Перуашев
Азат
Тұрлыбекұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Азат Перуашев Жетісу халқына конституциялық реформаның өзектілігін түсіндірді

    Бүгін Конституциялық өзгерістер бойынша референдумға дайындық аясында Жетісуда қарбалас жұмыс атқардық. “Ақжол” демпартиясының Алматы облыстық филиалы жетекшісі Мираш Шынасылова мен оның өңір бойынша орынбасары Ермек Егінбаевтың жоспарлауымен Қарабұлақ ауылында Ескелді ауданының бюджеттік қызметкерлері және кәсіпкерлерімен кездестік.

    Конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы баяндап, Қаңтар оқиғасы кезінде анық көрінген оның негізгі себептеріне баса назар аудардым. Референдум туралы шешім қабылдай отырып (парламенттегі талқылаудың орнына), Қ. Тоқаев азаматтық ерлік пен көрегендік танытты деп ойлаймын. Қаңтардағы мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысқандар президент және оның реформаларының оппоненттері билік үшін барлық әрекетке дайын екендіктерін көрсеткендіктен, бұл ерлік болып табылады.
Халық Конституциядағы өзгерістерді мақұлдаған жағдайда Мемлекет басшысы мемлекеттіліктің жаңа парадигмасының дамуындағы алдағы барлық өзгерістеріне карт-бланш алатындықтан, бұл көрегендік. Келесі кезеңдерде бұл өзгерістер Конституциялық реформа бойынша болжағандарымыздан да терең болатынына кәміл сенемін.

    Мұндай түсінікке Конституцияның 3-бабы құқықтық негіз бола алады, онда Республикадағы биліктің жалғыз көзі халық болып табылатындығы жазылған. Яғни, халықтың сенімі батыл өзгерістерді толық ақтайды.

    Осы орайда, саяси партияға мүше болуға және туыстарына мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жетекші лауазымдарға ие болуға тыйым салу секілді Президент өкілеттігін шектеулерге қатысты да өз ойымды білдірдім. Бірінші жағдайда, Мемлекет басшысы өзін ұсынған партияның немесе пікірлес топтың мүддесі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан халқына, соның ішінде, өзіне қарсы дауыс бергендерге де қызмет ететіндігін білдіреді. Бұл мемлекет басшыларының саяси мәдениеті мен азаматтық кемелдігінің жаңа деңгейі. Екіншісі, жеке партияның ғана емес, өз отбасының артықшылықтарын ойлаудан Президентті қорғай отырып, қоғамның өткір талқысына түскен 1-талапты толықтыратын норма. Осы арқылы непотизм саясаты мен кадрларды іскерлік қабілеттері бойынша емес, мемлекет басшысына жақындық критериі бойынша таңдауға тосқауыл қойылады.

    Сондай-ақ, парламент және оның палаталарының, жоғарғы аудиторлық палатасының және Конституциялық соттың статусындағы өзгерістерге, партиялық және сайлау жүйесін дамытуға қатысты көзқарасымды білдірдім.

    Жер және қазба байлықтарының Қазақстан халқына тиесілі екендігі туралы норманың Конституцияда бекітілуі ірі шетелдік инвесторлармен, соның ішінде бұрынғы ӨБК-ны ұзарту бойынша келіссөздерде ұлттық мүддемізді табанды түрде қорғауға мүмкіндік беретінін атап өттім.

    Тұтастай алғанда, бүкіл реформаның мақсаты, менің ойымша, билік пен шенеуніктерді қоғамның қажеттіліктері мен сұраныстарына жақындату, жаңа саяси жүйені (бұрынғы суперпрезиденттік жүйенің орнына президенттік) қалыптастыру, мемлекеттік басқару мен өзара әрекеттесудің жаңа үлгісі болып табылады. Сонымен бірге ол адамдарды эйфория мен тым биік үміттерден де сақтандырдым: Жаңа Қазақстан немесе Екінші Республика туралы айта бастағанымыздан өмір өздігінен өзгеріп кетпейді. Ұлтты алда қыруар жұмыс күтіп тұр, ал Конституциялық реформа – мұндай өзгерістерге жол ашатын алғашқы қадам ғана. Бірақ, бұл мүмкіндіктерді қалай пайдаланатынымыз өзімізге байланысты. Ал қазіргі кезеңде біз ең болмағанда шыншыл бола аламыз: мемлекеттік органдар қоғаммен, ел азаматтары өз араларында, соның ішінде референдумда өз таңдауымызды жасау және дауыстарды әділ (әдеттегідей емес!) санау арқылы. Бұл қазірдің өзінде Жаңа Қазақстанға бет алған қозғалыс болмақ.
Риясыз әңгіме өрбіттік, қалай болғанда да, айтқым келгенді ел естігендей әсерде қалдым.

    Мұнан кейін Ескелді аудандық ауруханасының дәрігерлерімен және медицина қызметкерлерімен өте қызықты, айтарлықтай эмоционалды кездесу өтті. Бұл жерде біздің әңгімеміз ұжым тарапынан қызығушылық тудырып, қолдау тапты.
Ауданның жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жаттықтырушылармен, жас спортшылармен еркін пікір алмастық.

    Одан кейін Текеліде қалалық сүт зауытының еңбек ұжымымен жүздестік. Мұнда кәсіпорын басшылығы конституциялық реформаны талқылаумен қатар, шикізатты сатып алу бағасы сүттің 105 теңге/литрінен 180 теңгеге дейін көтерілгендіктен, азық-түлік тауарларының әлеуметтік бағасын субсидиялау қажеттігі туралы алаңдаушылық білдірді, ал әкімдік. өңделген тауарлардың (сүт, сүзбе, май) бағасын көтермеуді талап етеді. Сондай-ақ, ақылы жолдардың енгізілуіне байланысты компанияның өнімдерін тасымалдауға кететін шығындары күрт өсті (айтпақшы, теміртаулық сауыншылар да бұрын осындай мәселені көтерген болатын) және бұл шығындарды да әлеуметтік бағаға «сәйкестендіру» керек.
    Үкіметке тиісті сауалдар дайындаймыз.

    Текелі тау-кен байыту комбинатында қызықты кездесу өтті. Кәсіпорын баяғыда жабылған қорғасын-мырыш зауытын ауыстырды; инвесторлар 700-ден астам жұмыс орнын құруды қамтамасыз етті, тіпті тапсырыссыз кездің өзінде де ауыспалы кесте бойынша жұмысты жалғастыруда және мәжбүрлі демалыстағы қызметкерлердің жалақысының 50% төлеуде.

    Жұмысшы ұжым – кеншілер мен металлургтер — Қ.Тоқаевтың «Мықты президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» формуласындағы Парламент пен Үкімет арасындағы қарым-қатынасқа; бағдарламаларды орындамағаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі; «Жер мен жер қойнауы халықтікі» жаңа нормасы аясында отандық өңдеушілерді қолдау мәселелеріне ерекше қызығушылық танытты.
Ұжым кеншілер мен металлургтердің зейнет жасын қайтаруды талап еткен «Ақ жол» партиясына ерекше алғысын білдірді, осы орайда Премьер-министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың Үкіметтің бұл мәселені қарастыратыны туралы бүгінгі мәлімдемесін айтып қуанттым. Бұл жаңалықты ыстық ықыласпен қарсы алды.

    Жиынға келген кәсіпкерлер де теміржол тұйықтары монополистерімен ұзақ уақытқа созылған дау-дамай, ақыры тарифтің 95%-ға төмендеуіне әкелгені үшін біздің партияға зор (сөзбе-сөз!) алғыстарын білдірді. ШОБ өкілдері де біздің бұдан былайғы талаптарымызды – бұл тұйықтарды мемлекетке ғана емес, жеке кәсіпорындар санатындағы заңды иелеріне қайтару туралы бастамамызды да қолдады. Бұл жұмысты жалғастыруға уәде бердім.

    Орайлы сәтті пайдалана отырып, осы зауыттағы екі мартен пешінің құрылыс барысымен таныстық.

    Одан кейін қалалық мәдениет үйінде Текелі қаласының тұрғындармен үлкен жиын өтті. Халық жоспарланған өзгерістер қолдайтынын, конституциялық реформа шын мәнінде ел мен азаматтарының өмірінде жаңа дәуір ашатынына сенім білдірді.
    Сумен қамтамасыз ету, партиядан тыс кандидаттарға мәслихаттардың кезекті сайлауына қатысу, жаңа қоғамдық бірлестіктер құру және әкімдерді сайлауға толығымен көшу мәселелері бойынша бірқатар өтініштер айтылды. Жиынға қатысқан қала әкімі қаланың су құбырын тарту бойынша қолданыстағы құжаттарды беруге дайын екенін айтты, бұл мәселемен бюджетті нақтылау кезінде айналысамыз.

    Мәслихат сайлауына қатысу мәселесіне қатысты Конституцияға енгізілген өзгерістерде облыстық мәслихаттарға сайлаудың аралас, ал қалалық және аудандық мәслихаттарға мажоритарлық сайлау жүйесі қарастырылғанын айттым. Сондықтан мұндай сайлауға партиялық емес кандидаттар қатысуға мүмкіндік алады. Жаңа қоғамдық бірлестіктерді құру мәселесіне келетін болсақ, Әділет министрлігі оларды тіпті екі азаматтың да тіркеу мүмкіндігі туралы норма дайындап жатыр, сонымен қатар жаңа саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар да айтарлықтай жеңілдетілді.

    Әкімдерді сайлауға қатысты, бұл реформа Президент Қ.Тоқаевтың алғашқы маңызды жаңашылдықтарының бірі болғанын, өткен жылдың шілде айынан бері жүздеген ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдері сайланғанын, оның ішінде «Ақ жолдан» да үміткерлер өткенін атап өттім. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін тікелей сайлауға көшу 2024 жылға жоспарланған; ал облыс әкімдері үшін Конституцияға енгізілген түзетулер президент ұсынған және мәслихат таңдаған кемінде екі кандидатты тағайындауды көздейді - яғни шын мәнінде бұл да таңдаудың жанама болса да, бір түрі.
Осы кездесуден және қатысушылармен әңгімелесуден жігерленіп қайттым.

    Кешкісін «Ақ жол» демпартиясы жергілікті филиалының басшылығы мен Алматы облысындағы мәслихат депутаттарымызбен жиын өткіздік. Ертеңгі жұмыс кестесін жоспарладық.