Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
07.12.2022

Мәжіліс қоғамдық бақылау және еңбек дауларын шешу туралы заң жобаларын мақұлдады


Астана, 7 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы, сондай-ақ еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін оңайлатуға бағытталған түзетулер бірінші оқылымда, цифрлық активтер туралы заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды.

 

«Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасында қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің құқықтары мен міндеттері белгіленеді, қоғамдық бақылау формалары мен жүргізу тәртібі айқындалған. Сондай-ақ оған ілеспе заң жобасында азаматтардың шағымдары мен ұсыныс-тілектерін талдайтын петиция беру институты енгізіледі.

«Қоғамдық бақылауды іске асыруға он сегіз жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады», – деді бұл жөнінде баяндама жасаған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Жұмыс тобының жетекшісі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, заң жобасын қабылдау мемлекет пен азаматтық қоғамның ашық қоғамды дамытудағы өзара іс-қимылының қағидаттарын реттейді. Билік пен қоғам арасындағы сенімді арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында келісу комиссиялары мен еңбек төрелігі институтын күшейту, ереуілге құқықты іске асыру тәртібіне қойылатын талаптарды жеңілдету, еңбек дауларын шешуде кәсіптік одақтардың рөлін күшейту ұсынылады.

«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықпен кездесулер барысында «Барлық еңбек даулары алаңдар мен көшелерде емес, келіссөздер үстелінде шешілуі тиіс – бұл жалғыз дұрыс жол» деп айтып кеткен еді. Негізгі міндет – жұмыс беруші мен қызметкерлердің келіспеушіліктерін реттеу және тараптарды олардың мүмкіндіктері мен мүдделерін ескере отырып, ортақ ұстанымға келтіру», – деді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жанат Омарбекова баяндамасында.

Сондай-ақ Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді, оның ішінде Салық және Әкімшілік кодекстерді, «Астана халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда мақұлдады.

«Заң жобалары Мемлекет басшысының цифрлық майнинг пен оның өнімін реттеу, Қазақстанда криптовалюта экожүйесін құру мәселелері жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді», – деді Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Екатерина Смышляева.

Депутаттың айтуынша, құжаттарды пысықтау барысында Үкімет қорытындысы мен мәжілісмендердің ұсыныстары аясындағы нормалар назарға алынған. Барлығы 300-ден астам түзету түскен, қорытынды кестеде қабылданған 183 позиция бар.

– Қазақстандық қаржы жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер елде төлем құралы, қаржылық актив және қаржы құралы ретінде танылмайды. Ұсынылған қорғаныс шаралары цифрлық активтерді ашық және басқарылатын етеді. Бұл сала жоғары қарқынмен дамып келеді, ал реттеу саясаты тұрғысынан бізге нормативтік құқықтық актілерге бірнеше рет түзету енгізуге тура келеді. Заң жобаларында қазіргі қиындықтар пен тәуекелдер барынша ескерілген, – деді Е.Смышляева.

Талқылау нәтижесінде цифрлық активтерге қатысты заң жобалары мақұлданып, Сенаттың қарауына жолданды.

Сондай-ақ Мәжіліс комитеттері үш жаңа ратификациялық заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама, ЕАЭО тасымалдауды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану туралы, үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы ратификациялық келісім бар.

 

 

 Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04, Суреттерді түсірген С.Майлыбаев.

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі