02.10.2019

Мәжілісте жаңа заң жобалары мақұлданды


Нұр-Сұлтан, 2 қазан, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы I оқылымда қаралып, мақұлданды.

Атап айтқанда, заң жобасында мемлекеттік органдардың жұмылдыру дайындығы саласындағы құзыретінің аражігін ажырату және жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізуді мемлекеттік бақылау құзыретін беру көзделіп отыр.

Құжатта мемлекеттік материалдық резервті уақтылы жаңартуды қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін енгізуге бағытталған нормалар, атап айтқанда, сақтау пункттерінің материалдық құндылықтарды жаңартуын енгізу және материалдық құндылықтарды өтеусіз негізде басқа мемлекеттік органдардың балансына беру бекітіледі. Сонымен қатар, жұмылдыру резервінің дәрілік заттары мен медициналық мақсаттағы бұйымдарын жеткізу, сақтау және жаңарту жөніндегі функцияларды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға және бір дистрибьюторға беру ұсынылып отыр.

Заң жобасында жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға қару-жарақ пен әскери техника бұйымдарына, аса маңызды азаматтық өнімге арналған техникалық құжаттаманың, сондай-ақ тәуекелі жоғары объектілерге, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелеріне және ұлттық игілік болып табылатын объектілерге арналған жобалау құжаттамасының сақтандыру қорын құру және сақтау саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі құзыретті беретін нормалар бекітіледі.

Сонымен қатар, бүгінгі отырыста депутаттар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрестегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Осы ретте Н. Нығматулин өткен аптада ғана Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралғанына тоқталды.

- Елбасы осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті. Шынында да, ақпараттық технологияны қолдану арқылы жасалған қылмыстарға тән белгі, олардың көп жағдайда трансұлттық сипатта болуы және оларды әртүрлі елдердің азаматтарынан тұратын қылмыстық топтар жасауы болып табылады. Сондықтан, бұл қылмыспен күресу тек бір мемлекет шеңберіндегі ғана емес, сонымен бірге түрлі елдердің бірлескен күш-жігерін қажет етеді – деді, Мәжіліс Төрағасы.

Заң жобасының негізгі мақсаты уағдаласушы мемлекеттердің ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру.

Осы Келісімді іске асыру ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алуды, анықтауды, жолын кесуді, ашуды және тергеп-тексеруді қамтамасыз ету мақсатында ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін болады.

Сондай-ақ, бүгін жалпы отырыста депутаттар «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және Әкімшілік-аумақтық құрылыс, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобаларын жұмысқа алды.

Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларына бірнеше депутаттық сауалдар жолдады. Олар Ж. Ахметбеков, Р. Ким, К. Мұсырман, Т. Сыздықов, Ә.Бектұрғанов, А.Перуашев.

(Ақпаратты Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратты. Суретті түсірген Жаслан Құспанов).



Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі