Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
21.04.2023

Мәжілісте әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар талқыланды


Астана, 21 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің тақырыптық отырысы өтті. Онда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Отырысқа жетекшілік еткен комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов бұл мәселе Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында алға қойған міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Жиынға депутаттармен қатар орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және психология саласындағы басқа да мамандар қатысты.

Негізгі тақырып бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамдық қорлар өкілдері баяндама жасады. Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев соңғы төрт жылда отбасындағы тирандардан таяқ жеп, құқық қорғау орындарына хабарласқандар саны 3 есе өскенін айтты.

«2019 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шеккендер 49 мың арыз түсірген. 2020 жылы – 179 мың, 2021 жылы – 155 мың, ал 2022 жылы –115 мың арыз түскен. Олардың 60 пайызына құқық қорғаушылар ешқандай шара қабылдай алмайды. Себебі 2022 жылы түскен 115 526 арыз иелерінің 70 846-сы оны қайтарып алған екен. Зорлық-зомбылықты кешіре берсе, арты адам өліміне әкелуі мүмкін екенін білесіздер», – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутат 2020 жылы наурыз бен тамыз аралығында тұрмыстық жанжал салдарынан 33 адам көз жұмғанын да атап өтті.

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ішкі істер министрлігі тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің декларативтіліктен детективтік сипатына көшуді енгізіп, тараптардың татуласу мүмкіндігін алып тастаған. Тағы бір заңнамалық өзгеріс – тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп отыр.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатымен қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі әкімшілік жауапкершілік шарасын енгізу қажет деп санаймыз. Сондай-ақ агрессорды үйден уақытша шығару мүмкіндігі қарастырылсын, бұл үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 54-бабының 2-бөлігіндегі «бұл адамның басқа тұрғын үйі болса» деген сөздер алынып тасталсын. Осы ретте, жазаны қатайтумен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түпкі себептерін жою қажет», – деді Ішкі істер вице-министрі.

Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов тұрмыс жағдайында жәбір көрсетудің алдын алу, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары туралы баяндады. Ал Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балаларға қатысты, соның ішінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласындағы мемлекеттік саясатты өзгерту туралы ұсыныстарын ортаға салды.

 «Біз Үкіметпен бірлесіп, балалар мен әйелдерді қорғауды заңмен реттеуге дайынбыз. Бүгінгі таңда қаржылық, әдістемелік мәселелер және орталық пен психологтардың жұмысына қатысты түрлі түйткілдер бар екенін көріп отырмыз. Бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысу қажет. Кешенді қорғау, қолдау, профилактикалық шараларын да осы заңмен қамтуымыз ету керек деп ойлаймын. Сондықтан осы бағытта бәріміз бірге жұмыс істейміз деп сенемін», – деп отырысты қорытындылады Асхат Аймағамбетов.

Талқылау нәтижесі бойынша айтылған ұсыныстар жан-жақты қаралып, депутаттар мен жауапты орган өкілдері әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелерін шешуді заңдық тұрғыда реттеуге кіріспек.

 

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04, Фото Ж.Жумабеков

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі