғылыми түрде кешенді зерттеу қажеттігін ескерткен. Алматы облысы әкімдігі сол жылдың тамызында Малайсары сілемдеріндегі петроглифтер мемлекеттік қорғауға алынатынын айтқан, бірақ бұл күні бүгінге дейін жүзеге асқан жоқ. Ресми орындардан көңіл бөлініп, қызығушылық болмаған соң өңірдегі белсенді азаматтар өздері бас біріктіріп, тарихи тастарды қорғау жөніндегі еріктілер тобын құруға мүдделі. Өйткені, Алматы облысы Кербұлақ ауданы ауамағындағы Малайсары петроглифтері жойылудың аз-ақ алдында тұр. Тарихи суреттер бедерленген тастарды бизнестік бағытқа пайдалануда. Ал жергілікті билік, яғни Сарыбастау ауылдық округі аңғардағы кәсіпорындар заңды түрде мемлекеттік актісін алып, салығын төлеп, жұмыс істеп жатқанын алға тартады. Яғни, асуда бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шағын зауыт қиыршық тастар мен тақтатас өндірісімен айналысады. Петроглифтер өңірлік атқарушы билік тарапынан арнайы бақылауға алынып, ғылыми институттар тарапынан нақты зерттеу нысанына айналмағандықтан өндірісшілерге ешқандай шектеу жоқ. Өйткені, бұл жерді жеке тұлғалар ауылшаруашылық мақсатында пайдалану үшін заңды түрде иелігіне алып, кәсібін жүргізіп отыр. Осы күнге дейін тастағы петроглифтердің біраз бөлігі бұзылып, қиратылып кеткен. Жедел түрде тиісті шешімдер қабылданбаса аз уақыттың ішінде тарихи жәдігерлердің күл-талқаны шығып, үгіліп, бабалар тарихы қиыршық тасқа айналады.

Жалпы, ғалымдар Малайсары сілемдеріндегі тастарда бедерленген суреттердің 3,5 мың жылдық тарихы барын айтады. Сондай-ақ, VІ-VІІ ғасырлардың мәдени ескерткіштер, бергі ХVІІ ғасырлардағы таңбалар бедерленген тастар барын да алға тартады. Ал бұл мәселеге назар аударған кәсіби заңгерлер «Арқарлы асуында тарихи мұраларға қатысты өрескел заң бұзушылықтар орын алып отыр» деп мәлімдеуде.

Құрметті, Ералы Лұқпанұлы!

Осы мәселені баса назарға ала отырып, тиісті мемлекеттік құзырлы орындар мен аймақ басшысына мына мәселелерді тапсыруыңызды сұраймын: бірінші, жедел түрде арнайы комиссия құрылып Арқарлы асуындағы ахуалды зерттеп, киелі мекен «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Алматы облыстық орталығының» тізіміне енгізіліп, қорғауға алынуы керек. Екінші, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жанынан арнайы комиссия құрылып, Арқарлыдағы петроглифтерді жүйелі зерттеу жұмысын жеделдетіп қолға алу қажет. Бұл – ата тарихымыз үшін және ұлттық мәдени мұраларды сақтау бағытындағы аса маңызды қадам.

Осы жайттарды назарыңызға сала отырып, заңнамада көрсетілген мерзімге сәйкес тілегімізге жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.


Құрметпен,

депутаттар, «Nur Otan» партиясы

Фракциясының мүшелері                                                     Ж. Әшімжанов

                                                                                                   Ә. Әбсеметова