Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
30.05.2023

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Литва Парламентінің өкілімен кездесті


30 мамыр. Астана. Мәжіліс үйі. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Дания Еспаева Литва Республикасы Сеймасы төрағасының орынбасары Юлиус Сабатаускаспен кездесті.

Әңгімелесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың, соның ішінде парламентаралық ықпалдастықтың маңызды мәселелері талқыланды.

Вице-спикердің айтуынша, Литва Қазақстанның Балтық аймағындағы ғана емес, Еуропалық Одақтағы да маңызды әрі сенімді серіктесі. Екі ел арасында достық пен өзара түсіністіктің берік іргетасы қаланған. Соның нәтижесінде саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстар жыл сайын нығайып келеді.

Дания Еспаева мейманға Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізілген ауқымды саяси реформалар жайлы жан-жақты баяндады. Соның ішінде сайлау жүйесіндегі өзгерістерге тоқталды.  

Тараптар елдеріміздің көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылына назар аударып, пікір алмасты.  

Геосаяси, логистикалық қолайсыздықтардың орын алуына қарамастан елдеріміз арасындағы тауар айналымы өсіп, өзара сауда көлемі өткен жылы 584,3 млн теңгені құраған.

Білім беру  саласындағы тәжірибелер де назардан тыс қалмады.

Юлиус Сабатаускас өз кезегінде сапарының мақсат-міндеті жайлы айта келе, Қазақстаннан алған әсерімен бөлісті. 

Кездесуге Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, аталған комитеттің мүшесі  Самат Нұртаза қатысты.

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі