Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
13.03.2024

Мәжіліс Қылмыстық кодекстерді оңтайландыру туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 13 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар үш заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Олар: әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау мен электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері бойынша заң жобалары.

Жалпы отырыста алдымен әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Ол туралы Әділет министрі Азамат Есқараев баяндады. Министр жоба Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауындағы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленгенін және үш негізгі бағытты қамтитынын атап өтті.

– Біріншісі – жария-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын Азаматтық процестік кодекстен әкімшілік әділет аясына көшіру. Екіншісі – Үкіметке мемлекеттік органдар және мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар арасындағы заңнамалық нормаларды түсіндіру жөніндегі дауларды шешу жөніндегі өкілеттіктерді бекіту. Сонымен қатар әкімшілік рәсімдер туралы заңнаманың жекелеген нормаларын одан әрі түзету, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу, – деді А. Есқараев.

Сондай-ақ министр түзетулер мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға ықпал ететінін, олардың әрқайсысында шағымдарды қарау тәртібінің нақты иерархиясы айқындалатынын айтты.

Бұдан соң Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымнан өтті. Жұмыс тобының жетекшісі Абзал Құспан заң жобасы қоғамның жоғары конституциялық құндылықтарын қоғамдық қауіпті қол сұғушылықтардан қорғауды күшейтетінін, қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың өздерінің іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін тиімді іске асыруын қамтамасыз ететінін және пенитенциарлық жүйеде адам құқықтарының сақталуын арттыратынын атап өтті.

Әділет министрінің айтуынша, түзетулер азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, қылмыстық процестің бәсекелестігін нығайтуға, қылмыстық процесті оңтайландыруға және «бюрократиясыздандыруға» бағытталған.

– Заң бұзушылықтар мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз ету үшін істі «пысықтауға» прокурорға қайтару мүмкіндігін болдырмау және кәсіпкерлік субъектілерін ревизиялау, тексеру ісін жүргізуді прокурормен міндетті түрде келісуді белгілеу ұсынылады. Адвокаттың рөлі, әсіресе, сараптама жүргізу кезінде айтарлықтай күшейтіледі. Адвокат көшірмелерін алуға құқылы құжаттардың тізімі кеңейтіледі, адвокаттың тағайындалған сараптама бойынша қосымша және нақтылау сұрақтары дереу сарапшыға жіберіледі, адвокат сараптама объектілерімен таныса алатын болады, – деді А. Есқараев.

Министр түзетулердің тағы бір блогы қылмыстық істі электронды форматта қарауға мүмкіндік беретінін айтты. Қашықтан жауап алу және беттестіру субъектілерінің ауқымы кеңейеді. Осылайша, жәбірленуші және куәмен қоса, қорғалуға құқығы бар куә мен күдіктіге қатысты бейнебайланыс режимінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, тергеу әрекеттерін жүргізуге болады.

Жалпы отырыста жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері бойынша заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды. Оның мақсаты – халықтың, шағын және орта бизнестің жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы проблемалық мәселелерді шешу. Өз кезегінде, депутат Дүйсенбай Тұрғанов жаңартылатын энергия көздерінің шағын ауқымды объектілерінің ең жоғары қуаты 200 кВт-қа дейін ұлғайтылатынын жеткізді.

– Нетто-тұтынушы жеке тұлғалар дара кәсіпкер ретінде тіркелу міндетінен босатылады. Энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне нетто-тұтынушылардың еркін қол жеткізуін және қосылуын қамтамасыз ету міндеті бекітіледі. Нетто-тұтынушылар электр энергиясын беру қызметтеріне ақы төлеуден босатылады, бұл қосымша және негізсіз шығындардың болмауына мүмкіндік береді. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың нетто-тұтынушымен электр энергиясын сатып алу мен сатудың үлгілік шартын жасасу міндеті бекітілген, – деді Д.Тұрғанов.

Сонымен қатар депутат шағын ауқымды жаңартылатын энергия көздерінің объектісі өндірген электр энергиясының артық мөлшерін энергиямен жабдықтаушы ұйым шекті сату бағасы бойынша сатып алатынын айтты. Бұл норма артық электр энергиясын нетто-тұтынушыдан сатып алу бағасын айқындау жөніндегі даулы мәселелерді болғызбауға мүмкіндік береді.

Жалпы отырыс барысында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды.

Жиын соңында мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 11 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

 

 

 

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суреттер Ж.Жұмабеков, Т.Таныбаев.

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі