КАЗАНЦЕВ
Павел
Олегович

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Иттерді асырау және серуендету туралы депутаттық сауал

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә. Сағынтаевқа

 2018 ж. 22 қарашада жарияланды


 ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

 Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Біздің депутаттық сауалымызға түрткі болған соңғы төрт-бес аптаның ішінде иттердің ересек адамдарға және бүлдіршіндерге  жасаған шабуылынан үш адамның қатты зардап шегіп, өкінішке орай, бір баланың бірнеше питбультерьердің талауынан жан түршігерлік  жағдайда қайтыс болғаны еді.

Қайтыс болған баланың ата-анасына, жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.

Бұл кездейсоқ жағдай емес. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау  министрлігі ұсынған ресми ақпарат бойынша, өткен үш жылда еліміздің аумақтарында иттердің шабуылынан 177  мыңнан астам адам зардап шексе, тек ағымдағы 2018 жылдың 6 айында 29 878 адам жарақат алып, медициналық жедел көмек алуға мәжбүр болған. Немесе, күн сайын елімізде 160-тан астам адам иттердің шабуылынан зардап шегеді. Бұл тек ресми тіркелген сорақы жағдайлар ғана.

Көріп отырғанымыздай, жыл сайын бұл жағдайлар қайталанып, көбеймесе, азаймауда. Оны жоғарыда көрсетілген цифрлардан көруге болады. Осыған байланысты «атқарушы органдар осы мәселені ретке келтіру бойынша қашан нақты шаралар қабылдайды екен?» – деген заңды сұрақ туындайды. Себебі, бұл – жәй цифрлар ғана емес, бұл – өмірлік психологиялық күйзеліске ұшырап, материалдық залал шеккен және ақшалай шығын шығарып, ұзақ мерзімді емдеуден өткен адамдардың тағдыры емес пе?

Халқымыз итті жеті қазынаның бірі деген. Егер тарихқа үңілсек, адамдар ит асырау және пайдалану мәселесіне аса жауаптылықпен қараған. Ал қазіргі кезде қала, әсіресе ауыл көшелерінде бос жүрген қаңғыбас иттер өте көп. Олар топ-тобымен жүріп, халыққа үлкен қауіп төндіреді және жұқпалы ауруларды тарату көзі болып табылады. Елімізде иттерге вакцина егу мәселесі де қараусыз қалған. Бүгінгі күні адамдар өздерінің үй жануарларына вакцина егу-екпеу мәселесін өз бетінше шешеді. Оған жергілікті атқарушы органдар тарапынан толық бақылау жасалмайды. Ал қаңғыбас иттерге вакцина егу мәселесі болса, жергілікті атқарушы органдардың назарынан мүлдем тыс қалған.

Қазіргі кезде кейбір ауылдарда балалардың мектепке жаяу баруы да қауіпті болып отыр. Әсіресе қысқы кезеңде, күн ерте батып, кеш шығатын уақытта, иттердің топ-тобымен жүріп, оқушыларға үрей туғызып, олардың оқуға баруына кедергі болған жағдайлары да кездеседі.

Оның үстіне, үй жануарларын асырайтын адамдар оларды
асырау және серуендету қағидаларын сақтамайды. Олар көбінесе өз иттерін адамдар көп жүретін орындарда тұмылдырықсыз және қарғыбаусыз серуендетеді. Бұл жағдайды да ешкім бақыламайды.

Сонымен қатар, ит иелері оларды қоғамдық және балалар ойнайтын жерлерде, спорт алаңдарында серуендету кезінде тазалықты сақтамайды. Үй жануарларының жүрген жерін тазалап кету деген мүлдем жоқ.

Бүгінгі  кезеңде иттер мен мысықтарға арналған сақтау орындары мен питомниктер салу, жоқтың қасы. Елімізде, негізінен, волонтерлер ашқан баспаналар мен питомниктер және бірнеше мемлекеттік баспана ғана жұмыс істейді. Олардың саны тәртіп орнату мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әлі де болса жеткіліксіз.

Үй жануарларын далаға қаңғытып жіберу де күннен күнге көбейіп барады. Бұл үшін олардың иелері ешқандай жауапкершілікке тартылмайды. Мысалы: Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР)  елдерінде үй жануарын көшеге қаңғытып жібергені үшін – 25 мың еуродан басталатын айыппұл, ал кейбір жағдайларда бір жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапқа тарту көзделген.

Жергілікті мәслихаттардың иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары әр өңірде әртүрлі.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, жоғарыда айтылғандарға байланысты, республика деңгейінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою туралы жалпыға ортақ бірыңғай, бір типті қағидаларды бекітуді қарастыруыңызды, сонымен қатар, адамдардың, оның ішінде жасөспірім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға пәрменді шара қабылдау үшін тапсырма беруіңізді сұраймыз.

Депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді өтінеміз.

Құрметпен,

Мәжіліс  депутаттары,

«Нұр Отан» партиясы

фракциясының мүшелері

Е. Бектұрғанов

C. Абдрахманов

И. Аронова

З. Балиева

А. Бектұрғанов

Қ. Ержан

Ж. Жарасов

Г. Қарақұсова

П. Казанцев

Б. Кесебаева

Ш. Өтемісов

Қ. Сұлтанов

А. Тасболатов  

Б. Тілеухан