Тау
Нұргүл

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік - мәдени даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Қосымша білім беру педагогтары еңбекақы төлемі мәселесі туралы депутаттық сауал

Құрметті Әлихан Асханұлы!

«Respublica» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмысы барысында өңірлердің сайлаушыларынан көптеген пікірлер мен ұсыныстар келіп түсті. Атап айтқанда, Алматы қаласының қосымша білім беру педагогтары еңбекақы төлемі мәселесін қайта қарауға жәрдемдесу туралы өтініш білдірген болатын.

        Балаларға қосымша білім беру жүйесі үздіксіз педагогикалық процестің құрамдас бөлігі болып табылады.  Шынында да,  мектеп жалпы білім береді, ол өте  маңызды,  бірақ жеке тұлғаның жан-жақты дамуына,  оның қабілеттерінің ашылуына және ерте кәсіптік бағдар беруге ықпал ететін – ол қосымша білім. Сонымен қатар, сапалы ұйымдастырылған қосымша білім балаға ерте жастан  өзін-өзі анықтауға көмектеседі,  толыққанды өмір сүруіне,  өзін-өзі  жүзеге асыруына, әлеуметтік маңызды міндеттерді шешуіне мүмкіндік береді.             

       Балаларға қосымша білім беру  мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында,  мектептерде, мектепке дейінгі ұйымдарда, колледждер мен жоғары оқу орындарында,  мәдениет және спорт ұйымдарында,  жеке ұйымдарда  бюджет қаражаты және ақылы қызметтер есебінен жүзеге асырылады.

        Оқу-ағарту министрлігінің мәліметтер базасы бойынша соңғы үш жылда мемлекеттік білім беру, шығармашылық және спорт тапсырыстары  бойынша қосымша біліммен қамтылған балалардың саны  12%-ға (63,5 % -дан  - 75,5 % ға) өсті. Бұл қосымша білім беру оқытушыларына жүктеменің артуын көрсетеді, бірақ олардың қызметтеріне ақы төлеу өзгеріссіз қалуда.

         Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 249 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасында» 23 нысаналы индикаторға сәйкес  балаларды қосымша біліммен қамту  2023 жылы – 81,1 %, 2024 жылы – 86,3%, 2025 жылы - 90%, 2026 жылы – 95 %, 2027 жылы -100 %, 2028 жылы -100 % және  2029 жылы – 100% -ға қол жеткізу көзделген.  Алайда, еңбекақының өзгеріссіз қалуы қосымша білім беру педагогтары қызметі сапасының төмендеуіне әкеле отырып, аталған көрсеткіштердің орындалуына ықпал ететіні сөзсіз.  

         Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №123 «Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес қосымша білім беру педагогтары «В3» блогына, мектеп мұғалімдері «В2» блогына бекітілген.  Алайда қосымша білім беру педагогтары да сол орта білім беру педагогтары оқыған жоғарғы педагогикалық оқу орындарын бітіргендіктерін, солар сияқты толыққанды жұмыс істейтінін, тест тапсырып, аттестациядан өтетінін, кәсіби біліктілігін арттыратындарын, бірақ соған қарамастан олардың жалақысы мектеп мұғалімдерінің жалақысынан  24%-ға төмен екенін айтты. Нақты айтатын болсақ, бастауыш және орта білім беру жүйесінде жоғары білімді, тәжірибесі жоқ жас мұғалімнің бір ставка көлеміндегі жалақысы аптасына 16 сағаттық жүктемемен 145 115,40 теңгені құраса, қосымша білім беру жүйесінде аптасына 18 сағат жүктемемен – 124 586,88 теңгені құрайды. Алайда, қосымша білім беру педагогының еңбек шығыны мектеп мұғалімінің еңбек шығынан ешбір кем емес.

       Сонымен қатар, тағы бір айта кететін жайт, «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының  10 тарамағының  4-қосымшасына сәйкес ғылыми-педагогикалық бағыттағы «магистр» дәрежесі үшін қосымша ақы  жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне және әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) оқытушыларына ғана қарастырылған. «Магистр» дәрежесі бар қосымша білім беру педагогтары үшін қосымша ақы қарастырылмаған.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің еңбегі үшін ешбір кемсітусіз сыйақы алуына құқығы бар.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде лауазымдық жағдайының себептері бойынша немесе өзге де мән-жайлар бойынша еңбек құқықтарын іске асыру кезінде ешкімді қандай да бір кемсітушілікке ұшыратуға  болмайтыны белгіленген.

«Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабының 1 тармағына сәйкес, «педагог – педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, білім беру қызметін әдістемелік қолдау немесе ұйымдастыру бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын адам» делінген.

       Аталған Заңға сәйкес қосымша білім беру педагогтарының тиісті бейіні бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар және олар жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде, балалардың тұлғалық өзін-өзі анықтауын дамыту үшін жағдай жасауда педагогтың кәсіби қызметін жүзеге асырады,  баланың қабілетін анықтап, қоғамдағы әлеуметтік өмірге бейімдейді, азаматтық санасын, жалпы мәдениетін, салауатты өмір салтын қалыптастырып, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру үшін жұмыс жасайды.  Сондай-ақ,  мектеп мұғалімдері сияқты қосымша білім беру педагогтеріне де құзыреттілік критерийлері мен талаптары бірдей қойылады.

Еңбекақы төлеу жүйесін әзірлеу кезінде белгілі бір мақсаттар мен міндеттерді басшылыққа алу қажет деп ойлаймын. Негізгі ретінде мыналарды атап өтуге болады:

- еңбекақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктерді сақтау;

- еңбекақы төлеу мен еңбекті ынталандырудың бірыңғай тәсілін қамтамасыз ету (еңбек құқығының негізгі қағидаттарының бірін іске асыру – тең еңбек үшін тең төлем);

- еңбекақы төлеу жүйесінің тиімділігі мен экономикалық негізділігін қамтамасыз ету (төлем жүйесі қаржылық мүмкіндіктерге сәйкес келетіндей етіп құрылуы тиіс);

- персоналдың қызығушылығын күшейте отырып, жүйе қызметінің нәтижелеріне қол жеткізу (персоналдың мүдделілігі жұмыс сапасына және тиісінше қызметтің нақты саласын дамытуға әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады).

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында, «әрбір қазақстандық оқушыға  оқу және жан-жақты даму үшін лайықты жағдайлар жасалуы   тиіс»  екенін атап көрсеткен.  

Бүгінде қосымша білім беру педагогтарының еңбекақысын төлеу және оларды ынталандыруға бірыңғай көзқарастың жоқтығын назарға ала отырып, Президент Жолдауында айтылған контексте көрсетілгендей, осы мәселені қосымша зерделеу және пысықтау қажеттілігі туындап отырғаны анық.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, «Respublica» партиясы депутаттарының фракциясы:

1) осы депутаттық сауалда баяндалған мәселелерді қарауға және қосымша білім беру педагогтері еңбекақысын төлеу жүйесіне тиісті талдау жүргізуді;

2) қосымша білім беру педагогтеріне еңбекақы төлеуге байланысты қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, атап айтсақ, «Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №123 бұйрығындағы «қосымша білім беру педагогы» лауазымын «В2» блогына енгізуді ұсынады.