Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.03.2024

Мәжілісте Ұлттық Құрылтайда көтерілген мәселелер бойынша Парламенттік тыңдау өтеді


Астана, 20 наурыз, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Кредит беру кезіндегі тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау туралы заң екінші оқылымда қабылданды.

Адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленді. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оған «адам саудасының құрбаны» сынды жаңа ұғымдар енгізіліп, халықаралық стандарттарға сәйкестендірілгенін айтты.

Жоба төрт негізгі бағытты қамтиды: серіктестік, профилактика, қудалау және көмек көрсету. Жәбірленушілерге әлеуметтік қызмет көрсету үшін уәкілетті, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, коммерциялық емес ұйымдармен серіктестік жүзеге асырылады. Профилактика бағытында адам саудасының қаупін бағалау, алдын алу шаралары және құрбандарға көмек көрсету мақсатымен оларды тиісті органдарға қайта жолдау тәртібі ұсынылған. Қылмыстық қудалау аясында адам саудасының барлық нысанына жауапкершілік қарастыратын заңнамаға анықтамалық норма енгізіледі.

– Жобада адам саудасы құрбандарының барлық қолжетімді құқығы қарастырылған. Оларды бір заң аясына біріктіру осы зұлымдықпен күресу процесін жеңілдетеді. Құрбандардың «азаматтық» мәртебесіне қарамастан қылмыс анықталған сәттен бастап олардың «құрбан» жағдайынан шыққанға дейін жұмыс істеу алгоритмін реттейді. Сонымен қатар «ықтимал құрбандарға» көмек көрсетудің құқықтық негіздері қаралады. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға жеке тарау арналған, – деді Ержан Сәденов.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Марат Башимов қосымша баяндамасында ілеспе түзетулерде жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламаған медициналық ұйымдар мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың лауазымды тұлғаларына жауапкершілік қарастырылғанын айтты.

– Сонымен қатар адам саудасының ықтимал құрбандарымен және кәмелетке толмағандармен еңбек шартын жасамағандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту маңызды. Интернет арқылы сексуалдық қызметтерді ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Азаматтарды заңсыз қанауға тартудың кеңейтілген тәсілдерімен адам саудасының анықтамасы кеңейтіледі. Бұл құқық қорғау органдарына аталған барлық жағдай бойынша қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік береді, – деді М.Башимов.

 

 

 

Талқылау нәтижесінде депутаттар заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ Мәжіліс кредит беру кезіндегі тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша депутаттардың бастамасымен әзірленген заңды екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, құжатпен жұмыс барысында депутаттар бірінші оқылымнан кейін оған қосымша нормалар енгізген.

– Олар несиелер мен микрокредиттер бойынша жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеменің шекті көлемін анықтау, 2026 жылға дейін азаматтардың банктегі несиелері және микрокредиттер бойынша қарыздарын коллекторлық агенттіктерге сатуға мораторий енгізу, жалақыға дейін деп берілетін шағын несиелерді реттеудің ерекше режимін алып тастауға қатысты. Банк омбудсманына тек банктік несиелер бойынша дауларды қарау өкілеттігі беріледі. Сонымен бірге микрокредиттер бойынша дауларды қарау құзыретін беретін микроқаржы омбудсманы институты енгізіледі, – деді Б.Бейсенғалиев.

 Сонымен қатар бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар тұратын отбасыларды жылу беру маусымында жалғыз тұрғын үйінен шығаруға тыйым салу ұсынылды. Банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жұбайының келісімінсіз жеке тұлғаға банктік қарыз беруге тыйым салынады. Әскери қызметшілерге мерзімді әскери қызметті өткерудің барлық мерзіміне банктік қарыз немесе микрокредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру процесі автоматтандырылды.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бұл заң азаматтардың қаржылық мәселелеріне қатысты арыз-шағымдарына жауап болғанын атап өтті.

– Осы заңда қарастырылған жаңа нормалар қазақстандықтардың қарызға батуының алдын алуға жағдай жасайды. Сонымен қоса тұтынушыларды коллекторлардың дөрекі іс-әрекеттерінен қорғайды. Жалпы алғанда қабылданған заң халық арасында қарыз көлемінің едәуір азаюына септігін тигізеді. Азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартып, оларға қаржылық еркіндік пен сенімділік береді, – деді Палата төрағасы.

 Бұдан бөлек депутаттар 1993 жылғы 14 қаңтардағы Қазақстан мен Қытай арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

 Әділет министрі Азамат Есқараев түзетулер Қазақстан аумағында шетелдік соттардың шешімдері мен өтініштерін орындау саласында құқықтық көмек көрсету жөніндегі сот органдарының функцияларын нақтылайтынын айтты. Бұл Қазақстан және Қытай азаматтары мен заңды тұлғаларының мүдделерін қорғау мәселелерін жедел шешуге ықпал етеді.

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жекелеген баптарына Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Әлеуметтік-мәдени даму комитеті ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді жұмысқа алды.

Сондай-ақ мәжілісмендер өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша жауапты мемлекеттік органдарға 14 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

 Жалпы отырыс соңында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Ұлттық құрылтайда айтылған мәселелер бойынша Парламенттік тыңдау өтетінін мәлімдеді.

– Мемлекет басшысы еліміздің рухани-идеологиялық, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық бағдарларын айқындап берді. Президенттің көтерген келелі мәселелері мен сөйлеген сөзін бағдарламалық құжат ретінде қабылдауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзекті проблемаларға тоқталып, оларды шешудің стратегиялық және шұғыл тәсілдерін атап көрсетті. Депутаттарға бірқатар міндет жүктеді. Біз енді соларды орындауға жедел кірісуіміз керек, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы Президент Құрылтайда сөйлеген сөзінде жастар мен қоғам белсенділерінің қолданыстағы Елтаңбаға қатысты ұсынысына өз пікірін білдіргенін атап өтті. Ол Елтаңба мәселесін ашық талқылап, ортақ, байыпты шешімге келуге шақырды. Мемлекеттік символиканы зерттеп жүрген геральдика саласының кәсіпқой мамандарының ұсыныстары жете талқылануы қажет.

– Біздің Герб сан ғасырлық тарихымызды таңбалайтын, мемлекетіміздің айбынын асыратын, халқымыздың асқақ рухын айшықтайтын негізгі символ болуы керек. Ең бастысы, еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуы тиіс. Бұл, әрине, қоғам мен арнаулы комиссияның құзыретіндегі мәселе, – деді Е.Қошанов.

 Сондай-ақ спикер Президент депутаттардың бастамасымен әзірленген лудоманияға қарсы күрес жөніндегі заң жобасын осы сессияның соңына дейін қабылдауды тапсырғанын атап өтті. Есірткіні өндіру мен тарату, вандализм және тағы басқа проблемалардың шешімі заңнамалық деңгейде реттеуді талап етеді. Археология, мемлекеттік рәміздер және мемлекеттік наградалар саласындағы заңнаманы жетілдіру қажет.

 – Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдау өткізуіміз қажет деп санаймын. Себебі келелі жиында айтылған нақты ұсыныстарды орындау бойынша мақсат-міндеттерімізді бірге айқындауымыз керек, – деді Е.Қошанов.

 

 Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Суреттер Ж.Жұмабеков, Т.Таныбаев

 

1

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі