21.04.2021

Мәжіліс бюджет заңнамасын жетiлдiру және инклюзивті білім беру мәселелеріне қатысты заң жобаларын мақұлдады


ЌАЗАЌСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МЈЖІЛІСІНІЅ

Нұр-Сұлтан, 21 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, Палата депутаттары бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелеріне және  инклюзивті білім беруге қатысты заң жобаларын мақұлдады.

Мемлекеттік сыртқы қарызды игермегені үшін жауапкершілік мемлекеттік органның бірінші басшысына жүктелуі тиіс. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай деді. Бүгін жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, сыртқы қарыз қаражатын игермегені үшін жауапкершілік, «бұлыңғыр болмауы» тиіс. Ол нақты жазылуы керек. Егер құжаттың Үкіметтің нұсқасын қабылдайтын болсақ, онда іс жүзінде жауапкершілік ұйымның бірінші басшысын жауапкершіліктен алып тастап, орынбасарға жүктелетіні түсінікті. Сондықтан да, мұндай сәйкессіздіктерге жол беруге болмайды.

Нұрлан Нығматулин сыртқы қарыздың игерілмеуі бюджеттен қосымша шығындарға алып келуі мүмкін екенін атап өтіп, тиісті норманы заңнамалық деңгейде бекіту арқылы мемлекеттік органның бірінші басшысының жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасының пікірінше, жергілікті бюджетті болжау кезінде аймақтардың ерекшелігі ескерілуі тиіс.

Сондықтан, депутаттар жергілікті бюджетке түсімдерді болжау тәртібін жергілікті уәкілетті органдарға беруді ұсынады.

Мәжілістің жалпы отырысында Палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Мәжіліс Төрағасы білімді дамыту, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында ешқандай кедергі болмау керектігін айтып:

-Себебі, ол біздің ұлтымыздың, еліміздің болашағы. Сондықтан, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалпы білім, соның ішінде, ерекше білім беру талаптарын жетілдіру туралы арнайы тапсырма берген болатын. Осыған орай әзірленіп, бүгін мақұлданған заң жобасында бірқатар маңызды сұрақтар қамтылып отыр, - деді.

Енді инклюзивті білім беруге заманға сай стандарттар енгізіледі. Бұл жолда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың тұрғылықты жері ескеріледі.

Нұрлан Нығматулинің пікірінше, аталған балалардың мәртебесі заң деңгейінде толықтай және нақты реттеліп отыр.

-Бұл заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға басқалармен бірдей сапалы білім алуға, осы саланы білікті мамандармен қамтамасыз етуге, инклюзивті білімді жоғары деңгейде ұйымдастыруға жол ашатын болады, - деді Палата Спикері.

Осы заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар бірқатар түзетулер енгізді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларын бейімдеу және іске асыру; ерекше білім беруді қажет ететін адамдар үшін жеке-дамыту бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру; білім алу үшін арнайы жағдайлар жасау жөніндегі құзыреттерін толықтыруға; білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгілік қағидаларын бұзғаны немесе білім алу үшін арнайы жағдайлар жасамағаны үшін білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі бойынша редакцияның өзгеруіне; психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қызметін нақтылауға бағытталған және тағы басқа.

Сонымен қатар, жалпы отырыста Палата «2021 - 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жұмысқа алды.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Милютин, М.Раманқұлов, Е.Смайлов, Ф.Каменов, З.Сүлейменова, А.Сембинов, А.Әбілдаев, Г.Бижанова, А.Бердалин, Ш.Осин.  

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).

 

 



Using of any information is acceptable in case of indicating the link to the official website of the Mazhilis of Parliament of the Republic of Kazakhstan