Перуашев
Азат
Тұрлыбекұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Азат Перуашев Мәжілістің бюджеттік бастамаларына үкімет тарапынан тосқауыл қою тәжірибесін тоқтатуды талап етті

    Азат Перуашев Мәжілістің бюджеттік бастамаларына үкімет тарапынан тосқауыл қою тәжірибесін тоқтатуды талап етті. Мұндай ұсынысты ол Үкімет пен Есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы бойынша есептерін талқылау барысында айтты (https://akzhol.kz/kk/blog/kmett-biudzhett-atarlu-tural-eseb-bojnsha-a-zhol-dp-frakciiasn-stanm ).

    «Ақ жол» басшысы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 23 наурыздағы барлық мемлекеттік компаниялардың таза кірісінің 100 пайызын бюджетке аудару туралы тапсырмасын еске салды.

    Бірақ үкімет мұны «бір реттік» бұйрық деп түсініп, бюджетке 100, тіпті 50 пайызын емес, мемлекеттік компаниялардың табысының 16 пайызын ғана жіберді.

    Биылғы жылдың сәуір айында «Ақ жол» фракциясы ұлттық компаниялар кірісінің 100 пайызын бюджетке қайтару туралы талапты заңға енгізуді ұсынды, бірақ біздің ұсынысымыздан бас тартты. Өйткені, Парламент туралы заңға сәйкес, депутаттардың бюджетке қатысты бастамаларын Үкімет мақұлдауы тиіс.

    «Жаңа Қазақстан аясында Үкіметтің Парламенттің мұндай бастамаларына тосқауыл қою құқығын қайта қараудың уақыты келді деп есептейміз», - деген А.Перуашев Есеп комитетінің тексеру қорытындысында көрсетілген деректерді келтірді.

    Мысалы, Президенттің жаңа мемлекеттік кәсіпорындарды құруға мораторий жариялағанына қарамастан, ондаған жаңа РМК пайда болды.

    Квазимемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіруде ірі бұзушылықтар анықталды. 2021 жылы 66 кәсіпорын нарықтық құннан 3 есе төмен бағамен сатылды (22,2 млрд теңгеге қарсы 7,2 млрд теңге), 18 нысан нарықтағыдан 11 есе арзан сатылды (нарықтық құны 9,4 млрд теңге, сату бағасы 864 млн теңге).

    «Мұның барлығы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін білдіріп, құқық қорғау органдарының назар аударуын талап етеді», - деп атап өтті Перуашев.

    Бұл ретте квазимемлекеттік кәсіпорындар бірдей функцияларды жиі қайталайды. Мәселен, тұрғын үй бағдарламаларымен «Бәйтерек девелопмент», «Қазақстан ипотекалық компаниясы», «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры», «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы», «Баспана» ипотекалық ұйымы, «Самұрық-Қазына констракшн», «Қазақстан тұрақтылық қоры» мемлекеттік компаниялары айналысады.

    Инвестицияларды тартумен – «Тікелей инвестициялар қоры», Ұлттық банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясы, «Самұрық-Қазына Инвест», «Қазына капитал менеджмент», «Каз Тех Венчурз», «Казах Прожект Препарейшн фонд» және т.б.

    «Олар шын мәнінде қаншалықты инвестиция тартып, қаншама пайда әкеліп жақындарына, кеңселеріне, жалақыларына, сыйақыларына қанша ақша жұмсайтыны – үлкен сұрақ», - деп санайды «Ақ жол» басшысы.

    «Ақ жол» фракциясы бұған дейін қаржы үнемдеу және байланысты салалардағы саясатты бір жүйеге келтіру мақсатында осындай құрылымдарды біріктіруді ұсынған болатын. Алайда, депутаттардың бұл ұсыныстарын мемлекеттік органдар назардан тыс қалдырды. Осыған байланысты «ақжолдықтар» Жаңа Қазақстан аясында Үкімет тарапынан Мәжілістің бюджеттік бастамаларына тосқауыл қою тәжірибесін тоқтатуды ұсынды.

    «Ақ жол» демократиялық партиясы осы және басқа да бастамаларды заңнаманы Конституцияның жаңа редакциясына сәйкестендіру барысында енгізетін болады.

    Ақпарат үшін: «Ақ жол» ҚДП фракциясы дауыс беру кезінде Үкіметтің бюджеттің атқарылуы туралы есебін қолдамады.