Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.01.2020

Мәжіліс депутаттары «Астана-Теплотранзит» кәсіпорнының қызметкерлерімен Президент Жолдауын талқылады


                Нұр-Сұлтан, 5 қаңтар, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Сапар Ахметов, Павел Казанцев және Жәмилә Нұрманбетова «Астана-Теплотранзит» елордалық кәсіпорнында болды.

                Ұжыммен әңгіме барысында депутаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық сұхбат - Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру мәселелерін талқылады, сондай-ақ Мәжілістегі заңнамалық жұмыстары туралы айтты.

                Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов қылмыстық заңнаманы жетілдіру мақсатында енгізілген түзетулер, атап айтқанда, көлік құралын мас күйінде жүргізу, зорлау және педофилия үшін жазаның күшейтілгені туралы баяндады. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субьектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жайында және тағы басқа да өзекті сұрақтар көтерілді.     

                Ал депутат Жәмилә Нұрманбетова әлеуметтік саладағы жаңалықтарға тоқталды. Ол педагог мәртебесін көтеру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және атаулы әлеуметтік көмек мәселелері туралы сөз қозғады.

                Сондай-ақ, депутаттар кәсіпорын жұмысымен және оның даму перспективаларымен танысып, тариф құру мен ескірген жылу желілері мәселелерін талқылады.

 

                (Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі таратқан, 74-63-04. «Nur Otan» партиясы филиалының материалдары бойынша. Суретті түсірген В. Федюнин).


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі