Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
27.09.2023

Мәжілістің комитеттерінің бірлескен отырысында Қазпоштаның қызметіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды


Астана, 27 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілісте Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті мен Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеттерінің алғашқы бірлескен тақырыптық отырысы өтті.

Оған аталған комитеттердің төрағалары Еділ Жаңбыршин мен Нұртай Сабильянов төрағалық етіп, халыққа қызмет көрсететін бірегей ұлттық оператор Қазпоштаның қызметі мен даму перспективаларына қатысты өзекті мәселелері талқылады.

Бүгінде Қазпошта еліміздің барлық өңірлерінде кең көлемде пошталық, логистикалық, қаржылық және агенттік қызметтер көрсететін бірегей ұлттық оператор саналады. Аталған компанияның жалпы республика бойынша 2700-ден астам бөлімшесі, бірқатар серіктес нүктелері, 2 мыңға жуық көлігі бар. Сонымен қатар Германияда 3 фулфилмент және 16 сұрыптау орталығы мен айырбастау пункттері жұмыс істейді. 20 000-ға жуық қызметкердің, 97 пайызын  өндірістік қызметкерлер құрайды.

Басқарма төрайымы Әсел Жанасованың айтуынша, бүгінде компания қаржылық сын-қатерлерге қарамастан, ішкі жеткізілім мен импортқа, соның ішінде трансшекаралық электрондық коммерция нарығына, әсіресе Қытаймен электрондық сауданы дамытуға баса назар аударуда.

Қазіргі таңда «Қазпошта» АҚ Ақтөбе қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында логистикалық хабтарды салуға жер телімдерін алды. Биылғы жылдың қазан айында Астана қаласында фулфилмент орталығы бар, аумағы 10 мың шаршы метрді құрайтын логистикалық хаб іске қосылмақ.

Әсел Жанасованың пікірінше, ол электрондық сауда нарығында қазақстандық компаниялардың өсуіне мүмкіндік береді.

Алайда, Мәжіліс депутаттары Қазпоштаның ел аумағындағы жұмысын сынға алды. Соның ішінде, депутаттар ақшасы төленсе де газет-журналдардың ауылға уақытылы жетпейтіндігін, мамандардың жеткіліксіздігін, жалақының өте төмендігін, инфрақұрылымның нашарлығын, көліктің аздығы мен көптеген елді мекендердегі Қазпошта ғимараттарының тым ескілігін алға тартты.

Жиынды қорытындылаған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов Қазпошта халыққа қызмет көрсететін бірегей компания екенін айтты. Сондай-ақ оларға шағын несие беретін функция енгізу керектігін, қажет болған жағдайда заңнамалық тұрғыдан қолдау қажеттігіне тоқталды. Ал Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин жеке меншік компаниялардан гөрі өзіміздің ұлттық операторға қолдау көрсетіп, қазір аталған компания қарқынды дамуға қадам басқанын атап өтті.

Отырысқа депутаттармен қатар, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар  және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің вице-министрі, «Қазпошта» АҚ өкілдері қатысты.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі