Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
11.09.2023

Мәжілісте 2024-2026 жылдарға арналған бюджет және трансферт туралы заң жобаларының таныстырылымы өтті


Астана, 11 қыркүйек, Мәжіліс үйі.  Бүгін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінде «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобалары таныстырылды. Отырысқа Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев жетекшілік етті.

Іс-шараға депутаттар, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Қаржы вице-министрінің айтуынша, 2024 жылға түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарланған, соның ішінде нысаналы трансферт – 1,6 трлн. теңге.

Аталған қаражат әлеуметтік маңызды және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады.

– Бұл – автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сондай-ақ «Жайлы мектеп» және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік нысан салу. Аталған іс-шаралар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының міндеттеріне сай келеді, – деді А.Бейсенбекұлы.

Бюджет шығыстары 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 трлн. теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн. теңгені құрайды. Атап айтқанда, бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі және 2024 жылғы бюджет шығыстарының 40 пайыздан астамын құрайды.

2024 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар 5,3 трлн теңге, халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру үшін 2024 жылы 3,5 трлн. теңге көзделген. Сонымен қатар бюджет қаражаты білім және денсаулық сақтау, экономика, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, спорт, туризм және мәдениет, көлік саласы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да салаларды дамытуға бағытталады.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин таныстырды. Ол кепілдік берілген трансферт мөлшері 2024 жылы барреліне 43,4 АҚШ долларын, одан кейінгі жылдары барреліне 40,2-41,8 АҚШ долларын құрайтын бюджеттік ережелерге сәйкес кесімді бағамен анықталатынын атап өтті.

– Бұл ретте Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттардың мөлшерін қысқарту және оның валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізу мақсатын ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2 трлн. тенге мөлшерінде айқындалды. Сондай-ақ Ұлттық қор параметрлерінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асырылатын «Ұлттық қор балаларға» жаңа әлеуметтік бағдарламасы бойынша балаларға төлемдер міндеттемелері ескерілді, – деді А.Әмрин.

Вице-министрдің айтуынша, аталған ережелерді ескере отырып, Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68 млрд АҚШ доллары, 2025-2026 жылдары 80,7-93,3 млрд. АҚШ доллары деңгейінде болжануда.

Отырыс барысында депутаттар бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, сұрақтарын қойды.

Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің сауалы Үкімет резервіне байланысты болды.

                   Келесі жылы Үкімет резерві 417 млрд теңгеге дейін ұлғайып отыр. Бұл – Парламент қарауынсыз жұмсалатын қаражат. Былтырғы 200 млрд теңгенің өзіне депутаттар сын-пікірлерін білдірген болатын. Неге бұл қаражатты алдын ала қарастыруға болмайды? – деді депутат.

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы бұл соманы министрлік тәжірибеге сүйене отырып қарастырып, ұсынғанын айтты.

«2023 жылы бюджетті бекітерде резевр 617 млрд болған. Өздеріңізге келіп, нақтылау кезінде бұл сома 254 млрд теңгеге түскен еді. Қаржыландыру көзін қарастырғанда Үкімет қандай да бір төтенше жағдайларды ескереді. Мәселен, Абай облысындағы өрт, Екібастұз, Риддердегі апатты жағдайлар. Сондай-ақ, өздеріңіз білесіздер, жаңадан үш облыс құрылды. Резерв сол өңірлердің әлеуетін жоғарылату шығындарына да арналып отыр, – деп жауап берді вице-министр.

Осы заң жобасы бойынша жұмыс тобына Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Мархабат Жайымбетов жетекшілік етеді. Отырыс барысында айтылған ұсыныс-пікірлер одан әрі талқыланып, қарастырылады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04, Суреттерді түсірген Т.Таныбаев.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі