Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
22.04.2024

Мәжіліс құмар ойынға тәуелділікпен күресу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Астана, 22 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Бұдан бөлек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске масс-медиа мәселелері бойынша енгізілетін түзетулер екі оқылымда қабылданды.

Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді депутаттар Мемлекет басшысының құмар ойындарға тәуелділікке қарсы күресті күшейту туралы тапсырмасы аясында әзірледі. Бүгін заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев құмар ойынға тәуелділікпен күресу қоғам үшін өзекті мәселе екенін атап өтті.

– Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын байқаймыз. Сондықтан мұндай жағдайға әкелетін себептерді жойып, қоғамды бұл дерттен сауықтыру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бүгін қарастырғалы отырған заң жобалары осы мәселені барынша ауыздықтап, реттеуге арналған, – деді Е.Бейсенбаев.

Депутат заң жобасында букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылғанын айтты. Үйлерде, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көліктерде сыртқы жарнама орналастыруға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кинода, мобильді операторлардың SMS хабарламаларында да жарнамаға толық тыйым салынады. Бұл тыйым әлеуметтік желідегі блогерлерге де қатысты.

Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудың жасы 21-ден 25 жасқа дейін көтеріледі. Алимент және несие берешегі өтелмеген азаматтар, яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде тұрған тұлғалар құмар ойындарға қатыса алмайды. Аталған санаттарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Заң жобасы аясында электронды казино мен онлайн казино қызметін ұйымдастырған заңды тұлғаларға қылмыстық жаза қолданылады. Тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру ұйымдарында, ғибадат үйлері мен құрылыстарында лотерея билеттерін таратуға және терминалдар орнатуға тыйым салынады.

Сонымен қатар ойын бизнесін ұйымдастырушылар енді өздерінің аппараттық-бағдарламалық кешендерін Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндеттеледі.  

 Дауыс беру қорытындысында Ерлан Қошанов Ұлттық Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы құмар ойынмен күресу туралы заңды осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырғанына назар аударды.

– Депутаттар екінші оқылымға дейін осы және басқа да ұсыныстарды мұқият зерделеп, заң жобасын жан-жақты талқылап, тағы да пысықтауы керек. Бұл жұмысқа сарапшыларды, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, барлық мүдделі тарапты тартқан жөн, – деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ депутаттар Мәжіліс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске масс-медиа мәселелері бойынша енгізілген түзетулер екі оқылымнан өтті. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндама жасады.

Жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжановтың айтуынша, заң жобасы өткен аптада Мәжіліс қабылдаған «Масс-медиа туралы» заңға ілеспе болып саналады. Өзгерістер оның нормаларын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс баптарымен сәйкестендіруге бағытталған.

– Заң жобасында масс-медиа туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. «Қазақстан Республикасының телерадио хабарларын тарату туралы заңнамасын бұзу» кодексінің 452-бабын алып тастау ұсынылады. Себебі «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның күші жойылады, – деді Ж.Әшімжанов.

Бұдан соң Мәжіліс жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Бауыржан Смағұлов құжат Мемлекет басшысының 2021 жылғы электр энергетика саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленгенін айтты. Заңға «жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі шағын ауқымды объект» ұғымы алғаш рет енгізіліп отыр. Мұндай нысандар артық өндірілген электр энергиясын энергиямен жабдықтаушы ұйымға белгіленген шекті тариф бойынша сата алады. Мәжілісмендер екінші оқылымға дайындық барысында жобаға жаңа нормалар енгізді.

– Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың жиынтық қуаты 10 мегаваттан аспайтын, 2023 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген су электр станциясынан электр энергиясын басымдықпен сатып алу жүзеге асырылады. Газ баламалы отын түрі ретінде пайдаланылатын жылу беру объектілеріне қондырғыларды жаңғыртуға, реконструкциялауға жасалатын инвестициялық келісімдер кеңейтіледі. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласына мемлекеттік реттеу енгізіледі, – деді Б.Смағұлов өз баяндамасында.

Бұдан бөлек Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға 17 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суреттерді түсірген Т.Таныбаев

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі