Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
03.06.2023

Мәжіліс депутаттары Ақтөбедегі көшпелі отырыста «Ауыл аманаты» жобасының нәтижелерін талқылады


Ақтөбе облысы, 3 маусым. Елімізде «Ауыл аманаты» жобасын іске асырудың алғашқы нәтижелері мен тәжірибесі туралы Мәжілістің Ақтөбедегі Аграрлық мәселелер комитетінің көшпелі отырысында талқыланды. Іс-шараға депутаттар, ауыл шаруашылығы министрлігінің және өңір әкімшілігінің өкілдері қатысты.

Сапар барысында депутаттар Қарғалы және Мәртөк аудандарындағы жобаның іске асырылу барысымен танысты. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев атап өткендей, өңірдің тәжірибесі үлгі тұтарлықтай.

«Осы екі күнде біз жобаның жоғары деңгейде жұмыс істеп тұрғанына көз жеткіздік. Президент алдымызға ауылдарды кешенді дамыту міндетін қойып отыр. Облыс әкімі жобаға білім, денсаулық сақтау, қауіпсіздік мәселелерін енгізді. Бұл жобаны кешенді жүргізу өте орынды, өйткені тікелей тұрғындарға бағдарланған саясат нәтижесінде халық жобаның игілігін сезінеді. Ауыл тұрғындарының өндірісі ілгерілеп қана қоймай, жайлы өмір сүруі керек. Ақтөбе облысында қала тұрғындары ауылдық жерлерге қоныс аудара бастады. Ауқымды міндеттер нақтыланған. Барлығы осылай жұмыс істеуі керек», – деді Комитет төрағасы.

Кездесуде облыстың ауылдық округ әкімдері мен жобаның тікелей қатысушылары өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Ақтөбе облысында жобаға енгізілген жаңалықтардың бірі – тауарлық несие. Оның ерекшелігі – бюджеттің бірде-бір тиынының жұмсалмауы және қайтарым түрінің ақшалай емес, алынған төл есебінен өтелуі. Ералы Тоғжановтың бастамасымен ірі шаруа қожалықтары биыл ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал береді.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев жобаны одан әрі дамытуға, қатысушылар алдында тұрған кедергілерді жоюға бағытталған бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Олардың қатарында жер бөлу, қарыздың шекті сомасын арттыру, елді мекендер скринингтерінің сапасы мәселелері бар.

«Көптеген әкімдіктер скринингтің қалай жүргізілетінін әлі күнге дейін түсінбеген. Олар бұл бағытта Ақтөбе облысының оң тәжірибесін басшылыққа алуы қажет. Сондай-ақ, өткен жылдардағы тәжірибе көрсеткендей, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушылардың 80 пайызы мал сатып алу үшін грант алған. Алайда, болашақта бұл кәсіп иелерін жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету секілді көптеген проблемаларға әкелуі мүмкін. Осыған байланысты өңірде өсімдік шаруашылығы мен ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін дамытуға басымдық берілгені қуантады», – деді Мәжіліс депутаты.

Жиынды қорытындылаған Серік Егізбаев барлық өңірлерді «Ауыл аманаты» жобасына белсенді қатысуға шақырды. Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасының 2,5%-бен несие беру бағыты бойынша 3,0 млрд. теңгеге 3 мыңнан астам адамды қамтитын 776 отбасының жобасы мақұлданды. Қазіргі таңда 279 отбасыға тауарлық несиелеу түрінде 3587 бас мал берілді. 600-ден астам жұмыссыз ауыл тұрғындары өз кәсіптерін бастады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01.

Ақтөбе облысы әкімінің Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі