Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
26.09.2023

Мәжілісте тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселелері қаралды


Астана, 26 қыркүйек, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес мәселелері талқыланды. Жиынға депутаттармен қатар Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен ғалымдар, құқық қорғаушылар, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты.

Комитет төрайымы Снежанна Имашеваның айтуынша, комитеттің бүгінгі отырысына қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туралы хабарламалардың толастамауы мұрындық болды. Бұл мәселе бойынша 2017 жылы Мәжілісте Үкімет сағаты өткен. Онда мұндай құқық бұзушылықтардың жоғары латенттілігі және дау-дамайларды жауапқа тартудың қиындығы сөз болған еді. Ол кезде денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және қол көтеру туралы баптар қылмыстық құқық бұзушылық болып табылып, бұл әрекеттер үшін жазалар Қылмыстық кодексте қамтылған.

– Үкімет сағатында осы құрамдарды бұрынғыдай Әкімшілік кодекске көшіру мүмкіндігі талқыланды. Бұдан соң Парламент тиісті түзетулерді қабылдады. Айта кету керек, жауапқа тартылғандар саны айтарлықтай артқанымен, мәселенің өзі мүлде азайған жоқ, - деді Снежанна Имашева.

Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеханың айтуынша, денсаулыққа жеңіл зиян келтірген әрекеттерді қылмыстық жауапкершілікке тарту жөніндегі даулар бірнеше жылдан бері жалғасып келеді.

Президент 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған байланысты биыл 1 шілдеден бастап бұл үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдататын түзетулер күшіне енді. Енді полиция өтінішті күтпей-ақ тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркей алады. Түзетулер әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жәбірленушілердің арызынсыз қозғауға мүмкіндік берді.

– Қазір «отбасылық жанжалдар» бойынша арыздардың 92 пайызы жауапқа тартылады. Соңғы шешімді сот шығарады. Нәтижесінде, екі айдың ішінде (шілде, тамыз) заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін жауапқа тартылған «үй тирандарының» саны 3 есе өсті. Жалпы қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеушілік, ал мемлекет тарапынан жазаның бұлтартпастығы қалыптасуда. Қазір қабылданған шаралардың нәтижесінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың азаюы байқалады, - деді И.Лепеха.

Отырысқа қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша құқық бұзушылықтарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатайтуға бағытталған заңнаманың тиімділігін талқылады. Сондай-ақ «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңның нормаларын одан әрі жетілдіру қажеттігін айтты. Адам құқықтары ұлттық орталығының басшысы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова, Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева, заңгер, құқық қорғаушы Айман Умарова баяндама жасады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04, Фото Т.Таныбаев

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі