Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
10.10.2023

Мәжілісте жаңа Бюджет кодексінің жобасы таныстырылды


Астана, 10 қазан, Мәжіліс үйі. Мәжілісте жаңа редакциядағы Бюджет кодексі мен оған ілеспе заң жобасының таныстырылымы өтті. Жиынға Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев жетекшілік етті.

Мемлекет басшысы бюджеттің проблемалық мәселелеріне бірнеше рет назар аударып, жаңа Бюджет кодексін әзірлеу міндетін қойған еді. Мәди Тәкиев Президенттің қыркүйектегі Жолдауында жаңа Кодекс бюджет процесіне қатысушылардың ашықтығын, жауапкершілігі мен дербестігін арттыруға тиіс екенін және бюджет саясатының тиімділігін одан әрі арттыру үшін үнемі жаңа тәсілдер мен мүмкіндіктерді іздеу қажеттігін атап өткенін еске салды.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин соңғы жылдардағы түзетулер нақты сипатта және өзара байланысы нашар болғандығын айтты.

Мұның бәрі елдің бюджет жүйесін түсініксіз еткендіктен оны тұтас құжатқа айналдырудың қажеттілігі туындап отыр. Ол үшін заңды әзірлеуші қолданыстағы Кодекстің шарыраңқы және фрагменттік ережелерін бір жүйеге келтіріп, нақтылаушы нормаларды заңнан туындаған нормативтік құқықтық актілер деңгейіне түсірілді. Вице-министрдің айтуынша, құжат шекті әрі икемді болып, жалпы мазмұны 28 пайызға оңтайландырылған.

– Құжаттың мазмұндық жағына келетін болсақ, мұнда бірнеше маңызды міндет тұрды. Біріншіден, бюджет процестерін жеңілдету. Мемлекеттік және уәкілетті органдар бюджет қаражатын жедел бақару үшін бюджеттік бағдарламаларды ұлғайтуға күш салуы керек. Бұл үшін біз жаңа құрал – шығыстарға шолуды енгіздік. Ол міндетті түрде бюджеттік, стратегиялық және инвестициялық бағыттар бойынша жүргізілетін болады. Бұл процесте әрқайсының өз орны, міндеті мен мақсаты бар, – деді Азамат Әмрин.

Бюджеттік процесті 1 маусымда – әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қалыптасқаннан кейін бастау ұсынылды. Бұл шығыстар лимитін блоктарға бөлу арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ екі бөлек құжатты – бюджеттік бағдарлама мен бюджеттік өтінімді біріктіру жоспарлануда. Бұл ретте даму жоспарын тұрақтандыру және бюджеттік бағдарлама форматын өзгерту арқылы стратегиялық және бюджеттік жоспарлаудың өзара байланысы қамтамасыз етіледі.

– Тұтастай алғанда, бюджетті жоспарлау процесі жүйелі әрі нақты нәтижеге және оны қаржыландыруға бағытталып, ал Бюджет кодексі стратегиялық құжатқа айналады. Неліктен? Нормалар дәйекті түрде орналастырылған. Алдымен бюджеттік процеске тікелей байланысты стратегиялық жоспарлау элементтері, сосын мемлекеттік қаржы негіздері, содан кейін ғана – бюджеттік жоспарлау, – деді вице-министр.

 Сонымен қатар заңнамалық өзгерістер аясында мемлекеттік қаржыны басқарудың әдістемелік негізі жасалып, бюджет кірісінің есептілігі қамтамасыз етілді. Мемлекеттік инвестициялық жобалардың жүйелік кемшіліктері жойылуда. Жаңа құжатта нәтижеге бағытталған бюджеттеу қағидаттарын нығайту және нәтижелерді басқару құралдарын жетілдіру мәселелері де қарастырылған.

Азамат Әмрин Парламент қарайтын құжаттардың тізбесін кеңейтіп жатқанын айтты. Бұл оның бюджетті бақылаудағы рөлін күшейтеді. Жылдық есепті қарау кезінде бюджеттен алынған қаражат бойынша ірі квазисектор субъектілерінің басшылары, Ұлттық банк, Жоғарғы аудиторлық палата және Жоғарғы Сот төрағалары тыңдалады.

 Жалпы жаңа Бюджет кодексін іске асыру үшін 205-тен астам ереже қабылданады. Құжат нормаларын іс жүзінде тиімді қолдану үшін нәтижелерді бағалауды жүргізетін уәкілетті органдардың жұмысын қайта құру қажет.

 Сондай-ақ жоғары сапалы нормативтік базаны әзірлеу керек. Ілеспе заң жобасы аясында 26 заңға түзету енгізіледі. Олардың жеке блогы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін біріздендіруге қатысты. Ал «Концессиялар туралы» заң жойылады. Бұл мәселелердің барлығы алдағы уақытта Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Татьяна Савельева бастаған жұмыс тобында қаралады.

 

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-04. Фото Т. Таныбаев

 

 

 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі