Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
20.06.2023

Мәжіліс депутаттары «Әйелдер – саяси көшбасшылар» ұйымымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады


Астана, 20 маусым. Мәжіліс үй. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаева «Әйелдер – саяси көшбасшылар» ұйымының президенті әрі негізін қалаушы Сильвана Кох-Меринмен кездесті.

Кездесуде Дания Еспаева Сильвана Кох-Меринге кеше ғана өткен Орталық Азия елдері әйелдері диалогының отырысына қатысқаны үшін алғысын білдірді.

– Гендерлік теңдік тәуелсіздік алған күннен бастап біздің Үкіметіміз үшін маңызды басымдық болып саналады. Қазақстанда әйелдерге арналған және барлық азаматтың өмір сапасын арттыруға, тең мүмкіндіктер жасауға бағытталған прогрессивті саясат пен реформалар дәйекті түрде жүргізілуде, – деді Мәжілістің вице-спикері.

Өз кезегінде Сильвана Кох-Мерин Қазақстанның гендерлік теңдік мәселелерінде айтарлықтай ілгері басып келе жатқанын атап өтіп, ел басшылығының бастамаларының бүкіл өңір үшін маңыздылығы жоғары екеніне назар аударды.

Тараптар Парламент Мәжілісі мен «Әйелдер – саяси көшбасшылар»  ұйымы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Соның ішінде әлеуметтік-демографиялық саясат саласындағы Еуропалық Одақтың және басқа елдердің, сондай-ақ әйелдердің осал топтарының құқықтарын қорғаудың озық тәжірибесін зерделеу жайы қаралды.

Жоғары лауазымдардағы әйелдердің санын арттыруға және олардың әлемдік деңгейдегі халықаралық мәселелерді шешуге ықпалын кеңейтуге бағытталған «Women Political Leaders» халықаралық үкіметтік емес ұйымы саясаткер әйелдердің ең ірі желісі болып саналады.

2013 жылдан бері ұйым саммиттері Эфиопия, Исландия, Руанда, Латвия, Жапония, Иордания және әлемнің басқа да елдерінде өтіп келеді.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-66-20. Суретті түсірген Ж.Жұмабекова.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі