КАЗАНЦЕВ
Павел
Олегович

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
06.11.23 ж. ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ФИТОСАНИТАРИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТТІҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ

 6 қарашада С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің базасында Комитет ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді.

Жиынға ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ғылым және жоғары білім, сауда және интеграция министрліктері, облыстардың әкімдіктері, ветеринария, өсімдіктерді қорғау және карантин саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдары, аграрлық университеттер, Орта Азия бойынша Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының өкілдері, сарапшылар мен ауылшаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.

Жиынды бастамас бұрын депутаттар Қазақстан-Қытай биогиялық қауіпсіздік жөніндегі зертханасының жұмысымен танысты, бұл зертхана екі елдің өзара мүддесіне өкілдік ететін, жануарлардың жұқпалы ауруларын зерттеу және диагностикалау мақсатында құрылған. Қауіпсіздікті сақтау бойынша Қытай стандарттары әлемдегі жоғары стандарттардың бірі, мысалы, тамақ өнімдерінде генетикалық түрлендірілген ағзалардың барын анықтау жүзден аса көрсеткіш бойынша жүзеге асырылады, ал біздегі тексеру 15 көрсеткіш бойынша жүргізіледі (Ресейде 2019 жылы 18 көрсеткіш болған). Осындай деңгейдегі зертханалар фермерлерге уақыт пен қаржылық шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді және отандық тауарлар экспортын ұлғайтуға ықпал етеді.  

Сонымен қатар, іс-шараны өткізудегі жаңашылдықтың бірі –жасанды интеллект технологиясын пайдалану болды, оның көмегімен депутат А.А. Қожаназаров айтқан бір жиынтық баяндамаға алдын ала мәлімделген баяндамалар өңделді. Нәтижесінде, 7 баяндаманы тыңдауға бөлінген 1,5 сағаттың орнына уақыт сұрақ-жауап пен жарыссөзде сөйлеу үшін тиімді пайдаланылды.

Отырыс барысында ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтерді реформалау, жүйелерді цифрландыру және мамандар үшін мобильдік қосымшаларды енгізу, отандық вакциналар мен дәрілік препараттарды әзірлеу және пайдалану, материалдық-техникалық жарақтандыру, жеке ветеринариялық практика, ғылымды дамыту және сала үшін маман дайындау, тамақ өнімдері, соның ішінде импортталатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау  мәселелері талқыланды.

Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар жіберілетін болады.