Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.04.2024

Су тасқынынан зардап шеккендерге дер кезінде көмек көрсетілуде – Мәжіліс депутаттары


Астана, 6 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде жұмысын жалғастыруда. Қазіргі уақытта елдімекендерге қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Суды бұру, тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде.

Мәжілісмен Нұржан Әшімбетов Павлодар облысының тұрғындарымен және жергілікті құрылымдардың өкілдерімен кездесті. Депутат Мыңқұл және Петропавловка ауылдарындағы жағдаймен танысты. Мұнда құтқарушылар, жергілікті билік пен тұрғындар бірлесіп жұмыс істеуде. Аудан, ауыл әкімдіктері су тасқынының салдарын жою және бұзылған инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша қажетті шараларды қабылдауда.

Қостанай облысында да су тасқыны қаупі әлі де бар. Осы аптада өңірге Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков барып, су басу қаупі бар аймақтар мен шекаралас өңірлерді аралады.

– Қостанайда су тасқынының салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Еріктілер, мемлекеттік органдар мен партия мүшелері қала жағалауларында су тасқынына қарсы іс-шараларды әзірлеуде. Жағалауды нығайту жұмыстары қарқынды жүргізіліп, мыңнан астам қап инертті материал дайындалып, 700-ге жуығы төселді, - деді депутат.

Мәжілісмен Қостанай автомобиль көлігі колледжінің жатақханасында да болып, су тасқынынан зардап шеккендерді орналастыруға дайындығын тексерді. Депутат су тасқынының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге кешенді шараларды жүзеге асыру үшін өзен арналарын тазарту, қорғаныс бөгеттерін нығайту, апатты гидротехникалық құрылыстарды жөндеу шараларын уақытылы қаржыландыру қажеттігін атап өтті.

Бүгін сондай-ақ бір мандатты округ бойынша сайланған депутат Абзал Құспан Батыс Қазақстан облысындағы апаттан зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек қоймасында болды. Депутат пен еріктілердің айтуынша, Оралға 10 тоннаға жуық азық-түлік пен қажетті заттар жеткізілген. Облыс тұрғындары мен кәсіпкерлерден және еліміздің өзге өңірлерінен көмек жіберіліп жатыр. Осының барлығы су басқан аймақтардағы халыққа таратылады. Жолды су шайып кеткен елдімекендерге тікұшақпен жеткізіледі. Әкімдіктің ресми чаттары, еріктілер мен құтқарушылар арқылы тұрғындармен байланыс жасалып отырады. Депутат Абзал Құспан жағдай тұрақталғанша облыста болады.

Жем өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Жылыой ауданында да 2680 тұрғын үй мен әкімшілік ғимаратты су басты. Құлсары қаласы бойынша халықты хабардар ету үшін 5 рет дабыл сиренасы іске қосылды.

Осы жағдайға орай Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Атырау облысы Құлсары қаласына барды. Алдымен ол Қаратон ауылында бөгет тұрғызып жатқан ауыл халқымен кездесіп, бөгеттерді нығайту жұмыстарына да қатысты.

– Апат аясында Үкімет жұмысты күшейтіп, су тасқыны зардаптарын жою үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр. Премьер-министр басқаратын республикалық штаб құрылды. Үкімет басшысы да, оның орынбасарлары да, Төтенше жағдайлар министрі де зардап шеккен өңірлерді аралап жүр. Барлық жергілікті құтқару жұмысы Мемлекет басшысының жеке бақылауында, – деді Дүйсенбай Тұрғанов.

Құлсары қаласының тұрғындарын эвакуациялау жалғасуда. 5 сәуірден бастап барлығы 15 632 адам эвакуацияланды, оның ішінде 5 055-і бала. Құлсары қаласының эвакуацияланған тұрғындарының бір бөлігі өз еріктерімен туыстарына бару үшін Маңғыстау облысының елдімекендеріне кетті. 

Бөгеттерді нығайту жұмыстары күшейтіліп жатыр. Жалпы 1 сәуір мен 6 сәуір аралығында 45 902 қапшық, 174 342 тонна инертті материал төселді.

Мәжіліс депутаты бұдан соң халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Құлсары қаласында ашылған штаб жұмысымен танысты, аудан әкімінің орынбасарымен кездесті.

Қазіргі уақытта жалпы саны 559 қызметкер, 148 бірлік техника, 2 жүзу құралы және 500 ерікті жұмылдырылды.

Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-03

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі