Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
19.06.2023

Ерлан Қошанов Өзбекстанның Олий Мәжіліс Сенатының төрағасын қабылдады


Астана, 19 маусым. Мәжіліс үйі. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Өзбекстан Республикасының Олий Мәжіліс Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Өзбекстан Сенатының басшысы Астанаға Орталық Азия елдерінің әйелдері диалогына қатысу үшін келді.

Кездесуде Ерлан Қошанов Танзила Нарбаеваға Орталық Азия елдері әйелдері диалогындағы Қазақстан төрағалығының басталуына арналған іс-шараға жеке қатысқаны үшін алғысын білдірді.

Осы маңызды алаңды құрудың басы-қасында өзіңіздің болғаныңызды білемін. Ол әйелдердің өңірдегі экономикалық және әлеуметтік өмірге араласуын кеңейтуге бағытталған. Екі жылдан астам уақыт өтті. Қысқа мерзім ішінде Диалог Өзбекстанда ғана емес, біздің өңірдің барлық елінде жұмыс істей бастады. Қазақстанның Диалогқа төрағалығы аясында бірлесіп жұмыс істейміз деген үміттеміз, – деді Мәжіліс спикері.

Тараптар гуманитарлық, білім беру, сауда және экономикалық салалардағы ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогы аясында әйелдер көшбасшылығын қолдау мәселелерін талқылады. Ерлан Қошанов екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін парламентаралық ынтымақтастықтың әлеуетін белсене пайдалануға шақырды.

Парламент Мәжілісі мен Олий Мәжілістің Заң шығару палатасы арасында Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі құрылған. Біз үшін екі жақты кездесулер тәжірибесін жандандырып, заң шығару тәжірибесін зерделеу бойынша тиісті комитеттер деңгейінде өзара сапарлар алмасудың, елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық базасын кеңейту бойынша бірлескен жұмыстың маңызы зор, – деді Мәжіліс төрағасы.

Өз кезегінде Танзила Нарбаева Қазақстанның ірі халықаралық іс-шаралардың орталығына айналғанын атап өтті, сондай-ақ қазақстандықтарды Президент және Парламент сайлауларының сәтті өтуімен құттықтады.

– Саяси жүйенің толық жаңғыруы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын Қазақстан халқы белсене қолдап отырғанын көрсетеді, – деді Өзбекстан Сенатының төрағасы.

Сонымен қатар тараптар екі ел Парламенттері депутаттарының қатысуымен өтетін алдағы іс-шаралардың күн тәртібін талқылады. Олардың қатарында 2024 жылы Самарқандта Орталық Азия мемлекеттерінің екінші парламентаралық форумын өткізу, Қазақстан мен Өзбекстан әйелдерінің бизнес-форумын ұйымдастыру бар.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-66-20. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі