Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.12.2022

Мәжіліс денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және банкроттық туралы заң жобаларын мақұлдады


Астана, 21 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар денсаулық сақтау мәселелері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін жеңілдетуге қатысты және банкроттық туралы заң жобаларын мақұлдады.

Денсаулық сақтау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобаны депутаттарға Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният таныстырды. Жоба Мемлекет басшысының медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, олардың кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін әзірлеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатымен әзірленген.

«Пациентке келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді сақтандыру компаниясы жүргізеді. Төлемнен бас тартқан және қанағаттанбаған жағдайда пациент сотқа жүгінуге құқылы. Сақтандыру жарнасының мөлшері қауіп-қатердің деңгейіне қарай бекітілген актуарлық есептеулердің негізінде медицина қызметкерінің жауапкершілік дәрежесі ескеріле отырып айқындалады», – деді министр.

Сондай-ақ Ажар Ғиният жыл сайын мемлекеттік және ведомстволық наградалар берілетінін айтты: 3 атақ «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері», «Мамандығы бойынша үздік» республикалық конкурсының 17 жеңімпазына мемлекеттік және ведомстволық наградалары мен 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем беріледі.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Зарина Камасова заң жобасы сақтандыруды енгізу мәселелері бойынша нормалармен толықтырылғанын атап өтті.

«Медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шарттарын жасау кезеңдері белгіленді. Медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасамай, денсаулық сақтау субъектісі жүзеге асыруға құқығы жоқ қызмет түрі заң жобада нақтыланды», – деді Зарина Камасова.

Жалпы отырыста депутаттар бастамашы болған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелеріне қатысты түзетулер қаралды. Жоба бойынша Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Екатерина Смышляева баяндама жасады. Ол заң жобасының мақсаты үйлерді басқарудың сапасын жақсарту екенін атап өтті.

«Заң жобасында жергілікті атқарушы органдарға қосымша құзыреттер, соның ішінде кондоминиум объектілерін тіркеу құқығын беру ұсынылады. 16 пәтерге дейінгі шағын үйлер үшін басқарудың үшінші формасы – тікелей бірлескен басқару қарастырылған. Құрылыс салушыларға жеке меншікке тіркелмеген пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды, автотұрақтарды, қоймаларды сатуға рұқсат етілмейді. Осылайша олар үйді жалға алған кезде кондоминиум объектілері мен ортақ үй мүлкін өз бетінше иелене алмайды. Меншік иелерінен берешекті өндіріп алу туралы атқарушылық жазбаны рәсімдеу енді олардың жылжымайтын мүлкінің орналасқан жері бойынша жүзеге асырылады», – деді Е.Смышляева.

Сонымен қатар депутаттар еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін жеңілдетуге қатысты түзетулерді екінші оқылымда қарады.

Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Жанат Омарбекованың айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – еңбек дауларын реттеу және келіссөздер үдерістерін ұйымдастыру саласындағы заңнаманы жетілдіру. Сондай-ақ келісім комиссиялары, еңбек арбитраждары институты және кәсіподақтардың рөлі күшейтіледі. Талқылау нәтижесінде депутаттар екі заң жобасын да мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді.

Депутаттар азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады.

Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Дания Еспаева негізгі заң жобасы азаматтарға төлем қабілетін қалпына келтіру үшін рәсімдердің үш түрін атап өтті. Олар: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілетін қалпына келтіруді пайдалануға мүмкіндік беру.

«Осы рәсімдерді азаматтар өз еркімен таңдайды. Яғни бұл өтінішті әр адам өзі тапсыруы керек. Өзге тұлға, мемлекеттік орган не банк өкілі банкроттыққа бере алмайды. Заңның басты ерекшелігі осы», – деді Д. Еспаева.

Сонымен қатар депутат банкроттықтан кейінгі жағдай туралы да баяндады. Олардың бірі – бес жыл ішінде қарыз бен несие алуға шектеу қойылады. Борышкерге сот банкроттығы рәсімдерін жүргізу және төлем қабілетін қалпына келтіру кезеңінде елден тыс жерлерге шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ азаматтар банкроттықты жеті жылдан кейін ғана қайта қолдана алады.

Бүгін депутаттар Мәжіліс Регламентіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды да қабылдады. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Снежанна Имашеваның айтуынша, комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарын өткізу тәртібі, Бюроға және жалпы отырыстарға материалдар дайындау мерзімдері нақтыланды. Саяси партиялардың фракцияларына жалпы отырыста және өзге де іс-шараларда сөз сөйлеу үшін қосымша уақыт берілетін болады.

Бұдан бөлек, депутаттар жалпы отырыста Еуразия экономика одағы аясында медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымының бірыңғай қағидаттары мен ережелері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы екі ратификациялық заң жобасын мақұлдады.

Сондай-ақ Мәжіліс Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекара өкілдерінің қызмет учаскелері туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-96-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі