Құспан
Айгүл
Сайфоллақызы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің Төрайымы

Депутатқа хат
Әзербайжан жолжазбалары

Әзербайжан жолжазбалары

10-12 қыркүйекте ҚР Парламенті Мәжілісінің делегациясы туысқан Әзербайжанда болды. Әріптестерім Дархан Мыңбай, Әмірхан Рақымжанов және Әбілфаз Хамедовпен бірге біз Әзербайжан Милли Меджлисінің төрағасы Сахиба Гафаровамен, төрағаның орынбасары, парламентаралық байланыстар бойынша Әзербайжан-Қазақстан Жұмысшы тобының жетекшісі Әділ Әлиевпен, халықаралық қатынас және парламентаралық байланыс Комитетінің төрағасы Сәмед Сеидовпен кездесулер өткіздік.

Бұдан басқа, Баку қаласында түркітілдес мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсуповпен кездесіп, келіссөздер жүргіздік.

 Біздің Әзербайжан елінде болған сапарымыздың ең күмбірлі де дүбірлі шағы – Қарабақта, оның қасиетті жауһары Шуша қаласында болғанымыз деп есептеймін.

«Көз – нұрдың ұясы,

Көңіл – сырдың ұясы,

Сезім – жырдың ұясы», - демекші, бұл елді көзбен көріп, көңілге түйіп, алған әсерімді назарларыңызға ұсынып отырмын... 

Қарабақ жолдары – жаңа өмірдің күретамыры

Біз Бакуден Шушаға қарай жақында ғана салынған, басын Физулиден алатын «Жеңіс жолымен» («Zəfər yolu») сапарға шықтық. Бұл – ұзындығы 101 км болатын, жыландай иерелеңдеп жатқан екіжолақты жол. Жол ғажайып көркем тау бөктерінің белесінен өтіп, соныңда бірден шырқау биікке көтеріледі.

«Жеңіс жолымен» («Zəfər yolu»)

Бұл жолмен қатар Физули мен Шуша арасындағы тікелей жоғары жылдамдықты, тесіктаулы, көпірлі жол салынуда. Ол Zəfər yolu-нан 23 км қысқа. Бұл жолды Түркиянің компаниясы 2021 жылдың соңына дейін аяқтап өткізуге міндеттеніпті. 

Физули мен Шуша арасындағы көпірлі жол

Әзербайжан автомобиль жолдарының мемлекеттік агенттігі аумақта салынып жатқан, ұзақтығы 500 км болатын автожолдың картасын дайындапты.

Сонымен қатар, ұзындығы 100 км шамасында болатын, Горадиз-Агбенд теміржолы салынуда. 

Сәлемет пе, Шуша! 

Шушаны бір сөйлеммен суреттеу мүмкін емес. Шуша дегеніміз – саумал самал ауа, таңғажайып сұлу табиғат, сабырлы таулар, шыңырау құздар, қайнар бұлақтар мекені... Шуша – сан түрлі сәулет ескерткіштері бар, нағыз ашық аспан астындағы мұражай. Біз соның бір бөлігін ғана көріп үлгердік, олар: соңғы Қарабақ ханының қызы, ақын әрі қайырымдылық жасаушы Хуршид Бану Натаванның ордалық кешені, «Хан қызы» бұлағы, Шуша қамалы қабырғасының бөлігі және сондағы Гянджа қақпасы, Юхары Гевхер аға мешіті.

Хуршид Бану Натаванның ордалық кешені

Осынау қасиетті ескерткіштерден мейілінше жадап-жүдеушіліктің ізін байқауға болады. Бірақ Әзербайжанның қысқа мерзімде оларды асқан шеберлікпен қайтадан қалыпына келтіретініне ешқандай күмәніміз жоқ! Қаладағы 214 тарихи-сәулет ескерткіштің барлығы бүгінгі таңда паспортталып, олардың техникалық ахуалы, қайтадан қалпына келтіру мәселелері зерделену үстінде екен.

