Құспан
Айгүл
Сайфоллақызы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы

Депутатқа хат
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің (ҚазҰПУ) ұстаздарымен кездесу

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің (ҚазҰПУ) ұстаздарымен кездестім. Бұл оқу орны маған ыстық, өйткені менің әкем, филология ғылымы кандидаты, доцент Сайфолла Құспанов Абай шығармаларының орыс тіліне аудару мәселесіне арнаған диссертациясын осы ғылым ордасында жазған еді.

Осы университет қабырғасындағы ұстаздармен болған бүгінгі сұхбат, менің сол бір балғын балалық шақтағы әкемнің асыл бейнесін еске түсірген аса қымбат та сымбат әлеміне енгізіп, жан дүниемді ерекше толқытқанын жасыра алмаймын... Бұл ретте осы оқу орынында, кезінде, академик, Кеңес Одағының батыры, майдангер Мәлік Ғабдулин ректор, сондағы кафедра басқарған атақты академик, көрнекті ғалым, талапшыл ұстаз Қажым Жұмалиев әкем Сайфолла Құспановтың ғылыми жетекшісі болғанын ерекше мақтан тұтамын. Алматыдағы сол кездегі Абай атындағы ҚазПИ-де орыс тілі мен әдебиеті және тарих мамандығын игерген әкем содан былайғы өмірін гуманитарлық ғылыммен, соның ішінде әдебиет сыны, аударма істерімен және ұстаздық қызметімен байланыстырды. Оның осынау жемісті де жеңісті шығармашылық жұмысына кезінде академик - жазушы Ғабит Мүсірепов жоғары баға берген болатын. Көп кейін әкеміздің еңбектері «Шығарма құнары- Душа перевода» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке жинақ болып жарық көрді. Міне, еліміздің белгілі академик – ғалымдардың мекені болған Абай атындағы университеттің бүгін еліміздегі жетекші оқу орындарының бірі болуы, басын сонау білімнің таза бұлағынан алуында болар. Кездесу кезінде Университет ұжымына Мәжілістегі атқарып жатқан жұмыстарым туралы айта отырып, Президентіміз жүргізіп жатқан реформалардың білім беру саласына аса маңыздылығына тоқталдым. Ғалымдар мен ұстаздар өздерінің қызметі, қол жеткен табыстары туралы ақтарыла әңгімелеп, Мемлекет Басшысының жаңа саяси бағдарын толығымен қолдайтындарын жеткізді.

Сонымен қатар, осы шежірелі оқу шаңырағында қыртыстана жиналып, әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер жайында да үлкен әңгіме болды. Солардың екеуін айта кетейін. Біріншісі – студенттердің жатақхана мәселесі. Оларға ондаған жылдар бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, әбден тозған, соған байланысты бүгінгі күннің талабына сай жаңа жатақхана ғимараттарын салу қажеттілігі. Екіншісі – студенттер үшін спорттық кешендерінің жоқтығы, себебі оларды кезінде, бұрынғы университет басшылығы, жеке меншікке үшті-күйлі сатып жіберген... Менің депутаттық міндетім осы мәселелерді оңынан шешуге ат салысып, қолдан келгенше, іске асыру. «Бір адам – самал, екі адам – амал, үш адам - жамал, төрт амал – қамал», - демекші, бәріміз жабыла кіріссек, үлкен істің іске асары - хақ.