Құлшар
Мәлік
Иманқұлұлы

VIII сайланған
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының өңірлерге сапары басталды. 21 тамыз күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Мәлік Иманқұлұлы Құлшар ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, белсенді жастармен кездесті. Депутаттың жастармен кездесуі «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалының мәжіліс залында өтті.

Мәжіліс депутатының жастармен еркін форматтағы кездесуіне аудан әкімі м.у.а. Рүстем Зұлқашев, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев, «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, аудандық мәслихат депутаттары Дулат Рахматуллин, Абылайхан Шакуов, жастар ресурстық орталығының директоры Мукагали Шокпанов пен бір топ белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты. Халық қалаулысы жастардың үніне құлақ асып, пікірлерін тыңдады. Аудан жастары тарапынан мәжіліс депутатына ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдениет және білім саласына қатысты сауалдар қойылды. Жастарды толғандырған сауалдар легі қазақтың ұлттық өнерін насихаттау, ҚР БАҚ туралы заңына өзгерістер енгізу, бірқатар сала қызметкерлерінің мәртебесін заңмен бекіту, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту, ішкі туризмді жандандыруды қолға алу, қуаңшылықтың алдын алу, азық-түлік бағасының қымбаттауы, аудан орталығындағы 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарына қатысты болды. Аудандық мәслихат депутаты Дулат Рахматуллин азық-түлік бағасын тұрақтандыру және «Дипломмен ауылға» бағдарламасына жастар ресурстық орталығының мамандарының мәртебесін бекіте отырып, өзгеріс енгізу мен қуаңшылықтың алдын алу мәселелерін көтерсе, жас маман, белсенді зерттеуші Абзал Есенғазиев ішкі туризмді дамыту керектігін алға тартты. Ол:

-Елімізде әлеуметтік-экономикалық салаға, жастарға ерекше көңіл бөлініп келеді. Дегенмен мәдениетіміздің ақсап тұрғандығы жасырын емес. Сонымен қатар әр өңірдің жастары өзінің туған жері туралы тарихи деректермен танысып, тарихи орындарға зерттеулер жүргізілсе нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін ішкі туризмді дамытуға көңіл бөлгеніміз жөн. Ауданымыздың тарихи орындарына экспедициялар ұйымдастырылып, зерттеу жұмыстары қолға алынса тарихымыз насихатталады. Бұдан бөлек мәдениетіміздің қалыптасуына да ден қоюымыз керек, - деген ұсынысын жеткізді.

Халық қалаулысымен өткен жиында кіші қызметкерлердің, жастардың, тілшілер қауымының мәртебесін көтеру мәселесі де назарға алынып, ұлттық өнерімізді дәріптеу де ұсынылды. Кездесу соңында жастардың әр ұсынысы мен сауалына аса ыждағаттылық танытқан мәжіліс депутаты жиында айтылған мәселелер назарда болатындығын айтты.

-Сіздердің ұсыныстарыңыз назарға алынады. Біріңіз аудан, облыс деңгейінде мәселелер көтеріп, біріңіз республика көлемінде нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарыңызды айтып жатырсыздар. Пікірлеріңізді ашық білдіргендеріңіз үшін алғысым шексіз. Қазіргі заманда жастарға үлкен мүмкіндік жасалған. Соны тиімді пайдаланып, сапалы білім алып, ел игілігі үшін еңбектеніңіздер. Азаматтық көзқарастарыңызды сақтап қалыңыздар, - деді Мәлік Иманқұлұлы.

https://www.facebook.com/100019052225205/posts/850700892241644/

#KAZTALOVJASTARY

#AQJAYIQJASTARY

#NurOtan

#МәжілісДепутаты

#КазталовЖастары