«Хан қызы» бұлағы

Шуша – Әзербайжан мәдениетінің жанданып, қайта түлеген астанасы. Мұнда іске асқан тамаша мәдени жобалар – көркемөнер галереясы, кілем тоқу мұражайы, фотосурет көрмесі соның айқын көрінісі. Тамыз айының соңында ұлы ақын, Қарабақ хандығының уәзірі Вагифтің поэзия күндері өтті. Қыркүйек айының 18–24 аралығында осында композитор Узеир Гаджибейулы музыкасының апталығы өтеді.

Шуша – бұл қайнап жатқан алып құрылыс алаңы. Айналаңа көз жіберсең, салынып жатқан жолдар, тартылып жатқан су құбырлары, электр кабельдері жүйесі, басқа да коммуникациялық құрылымдардың берекетті де қызу жұмыстары екпінін байқайсың. Кеңестік дәуірдегі тозыңқы көпқабатты үйлер түгел сүрілетін болып шешілген. Бүгінгі кезде бірнеше мейманханалар салынып, халық бейбіт өмір ырғағына ене түскен.

Шуша – халықтың ұлы рухы. Оны біздермен кездескен құрылысшылар мен жол салушылардан бастап, әскерилерге, Президент өкіліне дейінгі адамдардың бақытты жүздерінен анық байқадық.

Шуша – Әзербайжан музыкасы мен поэзиясының алтын бесігі

Бізге әзербайжан әріптестеріміздің ең бірінші көрсеткен нысан – әйгілі Джыдыр дюзи (джыдыр-шабыс, дюз-шоқы) ипподромы болды. Әзербайжанда кеңес үкіметі орнағанға дейін Қарабақ бектері мұнда атақты қарабақ тұқымды жүйріктердің сайыстарын өткізіп тұрған екен. Олардың ер-тұрмандары, жүген-саймандары да ерекше сән-салтанатты болыпты. Ал 1992 жылға дейін мұнда жыл сайын әншілер, музыканттар, мұқамшылар, ақындар, актерлер, бишілер, жонглерлер, палуандар, басқа да спортшылар қатысатын өнер фестивальдері өткізіліп тұрған.

Джыдыр дюзи ипподромы

Мұндағы тағы бір тамаша орын – әзербайжан халқының ұлы әншісі Бюльбюльдің мұражай-үйі. Бұл қиратылған XVIII ғасыр архитектурасы ескерткішін ұлы әншінің баласы, Әзербайжанның Ресейдегі Елшісі, белгілі композитор Полад Бюль-Бюль оглы санаулы айлар ішінде қалпына келтірді. Мұражайдың ашылу рәсіміне ұлымен бірге Президент Илхам Әлиев те қатысты. Мұражай ауласында Бюльбюльдің мүсіні қайта жасалып, қойылды. Бұрынғы қиратылған әнші мүсіні тарих және болашақ ұрпақ үшін сол күйінде қойылды.

Бюльбюльдің мұражай-үйі

Мұражай экспонаттары арасында атақты мұқам триосын көруге болады. Үштікке әзербайжанның халық аспаптары тар, каманча және гавал/даф кіреді. Айтпақшы, әзербайжанның тар аспабында ойнау, оны жасау өнері ЮНЕСКО ауызша және материалдық емес жауһарлар мұрасы тізіміне кірген. Шуша мен мұқам – әзербайжандар үшін синонимді ұғым.

Шуша – музыка таланттарының сарқылмас қайнар көзі. ХХ ғасырдың басында Еуропа қалаларында шушалық әншілер мен аспапта орындаушылардың концерттері жүйелі түрде ұйымдастырылып өткізілген, мұқамдары күйтабақтарға жазылып отырған.

Мұражай экспонаттары

Шушада біз өз орнына қайта қойылған Узеир Гаджибейұлы (1885-1948) ескерткішін көрдік. Ол – бүкіл әлемге танымал композитор, көрнекті музыка зерттеуші-ғалым, көсемсөзші, драматург, профессор-ұстаз, қоғам қайраткері, Әзербайжан Композиторлар одағының тұңғыш төрағасы, Әзербайжанның заманауи кәсіби музыкасының негізін салушы. Онсыз әзербайжан классикалық музыкасын елестету мүмкін емес. Қазақ классикалық музыкасындағы Ахмет Қуанұлы Жұбанов қалай болса, әзербайжандар үшін Гаджибейұлының орны да дәл сондай.

Вагиф кесенесі

Шушадағы қайтадан қалпына келтірілген ескерткіштерінің бірі – әзербайжан ақыны XVIII ғасырдағы Қарабақ хандығының көрнекті қайраткері (уәзір) Молла Панах Вагифтің кесенесі. 1982 жылы Гейдар Әлиевтің бастамасымен Джыдыр дюзи жерінде салынған кесене басқыншылық кезеңде қатты зақымдалған екен. Мәрмәр қаптауышы, алюминийлі үлдір шебекесі (әзербайжандық витраждар) талан-таражға түсіп, ұрланып, ескерткіштің тек қаңқасы ғана қалған еді. 2021 жылы кеспене-мұражай кешені толығымен қалпына келтіріліпті.

 

Вагиф кесенесі

Хары-бюльбюль – отан гүлі

Тек қана Қарабақ топырағында өсіп-өнетін, сұлулығы ерекше ғажап гүлдің аты бұл. Ботаниктер мұны эндемик Ophrys caucasica деп атайды. Егер оған зейінмен мұқият қарасаң, оның бұлбұл құспен ұқсастығын көресің.

Хары-бюльбюль гүлінің суреті

Хары-бюльбюль гүлі туралы халық ішінде көптеген аңыздар мен хикаялар шығарылған, ол ғасырлар кеңістігінде әзербайжан ақындарының, музыканттары мен халық жырауларының шабытына қайнар көз болып келген. Ежелгі аңыздар бойынша, гүлдің хары-бюльбюль аты (азерб. «xarı bülbül», «хар» – «тікен» ал «бюльбюль» – «бұлбұл») бұлбұл мен ғажайып раушан гүлінің арасындағы махаббат тарихының символы ретінде әспеттеледі.

Ғасырлар бойы гүлдің «хары-бюльбюль» аты Шуша мен Қарабақ арасындағы ажырағысыз байланыстың мәні болды. Қазіргі кезеңде бұл гүл шексіз патриотизмнің, темірдей төзімдліктің, өшпес ерліктің символы болды.

Хары-бюльбюль гүлі - патриотизмнің символы

Президент Илхам Әлиев 2021 жылы Шушада өтіп келген дәстүрлі фольклорлық «Харыбюльбюль» фестивалінің қайта жаңғырып өтетіндігі туралы жария еткен болатын. Айтқан сөз – атылған оқ: фестиваль 12-13 мамырда Шушаның Джыдыр дюзю жерінде дүбірлете өткізілді.

Юхары (жоғары) Гевхар ага мешіті – Шуша аруы

Шушада болған бірінші күннің өзінде біздің делегациямыз керемет көркемдеп қайта жөнделген Юхары Гевхар ага мешітін көрдік. Бұл атақты ғибадат үйі 1763 жылы Қарабах ханы Ибрагим Халил хан Сарыджалы-Джаваншираның әмірімен салынған екен. 1883-1885 жылдары мешіт Гевхар Ага қызының қаражатымен жөнделіп, жаңартылды. 1992 жылы мешіт қызмет жасауын тоқтатты.

Осы және басқа мешіттерді жөндеу жұмыстарын «Гейдар Әлиев қоры» өзі міндетіне алған екен.

Шушада мұнымен қатар, ХІХ ғасырда салынған армян соборы бар. Қақтығыс нәтижесінде ол сәл бүлінген күйде болды. Алайда, 2021 жылдың басында Әзербайжан басшылығы бұл ғибадатханаға жөндеу және қайта келтіру жұмыстарын бастады.

Юхары Гевхар ага мешіті

«Карабах – Әзербайжан мәдениетінің жауһары»

Шушада жаңадан салынған, қайта жөндеуден өткен ғажап ғимараттар көздің жауын алып, көңілдің хошын келтіреді. Олардың сән-салтанаты кеңестік көпқабат үйлермен немесе қираған ескі құрылыстармен салыстырғанда зор айырмашылыққа ие.

Осы қалада болған екінші күнімізде Шуша көркемөнер галереясы – ұлттық даналық пен сұлулықты танытатын ғажайып нысанында болдық. 30 тамызда Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев мұнда «Қарабақ – әзербайжан мәдениетінің жауһары» көрмесін ашты.

Шуша көркемөнер галереясында

Көрмеде әзербайжанның көрнекті суретшілері мен мүсіншілерінің Қарабақтың тағдырын, табиғатын, халық дәстүрлерінің мәні мен сәнін ашқан тамаша туындылары назарға ұсынылған. Мұнда пейзаждарды, кескіндемелер мен кілемдерді, сәйгүліктерді, Қарабақ мұқамдарын тамашаладық.

Шуша көркемөнер галереясында

Ескерткіштер

Әзербайжанның ұлы композиторы Узеир Гаджибейұлы, ұлы әншісі Бюльбюль мен ақыны Хуршид Бану Натаванның мүсіндері өз мекеніне қайтарылды.

Хуршид Бану Натаванның мүсіні

Кілем тоқу галереясы

Шушада біз Кілем тоқу галереясын тамашаладық. Оны да «Гейдар Әлиев қоры» қайтадан қалпына келтірген екен. Экспозиция «Шаңыраққа оралу. Қарабақ өнерінің жауһарлары» деп аталады. Мұнда Бакуден әкелінген, сұрқия қолдардан аман сақталып қалған бірегей кілемдер ілінген.

Әзербайжанның ұлттық кілем мұражайы ұйымдастырған көрмеде тіл жетпес тылсым сұлулығы бар түкті және түксіз тықыр кілемдер, қоржындар, ұлттық кестелер, кәстөмдер көрермен назарына ұсынылған. Қызығы: кілем суреттерінде халықтың мал шаруашылығындағы өмірі, тарихи сюжеттер және қала тірлігі бейнелеген.

Қарабақтың әр ауылында кілем тоқу өнерінде бағзы заманнан бері қалыптасқан өзіндік дизайны мен әшекей-бедері болған екен. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Шуша осы кәсіптің орталығына айналыпты. Шуша кілем тоқушылары 1867 жылғы Парижде өткен халықаралық көрмеге қатысып, жүлдегерлері атанған тарихы бар екен.

Жад. Тарихи фотосуреттер

Шушаның біз танысқан тағы бір айтулы нысандарының бірі – «Жад. Фотографиялық шежіре». Ол көне турухтана, бай мәдениеттен, сұлу да маңғаз табиғаттан, әзербайжан дәстүрлерінен сыр шертеді. Мұнда байырғы Шуша көріністері бейнеленген суреттер бар. Оның көпшілігінде атақты орыс суретшісі Василий Верещагиннің еңбектері орын алған.

Байырғы Шуша көріністері

Иса бұлағы

Шушада біз қаланың басты рәмізінің бірі, күмбір аңызды «Иса бұлағын» көру бақытына ие болдық. Келуімізден екі күн бұрын, 9 қыркүйекте, Шуша Мемлекеттік қорығы мәрмәр тасынан керемет құрастырылып өрілген «Иса бұлағы» қайнарын ашқан екен. Қайнардың су көзі толық қалпына келтіріліпті. Біз оның қасиетті зәмзәмін: «Жаратқан ием Әзербайжан жұртына бақыт, береке берсін», - деп мейірімізді қандыра іштік.

«Иса бұлағы»

Туған қаламен қауышу

Шушада болған кезімізде, біз көңіл толқытар керемет оқиғаның куәсі болдық. Бұл - бұрын осы жерді мекендеген тұрғындардың өз жеріне оралуы еді. Бұл ерекше оқиғаға Шуша қаласындағы Әзербайжан Президенті өкілдігі мен Мемлекеттік қорығы басқармасы мұрындық болды. Бұл шушалықтардың туған өлкесіне деген екінші сапары екен. Бірінші сапары 19 тамызда болыпты. Тұрғындарға қасиетті мекенінің тарихи жерлерін, бұрынғы тұрған шаңырақтарын көруге мүмкіндіктер жасалған.

Соғыстан кейін Қарабақ тұрғындарының жаппай, кең көлемде өз мекеніне оралулары үшін ауылдар мен қалаларды қайта жөндеп, олардағы тіршілікті жандандыру мақсатында Әзербайжан мемлекеттік бюджетінен 2,2 млрд манат ($1,295 млрд) бөлінген екен. 2021 жылдың бірінші жарты жылдығында бөлінген қаражаттың 16,9 пайызы немесе 372 млн манат ($220 млн) қаржы пайдаланылған.

Физули әуежайы – Қарабақтың әуе қақпасы

Шушадан Бакуге қайтар жолымызда біз Әзербайжанның Физули ауданында Физули Халықаралық әуежайымен танысып шықтық.

Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев 14 қаңтарда Физули Халықаралық әуежайының іргетасын қалапты. 29 тамызда жүріп жатқан әуежай құрылысын көрген, яғни біздің келуімізге екі апта бұрын ол бұл нысанды «Қарабақтың әуе қақпасы» деп атаған екен.

Физули Халықаралық әуежайы

Мұнда бізді «Азербайджан хава йоллары» компаниясының өкілі Валех Амирасланов қарсы алды.

Физули Халықаралық әуежайы

Наурыздан кейін ұзындығы 2,5 км болатын ұшу-қону алабы, бес трансформаторлық қосалқы станциялар, екі артезиан ұңғымасы, кірме жолдар салынды. Осы уақытты аэронавигациялық құралдар және терминалдар орналастыру жұмыстары қатар жүргізілген.

Шын мәнінде, әуежай жарты жылда салынып бітіпті. Бұлар – 400 тоннаға дейін ұшу кемесін қабылдайтын ұзындығы 3 000 м. көлденеңі 60 м ұшу-қону алабы, 8 әуе кемесіне есептелген перрон – көлемі 60 000 ш.м. және сағатына 200 жолаушыға қызмет ететін көлемі 6 500 ш.м. терминалы кешені. Терминал дизайны ғажап жасалған. Әуежай ғимаратында соңғы әсемдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа, Физули мен Шуша қалаларын әуежаймен қосатын автомобиль жолы салынып жатыр.

Физули Халықаралық әуежайы

Міне, 5 қыркүйек күні Физули әуежайы Бакуден ең үлкен екі әзербайжан ұшақтарын – Boeing 747-400 жүк ұшағын және Airbus A340-500 жолаушылар ұшағын қабылдады.

Израиль эксперті Арье Гут бұл жайында былай деген еді: «Физули әуежайының ашылғаны – аса маңызды оқиға, бірақ бұл жаңа Қарабақты дамыған инфрақұрылымы мен экономикасы бар жайқалған өлкеге айналдырудағы соңғы меже емес екені, анық».

Қарабақта тағы екі халықаралық әуежай салынатынын ерекше атаған жөн. Екіншісі – Зангилан ауданында, Армения мен Иран елдерімен шекаралас жерінде орналаспақ. Ол халықаралық көліктік-логистикалық орталық болуы көзделуде. Ал үшінші әуежай Лачин ауданында салынуы жоспарлануда. 

Физули қосалқы электр станциясы

Сонымен қатар біз Физулиде әуежайды және қаладағы барлық жаңа инфрақұрылымдарды электр қуатымен қамтамасыз ететін арнайы салынған 110/35/10-киловольттық қосалқы станцияны көріп шықтық.

Физули қосалқы электр станциясы 

Қорытынды

Біз Қарабақта, әсіресе Шушада әзербайжан халқының өз еліне, өз жеріне деген шексіз махаббатының көрінісін көрдік. Тек осындай қуатты да шуақты перзенттік сезім ғана халықты жаппай сәттілікке жетелейтіні анық. Сондықтан Қарабақ сол аймақтағы халықтың игілігі үшін қайта түлеп, жайнай гүлдеп, айналасына бақыттың, шаттықтың шуағын шашатынына бек сенемін!

Барлық құқықтар қорғалған. baq.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз: https://baq.kz/news/othernews/azirbayzhan-zhol-zhazbalary/