10.06.2021

Мәжіліс депутаттары мен ауған парламентарийлері екіжақты ынтымақтастықты талқылады


Нұр-Сұлтан, 10 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Қазақстан мен Ауғанстан парламентшілері әйелдерді экономикалық және қоғамдық-саяси өмірге тарту мәселелерін талқылады. Халықаралық онлайн-кездесу ауған тарапының бастамасы бойынша өтті.

Кездесуге Қазақстандық тараптан Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан,  Жәмиля Нұрманбетова және Лаззат Рамазанова, Екатерина Смышляева және Қазақстан Республикасы Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Талғат Қалиев қатысса, ауғастандық тараптан Ауғанстан Ислам Республикасының Әйелдер істері министрінің м. а. Хасина Сафи,  Ауғанстандағы  Адам құқықтары және азаматтық қоғамдастық істері жөніндегі Волеси Джирга комиссиясының төрағасы Нахид Фарид және басқа да депутаттар қатысты.

Іс-шарада Айгүл Құспан екі кіжақты саяси диалог, парламентаралық қатынастар, сондай-ақ, Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту туралы сөз сөйлеп, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда өтіп жатқан реформалар, оның ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі әйелдердің рөлін арттыру, сондай-ақ осы мақсатта қазақстандық заңнаманы жетілдіру туралы айтты.

Отырыс барысында Қазақстандағы саяси реформалар, гендерлік және отбасылық-демографиялық саясат туралы баяндалды.

Сонымен қатар, Орталық Азия мен Ауғанстандағы әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту туралы мәселе көтеріліп, екі жақты сындарлы пікірлерімен бөлісті.  

Өз кезегінде Ауған парламентшілері Қазақстанның гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдерді еліміздің экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне кеңінен тарту саласындағы шараларына жоғары баға берді.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-01. Суретті түсірген С.Майлыбаев).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі