Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.10.2023

Автотасымалдаушыларға жаңа мемлекеттік функциялар беріледі – Мәжілісте заң жобасы таныстырылды


Астана, 5 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжіліс депутаттарына жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беруге қатысты түзетулер ұсынылды. Отырыс Нұртай Сабильяновтың төрағалығымен Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде өтті.

Заң жобасы туралы ҚР Көлік министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Алтай Әли баяндама жасады. Ол автокөлік жолаушылар тасымалы саласындағы төрт мемлекеттік функцияны өзін-өзі реттеуге көшіру жұмыстары 2020 жылдан бастап жүргізіліп жатқанын айтты. Оған тұрақты халықаралық, облысаралық және тұрақты емес автобус тасымалы, сондай-ақ такси қызметтері кіреді.

Баяндамашының айтуынша, бұл уәкілетті органдар айқындайтын негізгі даму бағыттарына назар аудара отырып, жоғары сапалы стандарттар мен ережелерді жылдам қабылдауға мүмкіндік береді.

– Тасымалдау процесін бақылау мемлекеттік деңгейден өзін-өзі реттеудің ішкі ұйымдастырушылық деңгейіне өтеді. Ол тасымалдау нарығына қатысушы ретінде өзінің әрбір мүшесінің жұмысын бақылауға жол ашады. Тасымалдаушылардың біліктілігін үнемі арттырып отыруға мүмкіндік береді, – деді Алтай Әли.

Тұтастай алғанда, көлік қауіпсіздігі күшейтіліп, бюрократия, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, мемлекеттік қызметкерлерге түсетін жүктеме және бюджет шығыстары азаяды деп күтілуде.

Жоба аясында «Көлік», «Автокөлік», «Астананың мәртебесі», «Рұқсаттар мен хабарламалар», «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңдарға түзетулер енгізілмек.

 Баяндама соңында депутаттар баяндамашыға сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.

Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков саладағы өзекті сұрақтарды цифрлық жүйе арқылы шешуді, министрліктің жауапкершілігін арттыруды ұсынды.

 – Біріншіден, бұл заң жобасы әлі шикі. Заңнама арқылы қолдарыңыздан келетін дүниені ғана қалдырып, жауапкершілікті басқа нарыққа беріп жібергілеріңіз келеді. Екіншіден, бұл түзетуден кейін қандай нәтиже болады? Мысалы, жол апаты азая ма, жемқорлық жойыла ма, техникалық жағдай жақсара ма, осы қызметті пайдаланатын қарапайым халық осыны сезе ме, мен мұны баяндамадан да, слайдтан да көрген жоқпын. Үшіншіден, қаланың ішінде үлкен маршруттарды алып жүрген автобустардың табысы жақсы жүріп тұр. Олардың табысы мол болып, кіші маршруттағылар өз күнін көре алмай жүрсе, ол да болмайды. Осының бәрін жан-жақты қарау қажет. Себебі бұл маңызды, өзіміз күнделікті пайдаланатын заң жобасы деп ойлаймын, – деді Т.Адамбеков.

Бұл орайда комитет төрағасы Нұртай Сабильянов қалаішілік автобустарға қатысты мәселе өзекті екенін айтты. Автопарктерге субсидия берілгенімен, оны ешкім қадағаламайтынын атап өтті. Сондықтан субсидия беру тәртібін реттейтін заңға өзгеріс енгізуді ұсынды.

– Өйткені субсидия автопарктердің шығындарын өтеп жатыр. Ал негізінде ол жаңа техникалар алуға жұмсалуы керек. Жоба бойынша жұмыс енді басталды. Әр мәселеге байланысты талдау жүргізіп, талқылау барысында жіті қараймыз. Мемлекеттік бақылау автотасымалдаушылар палатасына мүшелігін растауды ғана жүзеге асырып, соны ғана бақылайды екен. Ол дұрыс емес, барлық тасымалдаушы қадағалануы керек. Сол себепті автотасымалдаушылар палатасына қойылатын талаптарды да күшейту қажет. Олар жалпы заң бойынша жұмыс істеуге тиіс, – деді Н.Сабильянов.

Жиынға мәжілісмендермен қатар мүдделі мемлекеттік органдардың, кәсіби қоғамдастық пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында айтылған ұсыныстарды Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков бастаған жұмыс тобы қарайды.

 

 

 

Мәжілістің Баспсөз қызметі – 74-63-04. Фото Т. Таныбаев.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі