БАРЛЫБАЕВ
Ерлан
Хайланұлы

VIII сайланған
VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
2022 жылғы 10 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Ерлан Хайланұлы Барлыбаевтың басшылығымен «Қазақстан Республикасындағы ветеринария жүйесінің жай-күйі туралы» тақырыбына дөңгелек үстел отырысы өтті.

Іс-шараға ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, қаржы, білім және ғылым, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, ғылыми-зерттеу, қоғамдық және өзге де мамандандырылған ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ғалымдар мен практиктер қатысты.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринария жүйесін реформалау бойынша негізгі тәсілдерді таныстырып өтті. Бұдан басқа, еліміздің ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ағымдағы жағдай туралы баяндалды.

Сондай-ақ, ғылыми және ғылыми-зерттеу ұйымдарының, Орталық Азия бойынша Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының, отандық ветеринариялық препараттар мен вакциналарды өндіруші өкілдерінің баяндамалары тыңдалды, олар проблемалық мәселелермен оларды шешу жолдары туралы өз ой-пікірлерін білдірді.

Отырысқа қатысушылар ветеринария қызметі жұмысының ұйымдастырылуын, ветеринариялық іс-шаралардың уақтылы жүзеге аспауын сынға алды, бұл жануарлардың жұқпалы ауруларының, оның ішінде аса қауіпті, әлеуметтік және экономикалық залал келтіретін аурулардың өршуіне алып келді. Сонымен қатар, орталық пен өңірлер арасындағы өзара іс-қимылдың нақты тетігінің жоқтығы атап өтілді. Осыған байланысты, ветеринарлық қызметті реформалау кезінде оның нақты құрылымын құру қажет екендігі айтылды.

Бұдан басқа, ветеринариялық мамандарды даярлау, оларды ауылдық жерлерге жұмысқа тартуды ынталандыру тәсілдерін өзгерту, ветеринариялық мамандардың жалақысын көбейту, қызметін жүзеге асыру жағдайларын жақсарту, оның ішінде, ауылдық округтердегі ветеринариялық зертханалардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту, сондай-ақ кепілдендірілген әлеуметтік қолдау көрсету сияқты тиісті жағдайларды жасау қажет.

Ветеринария саласын цифрландыру, ондағы деректерді жинау мен беруді автоматтандыру, жануарларды сәйкестендірудің заманауи әдістерін енгізу, түрлі ауруларды диагностикалау мен емдеу маңызды болып табылады, бұл мал шаруашылығы өнімінің қадағалануына, ветеринариялық-санитариялық бақылаудың күшеюіне, ветеринариялық іс-шаралардың уақтылы жүргізілуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар, отандық ветеринариялық препараттар мен диагностикумдар өндірісін дамытуға ерекше назар аудару қажет.

Нәтижесінде, уәкілетті органдарға ветеринария саласын реформалау мәселелерін шешу кезінде өзара іс-қимыл мен үйлестіруді күшейту, сондай-ақ дөңгелек үстелге қатысушылардың айтылған ұсыныстары мен ұсынымдарын қосымша зерделеу тапсырылды.