Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
06.01.2020

Мәжілісмендер Қостанай облысының ауыл мұғалімдерімен «Педагог мәртебесі туралы» Заңың талқылады


 

                Нұр-Сұлтан, 6 қаңтар, Мәжіліс Үйі. Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова, Әлия Сапарова, Қуаныш Сұлтанов, Иван Клименко аймақтарға іс сапары аясында Қостанай облысындағы Әулиекөл ауылының тұрғындарымен кездесті.

                 Депутат Қуаныш Сұлтанов атап өткендей, сапардың басты міндеті - Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының басым бағыттарынын жүзеге асырылуына, сондай-ақ аудан тұрғындарының бүгінде қандай проблемалармен кездесіп отырғанына тағы бір рет назар аудару.

                Әулиекөл бастауыш мектеп-интернатының ұжымымен депутаттар «Педагог мәртебесі туралы» Заңының қабылдануына байланысты мұғалімдер мен тәрбиешілерге қатысты өзгерістерді талқылады. Халық қалаулыларының айтуынша, жаңа Заң мұғалімдердің кәсіби қызметіндегі құқықтары мен міндеттерін егжей-тегжейлі сипаттайды және мұғалімдерді материалдық қамсыздандыру, ынталандыру шаралары мен әлеуметтік кепілдіктер туралы нормалардан тұрады.

                Кездесуде сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мәселелері де көтерілді.

                Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Ирина Аронованың айтуынша, өткен жыл, әсіресе, әлеуметтік салаға қатысты заң жобаларымен заңнамалық жұмыс айтарлықтай жемісті болды. Көп балалы отбасыларды қолдау үшін қажетті заңнамалық нормалар қабылданды, әлеуметтік төлемдерді берудегі жаңа формат енгізілді, салық жеңілдіктері арқылы кәсіпкерлікті қолдау шаралары қабылданды, ауыр қылмыстар үшін жазаны қатайтуға қатысты бірқатар түзетулер енгізілді.

                Мәжіліс депутаты Иван Клименко бүгінде депутаттар денсаулық сақтау жүйесіндегі тарифтік саясатты аймақтың ерекшеліктерін, көлік логистикасын ескере отырып жетілдіру бағытында жұмыс жасалып жатқандығын атап өтті. Депутаттық корпус  құзырлы министрлікпен бірлесе жұмыс жасай отырып, медициналық қызметтерді тарифтеу жүйесін жетілдіруде.

                Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Әлия Сапарова Жастар жылының қорытындыларына тоқталды. Оның айтуынша, басты нәтижелердің бірі - жастар кадрлық резервінің қалыптасуы және жастар саясаты саласындағы аймақтық жетістіктер болды.

                Азаматтарды қабылдау өткізген депутаттар халықпен ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті, өйткені бұл сайлаушылардан жаңа ұсыныстар алуға мүмкіндік береді.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-04. «Nur Otan» партиясы филиалының материалдары бойынша).

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі