Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
07.04.2023

АӨК өкілдері депутаттарға Аграрлық кодексті әзірлеуді ұсынды


Астана, 7 сәуір, Мәжіліс Үйі. Мәжіліс депутаттары отандық агроөнеркәсіптік кешені өкілдерімен ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесуді Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені (АӨК) қауымдастықтарының Альянсы ұйымдастырды. Оған Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев бастаған депутаттар және салалық қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Олардың қатарында Картоп және көкөніс өсірушілер одағы, Астық одағы, Егін өсірушілер одағы, Ет одағы, Құс өсірушілер одағы, Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы бар.

– Біздің әрқайсымыз өз өндірушілерімізбен байланыстамыз, өз саламыздың проблемаларын жақсы білеміз. Осындай мүмкіндікті алға тарта отырып, біз комитетпен тікелей байланыс орнатқымыз келеді. Осы тұрғыдан Президент  өңірлерде салалар бойынша ақпаратты жинақтап, оны заңнамалық деңгейде қамтамасыз ете алатын  орган ретінде Парламентке ерекше үміт артып отыр, – деді  «Картоп және көкөніс өсірушілер одағы» ЗТБ басшысы Қайрат Бисетаев.

 АӨК өкілдері депутаттарға ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша маңызды ұсыныстарын жеткізді. «Қазақстанның Ет одағы»  басшысы Мақсұт Бақтыбаев саладағы қатынастарды реттейтін Аграрлық кодексті әзірлеу идеясын талқылауға шығарды. Оны  әріптестері қолдады.

«Қазақстанның Астық одағы» ЗТБ басшысы Нұрлан Оспанов астықтың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мақсатында «Астық туралы» заңға өзгерістер енгізуді ұсынды. Ол үшін астық декларациясын енгізіп, арнайы ақпараттық жүйеге тіркеу қажет. Жиында басқа да ұсыныстар айтылды.

Дөңгелек үстел барысында АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдау, қаржыландырудың қолжетімділігі, кадрлар даярлау және фермерлердің құзыреттілігін арттыру, ауылдық аумақтарды дамыту және жерді суару, бірыңғай аграрлық салықты енгізу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

– Барлық мәселені жан-жақты талқылап, ортақ шешім қабылдауымыз керек. Біз ынтымақтастыққа, жүйелі түрде кездесу ұйымдастыруға, бірлесе жұмыс атқаруға дайынбыз. Өзекті тақырыптарды анықтап, ұсыныстар әзірлейміз, – деп қорытындылады Серік Егізбаев.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі