Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
16.09.2021

Мәжілісте биологиялық қауіпсіздік мәселелері туралы заң жобасының таныстырылымы өтті


Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде конференцбайланыс арқылы «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» және оған ілеспе заң жобаларының таныстырылымы өтті.

Отырысты ашқан Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Дархан Мыңбай Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламенттің VII шақырылған екінші сессиясының ашылуында биологиялық қауіпсіздікті болжаудың ұлттық жүйесін құру міндетін қойғанын, ол «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасында көзделгенін, Парламент осы сессияның соңына дейін ол заң жобасының қабылдануын қамтамасыз етуге тиіс екенін айтты.

Дархан Мыңбай атап өткендей, қазіргі уақытта жаһандану процесінің жеделдеуі нәтижесінде жұқпалы аурулардың таралу қаупі үнемі артып, бұл біздің елімізде және бүкіл әлемде коронавирустық инфекцияның тез таралуымен расталып отыр.

Заңнамада, әртүрлі нормативтік-құқықтық актілерде қауіпті биологиялық материалдарды есепке алу, оны бақылау, физикалық қорғау жөніндегі шараларды іске асыру көзделген. «Қосарланған» мақсаттағы биологиялық материалдарға, жабдықтар мен технологияларға экспорттық бақылау орнатылды. Олардың айналымы тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Алайда, биологиялық қауіпсіздіктің жалпы түсінігінің тұжырымдамалық негізі, сондай-ақ оны қамтамасыз ету жүйесі жоқ.

Осыған байланысты, алғаш рет Қазақстан Республикасында биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің біріздендірілген жүйесін құруға бағытталған заң жобасы әзірленді. Мұндай жүйенің негізгі мақсаты биологиялық қатерлерді ерте анықтау және оның алдын алу болып табылады.

Отырыста Денсаулық сақтау вице-министрі, Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов заң жобасына қатысты енгізілген жаңалықтар туралы баяндады.

Вице-министр азаматтардың биологиялық қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтін бірқатар проблемаларды атады. Олар: стратегиялық жоспарлаудың болмауы; деректерді бірыңғай есепке алудың, оларды талдаудың және тәуекелдерді бағалаудың болмауы; тиімсіз рұқсат беру жүйесі; тиімсіз мемлекеттік бақылау; төмен жауапкершілік; зертханалық базаның нашар қамтамасыз етілуі; білікті мамандардың тапшылығы; патогенді биологиялық агенттердің айналысын реттейтін мемлекеттік органдардың бытыраңқылығы.

Бүгінгі күні биоқауіпсіздік халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында, ветеринария, өсімдіктер карантині және ғылым салаларында реттеледі. Олардың қызметі үйлестірілмейді, сондай-ақ осы мемлекеттік реттеу шеңберінде өзара іс-қимыл жоқ, - деді Ерлан Қиясов.

Вице-министрдің айтуынша, бұл ретте биоқатерлердің ауқымына, патогенді биоагенттердің айналыс процесіне, сондай-ақ олардың айналымы бойынша субъектілердің ведомстволық бағыныстылығына байланысты биоқауіпсіздік ұлттық қауіпсіздік органының, қорғаныс, экспорттық бақылау, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық қорғау және ішкі істер саласындағы уәкілетті органдардың құзыретіне де жатады. Осы мемлекеттік органдар қазірдің өзінде өздерінің ведомстволық бағынысты зертханаларын реттеуді жүзеге асыруда.

Отырыс барысында барысында депутаттар мен отырысқа қатысушылар пікір алмасты.

Отырыс барысында айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескеріле отырып, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы – Дархан Мыңбай  жетекшілік ететін жұмыс тобында заң жобасын одан әрі қарауды жалғастыру туралы шешім қабылданды.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01.Суретті түсірген С. Майлыбаев).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі