Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
01.09.2022

Мәжіліс Төрағасы: ел Президенті Парламент жұмысының негізгі бағыттарын айқындап берді


Нұр-Сұлтан, 1 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалық етуімен Парламент Мәжілісінің VII шақырылымы III сессиясының алғашқы жалпы отырысы өтті. Күн тәртібіне кіріспес бұрын Палата Төрағасы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың халыққа жолдаған Жолдауының басым бағыттарына тоқталды.  

«Жолдау бұрын басталған реформалардың логикалық жалғасы болып табылады. Өте маңызды, еліміздің болашақ дамуына, тағдырына қатысты ауқымды мәселелер көтерілді. Ең бастысы, Мемлекет басшысы Жолдауда алғаш рет болашақ сайлау науқандарының кестесін жариялап, еліміздің бүкіл саяси жүйесінің жаңарып-жаңғыруына жол ашып берді», – Е.Қошанов.

Мәжіліс Төрағасының пікірінше, Жолдауда айтқан барлық мәселелер қоғам сұранысына сай келеді. Қазір қазақстандықтарды толғандыратын ең басты мәселе – экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру. Елді баға мен тарифтердің өсуі алаңдатып отыр. Президент Жолдауда көптің көкейінде жүрген осы сұрақтарға нақты жауап берді. Ол «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертуді ұсынды.

Сонымен қатар Палата Спикері Ел Президенті Парламент жұмысының негізгі бағыттарын айқындап бергеніне баса назар аударды.

«Ағымдағы сессияда депутаттар жұмыс істейтін заң жобаларының ерекше маңызы бар және оны қоғам да күтіп отыр. Сондықтан, оларды қарау кезінде халықтың, азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылардың пікірі мейлінше ескерілуге тиіс», – деді Е.Қошанов.

Жалпы отырыс барысында депутаттар бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы», «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Прокуратура туралы»,  «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы  16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Конституциялық заң жобалары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы.  

Сонымен қатар Палата комитеттері «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын, «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан  Республикасының  Ұлттық қорынан  2023 – 2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «Республикалық және облыстық   бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар,  астана бюджеттері арасындағы 2023 – 2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы», 2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобаларын жұмысқа алды.

Сондай-ақ, жалпы отырыс барысында депутаттар ратификациялық заң жобаларын жұмысқа алды. Атап айтқанда,  Қазақстан мен Француз арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарт, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазаcын одан әрі өтеу үшін беру туралы шарт, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жалған тауар белгілерін және географиялық көрсеткіштерді пайдаланудың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісім, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында ақпарат алмасу туралы келісімді, 2011 жылғы 19 желтоқсандағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары бар.

Қазақстан мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы cынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы, Қазақстан мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы дипломатиялық өкілдіктер, халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілдіктер және консулдық мекемелер қызметкерлерінің отбасы мүшелерінің ақылы еңбек қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын Палата комитеттері жұмысқа алды.

Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық комиссияның кадр құрамын қалыптастыру тетігін нақтылау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Бұл хаттама Еуразиялық экономикалық комиссияның кадрлық құрамын қалыптастыру тиімділігін арттыруға ықпал етеді және Еуразиялық экономикалық комиссияның лауазымды адамдарымен және қызметкерлерімен жасалатын еңбек шарттарының талаптарын өзгерту бөлігінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізуді көздейді.

Жалпы отырыста Палата Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты  Андрей  Григорьевич  Линниктің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж. Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі