Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
04.02.2021

Мәжіліске медицина саласынан келген депутаттар коронавирусқа қарсы екпе салдырды


Нұр-Сұлтан, 4 ақпан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаттары Зарина Камасова, Ғалымжан Елеуов және Лариса Павловец бүгін коронавирус инфекциясына қарсы екпе жасады.

Мәжіліс депутаттары вакцинаның бастапқы кезеңінен өздерінің медициналық әріптестерімен қатар алғашқылардың бірі болып өтті. Олар VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары болып сайланғанға дейін індетпен күрес шеңберінде аймақтарда медициналық мекемелерде жұмыс істеп, халыққа қажетті көмек көрсетті. Мысалы, дәрігер-хирург Ғалымжан Елеуов Ақтөбе қаласындағы «Клиника дару» оңалту медицина орталығы директоры ретінде індет кезінде клиника базасында 200 төсек-орынға арналған провизорлық орталықтың ашылуына бастама жасаған. Осы уақыт ішінде онда 2,5 мыңнан астам адам емделді.

Депутаттар жаппай вакцинациялау ұжымдық иммунитетті тез қалыптастыруға және қазақстандықтардың өмірін қалыпты жағдайға келтіруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

- Дәрігер ретінде мен қазір тек жаппай вакцинация коронавирустың таралуына қарсы тұра алатындығын жақсы түсінемін. Әрине, бұл әр адамның ерікті шешімі. Мен өзім үшін бұл мәселені біржақты шештім: екпе жасағым келеді, өйткені менің денсаулығым, туыстарым мен достарымның денсаулығы осыған байланысты, - деді Мәжіліс депутаты Лариса Павловец.

Сонымен қатар, депутаттар екпе енгізілгеннен кейін денсаулықтарының бірқалыпты екендіктерін айтты.

Қалған депутаттарды вакцинациялау наурыз айында Денсаулық сақтау министрлігінің кестесіне сәйкес жүргізіледі.

Ал, Мәжіліс Төрағасына қатысты айтар болсақ, Нұрлан Нығматулин осыған дейін коронавирус инфекциясымен ауырғандықтан, жеткілікті антиденелер бар. Осыған сәйкес, екпе салдыруды қажет ететін медициналық көрсеткіштері жоқ.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі