05.06.2019

Бюджет – 2018: Мәжіліс Үкімет пен Есеп комитетінің 2018 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады


5 маусым, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды.

Жедел деректер бойынша 2018 жылы ЖІӨ-нің өсуі нысаналы индикатор 3,8% болғанда,4,1%-ды құрады. Экономикалық өсудің негізгі факторлары жоғары инвестициялық және тұтынушылық сұраныс, сондай-ақ экономиканың базалық салаларындағы өндірістік белсенділік болып отыр.2018 жылы инфляция деңгейі нысаналы дәліз 5-7% шегінде сақталды. Жылдық инфляция 5,3%-ды құрады, оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 5,1%-ға, азық-түлік емес тауарлар бағасы 6,4%-ға және ақылы көрсетілетін қызметтер 4,5%-ға өсті.

Отырыста Палата Төрағасы Н.Нығматулин Үкіметтің және Есеп комитетінің назарын бірқатар маңызды шешілмеген мәселелерге арнап, бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың себептеріне тоқталды. Олар бюджетті жоспарлау барысындағы кемшіліктер, министрліктер мен ведомстволардың бюджеттік бағдарламаларын үйлестірудің жеткіліксіздігі мен осы бюджеттік бағдарламаларда көзделген мақсатты индикаторлардың өзара байланысының жоқтығы.

Сонымен қатар талқылау барысында депутаттар білім беру жүйесіне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, үш тілде білім алуға көшу үшін пән мұғалімдерін ағылшын тіліне оқытудың сапасына қатысты. Депутаттар Білім және ғылым министрлігінің тіл курстарында оқытылатын мұғалімдер туралы деректердің сәйкессіздігіне қатысты мәселелерді көтерді.

Мәселен, үш тілді білім беру жүйесіне қатысты Үкіметтің 2018 жылғы есебіне сүйенсек, республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңгеден астам ақша тіл курстарынан өткен 6740 мұғалімнің жалақысына қосымша төлем ретінде бөлінген. Көрсетілген 6740 мұғалімнің барлығы тіл курстарынан өткен. Алайда 818 мұғалім, яғни 12%-ы ғана толық форматта сабақты ағылшын тілінде өткізеді. Ал қалған 5922 педагог ішінара қамту арқылы сабақ өткізеді. Дегенмен олардың екі категориясы да бірдей қосымша төлемақыға ай сайын 35 394 теңге алады. Бұл жерде ағылшын тілінен түрлі деңгейде сабақ өткізе отырып, бірдей қосымша ақы алған.

Мәжіліс Төрағасы осы білім саласындағы мәселелерді ретке келтіру керектігіне тоқталып, білім саласы жоғары деңгейде заман талабына сай болуы тиіс екендігін айтты. Есеп комитетінің мәліметінше, мемлекеттік бюджетте білім беру саласының үлесі 17 пайызға жуығын құрап отыр, яғни 2 трлн. теңгекөлемінде қаржы бөлінген.

Тағы айта кетітін жағдай, ІІМ-нің 6 ақпараттық жүйесі «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясымен біріктірілген. Бірақ, олардың біреуі де тегіс жұмыс істемейді.

Осы ретте Палата Спикері қаражаттың бөлініп, игерілетінін, ал жүйенің жұмыс істемейтінін алға тартып, мәселені түбегейлі шешу керектігіне тоқталды.

Мемлекеттік органдардың басшыларының нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жеке жауапкершілігін арттыру мәселелеріне назар аударып, отырысты қорытындылаған Мәжіліс Төрағасы:

- Біз жылдағы дәстүр бойынша өткен жылғы бюджеттің атқарылуы туралы мәселені жан-жақты талқыладық. Осы жолда жеткен жетістіктеріміз көп. Сонымен бірге, бірқатар кемшіліктер де байқалып отыр. Оның барлығы алдағы жұмыста ерекше назарда болу керек. Себебі, бюджеттің жоғары деңгейде атқарылуы ол – елімізді дамытудың, халқымыздың жағдайын күшейтудің басты кепілі. Осы жолда Елбасымыз айтқандай, қазынадан бөлінген әрбір тиын тиімді жұмсалу керек. Сондықтан Үкімет те, Есеп комитеті де бүгінгі ұсыныстарды ескере отырып, болашақта айтылған кемшіліктер бойынша жұмыс істеу қажет деп есептейміз, - деді Н. Нығматулин.

Жалпы 2018 жылы республикалық бюджет кірістері 8 789 млрд.теңгені немесе жоспардағы 8 651,7 млрд. теңгеге қарағанда 101,6%-ды құрады.

Түзетілген бюджетте осы бөлімнің бюджеттік бағдарламаларын іске асыруға 9 353,5 млрд. теңге көзделген болатын, оның 9 334,7 млрд. теңгесі немесе бір жылға арналған жоспарға қарағанда 99,8%-ы пайдаланылды.

Бюджеттің «Шығындар» бөлімі бойынша 2018 жылға арналған жоспар 18,8 млрд. теңге сомаға атқарылмады, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметі резервінің бөлінбеген сомасы 16,9 млрд. теңгені, бюджет қаражатын үнемдеу сомасы – 334 млн. теңгені құраса, нәтижесінде республикалық бюджеттік бағдарламалар бойынша игерілмеген сома 1,5 млрд. теңге болды.

Мәжіліс бюджеттің атқарылуы туралы Есепті жалпы отырыста талқылап, Сенатқа жолдады.

(Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген Ж. Құспанов).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі