Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.04.2023

Мәжілісте қоғамдық бақылау туралы заң жобасы талқыланды


Астана, 27 сәуір, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті. Оған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етті. Жиынға депутаттармен қатар мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген заң жобасы Мәжілістің VII шақырылымында қаралып, бірінші оқылымнан өткен болатын. Бүгін дөңгелек үстел барысында екінші оқылым алдында тағы бір пысықталды.  

Заң жобасында қоғамдық бақылаудың мақсаты мен міндеттері айқындалады. Қоғамдық бақылау субъектілерінің заңдылығы, жариялылығы, ашықтығы, ерікті қатысуы мен тәуелсіздігі сияқты қоғамдық бақылау қағидаттары белгіленген.

«Бұл заңның ең негізгі мәні – әрбір азаматтың өзін толғандырып жүрген өмірлік қажеттіліктеріне сұраныс беріп, сол сұранысқа нақты жауап алатын, мемлекет пен халықтың арасындағы бірлікті арттыратын механизм болуы», – деді заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Саиров.

Жоба аясында қоғам мүшелерінің елдегі өзекті мәселелерге араласуына мүмкіндік жасалмақ.

«Бүгінгі күні, өкінішке қарай, әскерге келген ұлдар өз-өздеріне қол жұмсау, бір-бірінің денсаулығына, абыройына зиян келтіру секілді көп қиын жағдайға тап болып отыр. Қазіргі бақылау жасаймын деген азаматтар құпия құжаттарға, нысандарға араласа алмайды. Олар тек қана тұрмысын, тамағын, негізгі қарым-қатынасын қарайды. Сондықтан осыны қадағалау, әсіресе, бала әскерге келген сәттерде бақылауды күшейту керек. Сондай-ақ квазимемлекеттік секторларға да бақылауды қатаңдату керек деп ойлаймын. Бүгінгі күні онлайн-петицияның ауылға жетпейтінінін бәріміз білеміз. Конституция бойынша ауыл мен қала тұрғындарының құқығы тең. Сол себепті петицияны қағаз жүзінде ұсыну мүмкіндігін де беру қажет», – деді Қазақстанда парламентшілікті дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова.

Талқылау барысында қатысушылар жоба бойынша ұсыныстарын айтып, сауалдарын қойды.

«Қоғамдық бақылау мүшелері кімдер болады және оған жергілікті билік қаншалықты деңгейде араласады? Егер жергілікті билік қайтадан қоғамдық бақылау мүшелерін жасақтауға араласып кететін болса, біздің заңымыз жүрмей қалады. Екіншіден, мәслихаттар жанынан құрылған қоғамдық кеңестер мен осы қоғамдық бақылау арасында қандай байланыс болады?» – деп сұрады Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов.

«Қоғамдық бақылауды жүргізетін топтар құрамы 5 адамнан аспауы керек. Сотталмаған, диспансер тізімінде тұрмаған кез келген азамат мүше бола алады. Оны әкімдік емес, азаматтар бірігіп, хаттама арқылы өздері әзірлейді. Әкімшілік ресурстың қатысы жоқ. Сондай-ақ біз қоғамдық кеңестер заңына да өзгерістер енгізіп, нақты заңмен бақылау қағидаттарын сәйкестендіріп отырмыз», – деп жауап берді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі  Данияр Қадыров.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин заң қабылданған соң оның аясындағы нормативтік құқықтық актілерде қате кетпеуін, оны бақылауға алу қажеттігін баса айтты.

Заң жобасын жұмыс тобында талқылап, екінші оқылымға шығару бойынша жұмыс одан әрі жалғасады.

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04, Суреттерді түсірген С.Майлыбаев.

 

 

 

 

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі