Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
02.05.2024

Мәжіліс төрағасы Бас мүфтимен және Православие шіркеуінің басшысымен дін туралы жаңа заң жобасын талқылады


Астана, 2 мамыр, Мәжіліс үйі.  Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлын және Қазақстан Православие шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан Митрополиті Александрды қабылдады.

Кездесуде Ерлан Қошанов қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға депутаттар ұсынып отырған түзетулердің негізгі бағыттары туралы айтып берді.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында кезекті рет дін мәселелеріне ерекше назар аударды. Бүгінгі таңда біріншіден қоғамда жасампаз дәстүрлі рухани құндылықтарды тәрбиелеу керек болса, екінші жағынан радикализм мен қараңғылыққа құқықтық тосқауыл қою маңызды. Осыны ескере отырып, депутаттар жаңа заң жобасын дайындады, оны жақында жұмысқа қабылдаймыз, – деді Мәжіліс төрағасы.

Палата спикері діни қызметкерлерді болашақ заңның нормаларын талқылауға, соның ішінде Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата алаңында пысықтауға қатысуға шақырды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Православие шіркеуінің басшылары жаңа заң жобасының жұмысына атсалысуға қызығушылық танытты.

Сонымен қатар олар Мәжіліс төрағасына өңірлердегі су тасқынынан зардап шеккендерге діни қоғамдастықтың қолдауы туралы айтып берді. Бас мүфти мен митрополит дінбасылардың басты міндеті мемлекет басшылығының ұлтаралық бейбітшілікті, конфессияаралық келісім мен достықты сақтау жөніндегі саясатына қолдау көрсету екенін атап өтті.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген  Ж.Жұмабеков.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі