Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
02.09.2020

Мәжіліс депутаты су қоймасына қатысты апаттың алдын алу мәселесін көтерді


Нұр-Сұлтан, 2 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұл  Сырдарияның бастауында орналасқан Қырғызстандағы Тоқтоғұл су қоймасы туралы Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, апаттың алдын алу мәселесін көтеріп келеді.

 Депутаттың айтуынша, Орталық Азияда кезінде су шаруашылығының бірыңғай кешені болды, бірақ КСРО-ның ыдырауымен бірге аймақтық су жүйесін ортақ басқару жүйесі жойылды. Аймақтағы су шаруашылығын бірлесе, басқаруға қайта көшкеніміз жөн.

-         Сонымен қатар, қазіргі кезде көршілердегі Сырдария бойындағы су қоймаларының жағдайы, бұл нысандардың террорлық шабуылдан қорғалу деңгейі бізге белгісіз. Мұндай белгісіздік салдары Мақтааралдағыдан бірнеше есе ауыр болар апатқа әкелуі мүмкін, – дейді депутат.

Бақытбек Смағұл өңіріміздегі су-энергетика саласында қордаланған мәселені тек бірге шеше алатынымызға сенімді. Бұл үшін өзара жауапкершілікті қарастыратын мемлекетаралық деңгейдегі жаңа құқықтық база қажет.

Осыған орай, депутат Үкіметке бірнеше ұсыныс жаады. Атап айтқанда, болашақта суға қатысты табиғи және техногендік ірі апаттың алдын алу үшін Қазақстан Орталық Азиядағы көршілермен бірге Мемлекетаралық комиссия құрып, осындай су қоймаларының қауіпсіздігіне талдау жасауы, террористік шабуылға қорғанысы осал болса, оны нығайтудың бірлескен шараларын қарастыруы керек.

Екіншіден, биылғыдай халықаралық апат қайталанбауы үшін көрші мемлекетке қауіп келтіруі ықтимал ірі нысандарды салу кезінде Орталық Азия елдері өзара келісіп, жобада қауіптің алдын алатын және салдарларын жоятын шараларды қарастыру.

Үшіншіден, Орталық Азия елдері арасында Сырдария мен Әмудария секілді трансшекаралық суларға қатысты барлық мәселелер бойынша түпкілікті мәмілеге келіп, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан арасында төртжақты ортақ келісімшарт бекітілуі керек.

Төртіншіден, Мақтаарал ауданының су басқан елді мекендерін ағынды судан құрғату, жерасты суларын және сорды төмендету үшін тік дренаж тәсілін қолданып, бұрғылау ұңғылары жүйесін жасау маңызды. Бұл жұмыстар биыл қолға алынуда. Бірақ оған ары қарай қуатты қолдау қажет.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі).

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі